АУДАН ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАТЫН ЖОБА

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кеңейтілген мәжілістердің бірінде экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестицияға айрықша назар аударып, нақты инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейту керектігін атап өткен болатын.

Ірі инвестициялық жобалардың жанынан жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, шағын және орта жобаларды жүзеге асыруды ұйымдастыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларының маңыздылығын да атап өткен еді. Сондай-ақ, аудандарда арнайы экономикалық аймақтар құру, бюджет шығындарын тиімді игеру, өңірлердің әлеуетін ұтымды пайдалану керектігіне де айрықша көңіл бөлді.

— Инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру – басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуы тиіс. Басты міндет – тұрғындардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу.

Инвестиция тарту бойынша аудан әкімдеріне белгіленген мерзім ішінде орындауға тиіс КРІ белгілеп, нақты міндеттер қойдық. Келесі жылы инвесторлармен лайықты түрде жұмыс істей алмаған басшыларға шара қолданылады, — деген Ербол Қарашөкеев аудан әкімдеріне нақты талап қойған болатын.

Осы ретте Қордай ауданында инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан басшылығы алыс-жақын шетелден келген инвесторлармен көптеген келісімсөздер жүргізіп, аудан әлеуетін арттыратын жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жүр.

Мәселен, өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев Қытай Халық Республикасынан келген «Hicheng Mining» компаниясының өкілі Чен Джиаченг есімді инвестормен жүздесті. Тау-кен металлургиясымен айналысатын қытайлық инвесторлар Қордай ауданындағы алтын кен орындарына деген қызығушылығын танытты. Көпшілікке белгілі, ауданымызда алтын кен қорлары жетерлік. Алайда, олар толыққанды зерттеуді, геологиялық жұмыстар жүргізуді қажет  етеді.  Мысалы, Қарасу ауылдық округіне қарасты «Майбұлақ шығыс» атты жерде алтын кен орындары бар. Жұлдызбек Бақаев облыстық табиғи ресурстар басқармасының өкілдерімен бірге қытайлық инвесторларды аталған кен орнына апарып, көрсетіп қайтты. Қытайлықтар геологиялық зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізіп, таудағы тастарды жинап, сынамаларды тексеру керектігін айтты. Осыдан кейін инвесторлар Тараз қаласына бет алып,  облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауына барды. Ол кездесуде өңір басшысы Жамбыл облысы химия өнеркәсібі бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардың бірінде екенін, алтын өндірісі, металлургия өнеркәсібінде әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Ауданда тау-кен орындарын ашу үлкен мүмкіндіктер берері рас. Ауданға инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындар ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күнде аудан басшылығының бұл басты мақсаты.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.