САҚМАНДА ҚЫЗУ ЕҢБЕК

0

Төрт түліктің басын көбейту – аудан шаруаларының алға қойған басты мақсаты. Ал, бүгінде қарқын алған мал төлдету науқаны осының бірден-бір дәлелі десек артық айтқандық болмас. «Мал өсімі төлден» деген қағида қай-қайсымызға да жақсы белгілі. Осыны есте берік тұтқан жерде төл алу науқанына әзірлік те жақсы бағыт алған.

Мысалы, Қасық ауылдық округіне қарасты «Есімхан» шаруа қожалығында осы жауапты кезеңге дайындық ісі ақпан айында басталып кеткен. Қоралар тазаланып, жас төлдер үшін орын дайындалып, жем-шөп молынан әкелінді. Қыс мезгілі ұзаққа созылғанымен жем-шөп жеткілікті болып, мал тоқ болды, сондықтан да оның қоңы тайған жоқ. Енді міне наурыз айының алғашқы апталарында қозылар туыла бастады.

Ануар Бальтаев жетекшілік еткен шаруа қожалығында бір отар «еділбай» тұқымдас қойы бар. Оның 500 басы саулық қойлар. Науқан басталысымен қожалыққа үш сақманшы тартылып, жұмыс қыза түсті. Істің алғашқы алысы жақсы. Саулықтар күні-түні төлдеп, 100 бас қойдан 105-110 қозы туылып келеді. Әр қозыны санап, санақ жүргізіп жүрген шопан Русланның айтуынша, тәулігіне шамамен жиырма шақты қозы туылуда. Бұл істе шопанға жары Оксана және де кішкентай баласы Исмаил де көмектеседі.

— Біздің шаруа қожалықтың ашылғанына екі жыл болды. Асыл тұқымды «еділбай» қойларын алған болатынмын.Саулықтардың көбі төлдеді. Бастысы шығын көп емес. Бәрі ойдағыдай болса, ай соңына дейін саулықтар түгелдей қоздауы керек, – дейді Ануар Бальтаев.

Шаруа қожалық басшысы малды асылдандыру жұмысына ерекше ден қоюда. Мал шаруашылығымен айналысқанына көп уақыт болмағанымен оның айтуынша, бұл – қанына сіңген кәсіп екен. Себебі, Ануар Бальтаевтың әкесі Болат Оразалиев «Талапты» совхозында өмір бойы шопан қызметінде жүріп, еңбек ұжымының бетке ұстар қызметкері болған.

Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша ауданда 500 мыңға жуық ұсақ мал бар және оның саны жылдан жылға артып келеді екен. Оған мемлекет тарапынан төленетін субсидия өз септігін тигізуде. Атап айтсақ, мал шаруашылығын асылдандырудағы селекциялық жұмыстарға ерекше мән беріліп, аудандағы асыл тұқымды және тауарлы мал шаруашылықтары әр бас малға қаржылай көмек алады.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.