ТҰНЫҚ ОЙДЫҢ КӘУСАРЫ

0

Тіл – тұнық ойдың кәусары деген ойды саралайтын болсақ, неге тілді тұнық ойдың кәусарына теңеп отыр екен, деген сауал туындауы мүмкін.  Кәусар сөзі таза, тәтті, мөлдір ұғымдарын білдіретін бейнелі сөз. Ауыз әдебиетінде де, қазіргі жазба әдебиетте де қолданылады. Діни мағынасында – жәннаттағы қасиетті су.

Тіл – қарым-қатынас құралы. Ал, елімізде тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі.   Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырдан асқан уақыт болды. Мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жарияланды.  Бұл тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп, дөп басып айтты. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жұмыстардың жалғасын табатынын ашып айтты. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ.  Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Бірақ ата-бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле-өлгенше қорғап өтті емес пе? Осыған бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны қазіргі кезде некен-саяқ.  Себебі, көшеде бір қателіктер көріп жатсақ, үйреншікті нәрседей, бейқам жүре береміз. Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама. Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім:

«Ана тілінде ата-баба сыры бар,

Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.

Өсе келе құстың тілін білсең де,

Ана тілсіз оның қандай құны бар».

Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емес пе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Тіл – тұнық ойдың кәусары болғандықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесі биік, тұғыры мықты болуы шарт. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен деймін. Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

А.ТОҚБАЕВА, Қордай ауданы әкімдігінің тілдерді дамыту орталығы мен №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.