Бір жерде табан ауыстырмай жарты ғасырға жуық еңбек ету өте сирек кездесетін жайт. Бұл адамның өз жұмысына деген адалдығын, сүйіспеншілігін аңғартады. Бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны жазулы. Қақпатас ауылының тұрғыны Жаңылсын Сабирова 42 жыл ғұмырын пошта саласына арнаған жан.
Сырт көзге жеңіл жұмыс болып көрінгенімен, күнде әртүрлі мінезді адамдармен жүздесіп, ауыр газетті асынып, табанын тоздыра жүріп нәпақасын тапқан Жаңылсын апай қазір зейнет демалысында. Ақ көңіл, жүзінен мейірім төгіліп тұратын пошташыны ауылда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Тұрғындардың сый-құрметіне бөленген Жаңылсын Қадырқызына хат-хабарды діттеген жеріне жеткізуге қақаған аяз, қарлы боран, аптап ыстық та кедергі болмаған.
– 1970 жылы ауылдық поштаға жұмысқа кірдім. 10 жыл газет-журнал таратып, одан кейін зейнетке шыққанша пошта меңгерушісі болдым. Пошташыға деген жұрттың ықыласы ерекше болатын. Сондықтан да болар жұмысымды тиянақты атқаруға тырысатынмын. Ол кездері оқырмандар газетті асыға күтетін. Бір үй бірден бірнеше газет-журналға жазылатын. Қазіргідей бір сөмкені асынып, бірнеше көшені аралап шығу деген жоқ. Біз әр көшеге бір-бір сөмкемен баратынбыз. Мерзімді басылымдар келмей қалса, адамдар бірден шағымдарын жеткізетін. Сол уақыттарда газет-журналдардың халық өмірінен алар орны ерекше еді ғой… Одан басқа, елге зейнетақы, жәрдемақыларын тарататынбыз, хаттарын жеткізетінбіз. Сарыла күткен хатын алып, қуанған адамды көру мен үшін үлкен бақыт болатын,-дейді зейнеткер.
Жұмысына жауапкершілігі-мен қатар, ол шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеуші аяулы ана, адал жар болды. Жалпы Жаңылсын Сабированың жастық өмірі ауыр сынақпен өткен-ді. Жолдасы Жексен Тілепов оны 1968 жылы сонау Ресейдің Самара қаласынан алып келген. Екеуі отау құрып, екі ұл, бір қыздың ата-анасы атанады. Алла берген балақайлардың нағыз тәтті қылығын көретін шақта тағдырдың жазуымен 1979 жылы жары дүниеден өтті. Небәрі 29 жасында жесір қалса да, Жаңылсын апа сынаққа сынбады. Ұл-қызына жетімдікті сездірмей, жалғыз өзі ананың да, әкенің де рөлін атқара білді.
– Жеңгем жұмысына өте ұқыпты, бәрін тиянақты жасайтын кісі. Пошташы болып жүргенінде қай үйдің қандай басылым алатынын жатқа білетін. Газет-журналды діттеген жеріне, иесіне кешіктірмей жеткізбейінше тынбайтын. Оның бұл мінезін ауыл халқы түгел біледі. Өзінің жауапкершілігінің арқасында кезінде облыстан «Үздік қызметкер» атағын, жергілікті пошта басшысының алғыс хатын иеленген. Қиындықты да көп көрді. Алла сынақты тек көтере алатын пендесіне береді. Жастайынан жарынан айырылса да, тағдырдың ауыртпалығына еш мойымады. Ағамның қара шаңырағын қаңыратпай, ұл-қыздарын осы үйде өсірді, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды»,-дейді Жаңылсын апаның қайнысы, ауыл мешітінің имамы Жармахамбет Танекеев.
Бар өмірін, бар күшін балаларының тәрбиесіне арнаған асыл ананың перзенттері осы күні бір-бір үйдің тірегіне айналды. Әрқайсысы өмірде өз орнын тауып, әр салада абыройлы қызмет атқаруда. Бүгінде бір әулеттің алтын діңгегіне айналған Жаңылсын Қадырқызы 75 жасқа толып отыр. «Адамның бақыты балада» демекші, аяулы ананың тек бір тілегі бар, ол – ұрпағының аман-саулығы.
Сәуле Мұхадинқызы