«КORCEM» зауытындағы кездесу

0

ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізу керек. Осы мақсатта аудан аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

3 сәуір күні Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасымен Қарасу ауылдық округі маңында салынып жатқан «КORCEM» зауыты аумағында жұмыспен қамту мәселесі бойынша арнайы кездесу өткен болатын. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, мекеме мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары және зауыт өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Дамира Маратқызы Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында аудан аумағында қолға алынып жатқан жұмыстарға сәйкес аталмыш кездесудің өтіп отырғанын айтып, жалпы мақсатына тоқталып өтті. Осыдан соң «КORCEM» зауыты өкілі Тимур Кузыбаев арнайы дайындалған презентацияны көпшілік назарына ұсынды. Сингапурлық инвесторлар қаржысына салынып жатқан бұл зауыттың ауқымы зор. Бұл елімізде бой көтеріп жатқан үшінші зауыт екен. Т.Кузыбаевтың айтуынша тіпті Тәжік елінде де аталмыш компания осындай зауыт салып, іске қосқан.

Ең соңғы заманауи технологиялар қолданылатын, қоршаған ортаға зияны жоқ өндіріс орны жұмысын бастаған кезде М400, М450 және М500 маркалы цементті нарыққа шығармақ. Барлығы автоматты түрде іске асатын зауыт жұмысы орталық пульт арқылы басқарылатын болады.

Енді, жиынның басты мақсатына тоқталсақ. Ол – жұмыспен қамту мәселесі. Әсіресе, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту негізгі алғышарт екені айтпаса да белгілі. Зауыт алғашқы жұмысын бастаған тұста 231 адамды жұмыспен қамтимыз, деп отыр. Өйткені зауыт аумағында бірнеше цех іске қосылмақ. Ол өз кезегінде тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беретін болады. Ал, оларды үйрету тәжірибелік тұрғыда іске асады. Яғни, шетелдік мамандар сол орында  әр цехты атқарылатын жұмыстың қыр-сырын үйретеді. Ал, зауыт толығымен іске қосылған кезде 600-ге дейін адам онда жұмыспен қамтылмақ. Депутаттар мен өзге де жиынға қатысушылар тарапынан қандай мамандық иелеріне басымдық беріледі және жалпы жұмыс жағдайы қалай болады, деген сұраққа зауыт өкілдері нақты жауаптарын берді. Мәселен, геологтар мен тау инженерлеріне мұнда басымдық берілмек. Сонымен қатар, бухгалтер, статист, медициналық қызметкерлер мен аспаздар, лаборанттар да қажет болады, дейді олар.

Жұмыс вахталық әдіспен ұйымдастырылып, алыстан қатынайтындарға жатақхана берілмек. Халал және халал емес асхана да осында бой көтеретін болады. Зауытта тұрақты жұмыс істеп, өзін жақсы жағынан көрсеткен жандардың жалақысы да өсіп отырады екен. Ал, жұмысшыларды қабылдау жаз айларында басталмақ. Өйткені, ағымдағы жылдың тамыз бен қараша аралығына зауыт өз жұмысының алғашқы бөлігін бастап кетуге даяр.

Жиын соңында Дамира Сүгірбай зауыт өкілдеріне «Еңбек кз» арқылы жұмысты жүргізу, жас мамандарды даярлауға серіктестік тарапынан қолдау көрсету бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ал, кездесуге қатысқан серіктестік өкілі Чен мырза 2014 жылдан бастап Орта Азияда осындай үлкен жобаларды қолға алып келе жатқандарын айтып, оның барлығы сәтті жүзеге асқанын жеткізіп, қолдау көрсеткені үшін аудан басшылығына алғысын білдіріп, одан әрі ынтымақтастық жолында жұмыстар жемісті боларына сенім білдірді.

Айта кетсек, аталмыш зауытқа жұмысқа орналасу «Мансап» орталығы арқылы іске асатын болады. Қандай мамандықтар қажет, қандай вакансиялар ашылады, ол турасында қосымша хабарланады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.