Өз басын қатерге тіге отырып, кез-келген сынаққа дайын болу, мамандыққа адалдық таныту – төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлеріне қойылатын басты талап. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында күнделікті қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген мамандық иелерімен сұхбаттасуды жөн көрдік.
«Еңбекқорлық, батылдық, жылдамдық – бұл құтқарушының бойында табылуы тиіс негізгі қасиеттер», — дейді Қордай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Иманқұлов. Қанат Кәрібайұлы басқаратын құтқарушылар тобының әр күні таңғы сағат 8:00-де сап түзеп, кезекшілік қабылдаудан басталады. Бөлім қызметкерлері барлық ауылдық округтерге хабарласып, қай жерде қандай жағдай орын алғанын анықтаған соң, құтқарушылар елді мекендер бойынша бөлініп, жұмыстарына кіріседі.
Азаматтық қорғау органында тер төгіп жүргендер жұмыстарына жан-тәнімен берілген. Мәселен, бөлім басшысы Қанат Иманқұловтың бұл салада жүргеніне 17 жыл болса да, оның қызметке деген құлшынысы еш кеміген емес. «Мен еңбек жолымды Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар басқармасында инженер болып бастадым. Одан кейін әр жылдары Қордай, Жамбыл, Жуалы аудандарында инженер, қарауыл бастығы, бас маман қызметтерін атқардым. 2019 жылдың қаңтар айынан Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Осы жылдар ішінде жұмыс барысында түрлі оқиғаларға куә болдым. Біз әр күніміздің қалай өтетінін білмейміз. Ауысымға келе сала қызу жұмыс басталады. Әр маусымның өз қиындығы бар. Ерте көктемнен су тасқынының алдын алу шараларын жүргізсек, енді міне өрт қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды бастап кеттік. Күзінде жылыту маусымы, қыста бұрқасын боран салдарынан орын алатын төтенше жағдайлармен күресеміз. Яғни, біздің жұмыс уақыт талғамайды, сондықтан төтеншеліктер 24 сағат бойы кез-келген жағдайға сақадай сай тұруға дағдыланған»,-дейді бөлім бастығы.
Әңгіме барысында Қанат Иманқұловтан қызметте ерекше есінде қалған оқиғаларды сұрап көрдік.
«2017 жылы Жуалы ауданы Көксай шатқалында әскери жаттығу кезінде қар көшкіні жүрген болатын. Сонда 17 әскери қызметкер қар астында қалып қойды. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде 10 адамды құтқардық, 7 адам өкінішке орай қаза тапқан еді. Ол уақытта мен Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы болдым. Бұл оқиға еңбек жолымдағы ең қиын құтқару операциясының бірі болды. Бұдан бөлек, 2018 жылы сәуір айында Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының 182 шақырымында ірі жол апаты болды. Біздің бөлімге апаттың орын алғандығы туралы хабар түсіп, шұғыл оқиға орнына аттандық. «Mersedec Sprinter» маркалы шағын автобус аударылған екен. Оның салонында бір жүргізуші мен 18 жолаушы болған. Жолаушыларды құтқарып, Қордай аудандық ауруханасына және Гвардейский кентіндегі медициналық-санитарлық бөлімге жібердік. Өкінішке орай, адам шығыны да болды, 3 азамат қаза тапты. Автобуста болғандардың екеуі — Қазақстан, қалғандары Өзбекстан азаматтары еді. Өздеріңізге белгілі биылғы қыста қатты боран мен аяз салдарынан жол бойында мыңдаған жолаушылар қар құрсауында қалып, Қордай, Шу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару операциясы біз үшін күрделі болды. Облыс аумағында тартылған күштер мен құралдардың бірлескен жұмысымен барлығы 3000-ға жуық адамды құтқардық, арнайы ашылған жылыту пунктеріне жеткіздік, оның ішінде 185 бала, 39 шетел азаматы бар. Сол кезде біздің қызметкерлер өз өмірлерін қатерге тіге отырып, 48 сағат бойы құтқару жұмыстарын жүргізді. Әріптестермен жұмыла әрекет етіп, барлық қиындықтарды еңсердік. Адамдарды төнген қауіптен арашалау, құтқарғаннан кейін олардың алғысын алудың өзі ерекше сезім»,-дейді азаматтық қорғаныс лейтенанты. Кейіпкеріміздің оқиғаларын тыңдай отырып, бүгінгі күннің батырларының ерлікке толы еңбегі әркімнің қолынан келе бермейтініне көзіміз жетті.
Қанат Иманқұловтың айтуынша, бүгінгі таңда аудан бойынша ең көп орын алатын төтенше жағдай – өрт оқиғалары. Жыл басынан бері Қордай ауданында 17 өрт оқиғасы тіркелген. «Ең қиыны – орман және дала өртін ауыздықтау. Жел соқса, қызыл жалын одан әрі күшейе түседі. Жаз айларында өрт бойынша тәулігіне 7-8 қоңырау түседі. Сондықтан, біз аудан тұрғындарына көктем-жаз айларында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз».
Тұрғындар өміріне араша түсу үшін аяқтарынан тік тұрып, жанқиярлықпен халыққа қызмет ететін азаматтық қорғау органы қызметкерлері қашан да мақтауға лайық. Отқа да, суға да түсіп, дамылсыз жұмыс істейтін бейбіт күннің батырларының еңбегі еленіп, ел алғысын арқалай берсін демекпіз.
Сәуле Мұхадинқызы