БУЛЛИНГКЕ қарсы күрес – ортақ міндет

0

Жуырда еліміздегі балабақшалардың бірінде  бүлдіршіндердің өз қатарласын аяусыз соққыға жыққан видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының жағасын ұстатты. Бесіктен белі шықпаған балалардың бойында осыншама қатыгездік қайдан шықты?! Мұндайда буллингпен, қатыгездікпен күресті мектеп қабырғасынан емес, одан да ертерек бастау керек пе деген, ой келеді…

Мемлекет басшысы да қоғам дертіне айналып бара жатқан бұл мәселеге түбегейлі тосқауыл қою қажеттігін айтқан болатын. «Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, жандүниесіне орны толмас зиянын тигізеді және даму үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеледі»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында, оң-солын танымаған жас жеткіншек буллингтің кесірінен тіпті, өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

Қазір құлаққа түрпідей тиетін, төбе шашыңды тік тұрғызатын келеңсіз оқиғалардың көптігі сонша, оған көпшіліктің еті үйреніп кеткендей көрінеді кейде. Ал қатыгездік қайдан туады деген сұраққа келсек, мамандар мұның бірнеше себебін түсіндіреді. Ғалымдардың зерттеуінше, қылмыскерлердің 80 пайызы балалық шағында зорлық-зомбылық құрбаны болғандар екен. Яғни, кішкентай кезінде қатыгездік көрген бала өсе келе соны қайталайды.

Жуырда аудандық Мәдениет үйінде осы тақырып төңірегінде білікті мамандардың қатысуымен семинар өткен-ді. Сол жерде Қордай аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтың қорғау тобының аға-инспекторы Ынтымақ Қаден бала буллингтің құрбаны болғанын қайдан білуге болады, мұндай жағдайда не істеуге қажет?, деген сұрақтарға тұшымды жауап берген болатын. «Балаңыздың буллингтің құрбаны болғанын оның іс-әрекеттерінен байқауға болады. Оның қарапайым заттарға қызығушылығы жоғалса, оқу үлгерімі күрт төмендеп кетсе, түрлі сылтауларды айтып, мектепке барғысы келмесе – ата-ана дабыл қағуы керек. Егер ата-ана баласының буллинг құрбаны болғанын байқаса, онымен отырып  сөйлесу керек. Балалар көп жағдайда бұл тақырыпты қозғаудан қашады. Сол себепті, барынша талпынып, ашық диалог құру қажет. Сондай-ақ, бірден сіздің балаңызды ренжіткен баланың өзімен емес, оның ата-анасымен сөйлесу керек»,-дейді маман.

Қатыгездіктің тағы бір себебі – халықтың рухани құлдырай бастауы. Әрбір адам өзін ғана, өзінің жеке басының пайдасын ойлаудан аса алмауда. Мәселен, көшеде біреуге көмек қажет болса да, бұрылып, жағдайды сұраудың орнына, ортекедей орғып өте шығамыз. Бұл ретте әлеуметтік желінің де әсерін тыс қалдыра алмаймыз. Сананы улаған желі баланы жұтаң ойлы, теріс пиғылды етіп, қатыгез қылып тәрбиелеуде. Қазіргі ата-аналардың көпшілігі азаннан кешке дейін балаға телефонды беріп қойып, одан не көріп жатқанын бақыламайтыны өкінішті. «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген дана сөз бар халқымызда. Сондықтан, ата-ана біріншіден өзін тәрбиелей отырып, балаға тиісті көңіл бөліп, оған деген қамқорлығын сезіндіру, баланың жалғыз еместігін санасына сенімді түрде сіңіру керек сыңайлы.

Адам бойындағы ең ізгі қасиеттер – мейірім мен махаббат екендігін, әсте, ұмытуға болмайды. Олай болса, қатыгездік синдромымен  бүкіл қоғам, жалпы халық болып күресуіміз абзал.

Инаят Серік

Leave A Reply

Your email address will not be published.