МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ НАСИХАТТАУ

0

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра.   Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Тіл өте қажетті құрал, өйткені тіл арқылы бір- бірімізбен әңгімелесе аламыз.

Қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі екендігі Конституцияда заңдастырылған. Мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі. Мемлекеттік тілді өркендетсек өзге ұлт адамдарымен осы тіл арқылы қарым — қатынаста боламыз. Қазіргі таңда еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Ата заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл —  халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі — ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Қазақ тілі — тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл, ортақ тіл. Қазақстанда тұратын, Қазақстанды Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай «Қазақстанның болашағы —  қазақ тілінде». Сондықтан тілімізді қадірлей білуіміз керек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білуі шарт. Мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сонда мемлекетік тіл — татулық тірегі болды деп айта аламыз. Тілге деген құрмет — халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі — ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты бүгінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ұдайы назарда. Сондықтан, барлық мемлекеттік мекемелер, басқа да ұйымдар, азаматтар Ата Заң аясында қабылданған «Тіл туралы» заңның талаптарына сәйкес, қазақ тілін дамытуға атсалысуға міндетті.  Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту еліміздің Тәуелсіздік алған күнінен бастап көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта республикамызда мемлекеттік тіл қолданысының дамуын табысты іске асырудың құқықтық негіздері қалыптасып, оның дамуы мен нығаюына бағытталған біршама заңдар мен қаулылар қабылданғаны баршамызға аян.

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге Қордай аудандық соты да өз үлесін қосып келеді. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланып, табанды түрде жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, соттағы кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, соттардағы қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері де қадағаланып отыр. Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді. Сот қызметкерлері арасында қазақ тілінде іс қағаздарды жүргізуді сауатты да дұрыс қолдана білу қолға алынған. Сот ғимаратында сотқа келушілерге арналған хабарламалар, шағым үлгілері — мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде жазылған. Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен мекеме ішінде рәсімделетін кіріс-шығыс құжаттарының сауатты дайындалуы мемлекеттік тілге бағытталған сұраныстың деңгей-дәрежесін байқатады.

Аудандық сотта мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында ағымдағы жылға арнаған жұмыс жоспары құрылып, соның негізінде шаралар атқарылуда. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сот өндірісінің негізгі тілі –мемлекеттік тіл екенін түсіндіру мақсатында мақалалар жиі жарияланып отырады. Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуын насихаттау, сотта іс қараудың жариялылығын, ашықтығын, іс жүргізудің тәртібін дәріптеу мақсатында қызмет бабындағы мәжіліс, жиналыс, іс-шаралар жоспары мемлекеттік тілде жасалып, семинар сабақтары өткізіліп тұрады.

Қордай аудандық сотының судьялары мен сот қызметкерлері сот жүйесіне деген бұқараның сенімін нығайтып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында болашақта да жүйелі түрде жұмыс атқаратын болады.

«Өзге тілдің бәрін біл — өз тілінде құрметте» дегендей мемлекеттік органдарға және аудан тұрғындарына сотқа мемлекеттік тілде жүгінуді ұсынамыз.

Е.ІЛИЯСОВ, Қордай аудандық сотының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.