Жыл сайын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында от пен оқтың ортасында жүріп, ерен ерлік көрсеткен, өшпес даңққа бөленген соғыс ардагерлері туралы қалам тербеу өзгермес дәстүрімізге айналған. Уақыт өткен сайын жеңісті жақындатқан жандардың қатары сирей берді. Өкінішке қарай, бүгінде ауданымызда көзі тірі соғыс ардагері қалмады. Бірақ, олар жайында жазылған мақалалар жауынгерлердің жарқын бейнелері мен бекзат болмысын ел жүрегіне жақындата түсетіні хақ.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Бейсебаевтар әулеті аталары, соғыс және еңбек ардагері Әбілда Бейсебаевтың рухына тағзым етіп, ерен ерліктерін еске алады.
Әбілда Бейсебаев 1921 жылы 1 қаңтарда Георгиевка ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1941 жылы желтоқсан айында шақырылған. Шымкент қаласында қорғасын зауытында үш айлық әскери дайындықтан өтіп, Белоруссия майданындағы Пенза қаласының 364-полкіне жіберілді. Одан Украина бағытындағы Оңтүстік майданға келді. Осында Ростов-Дон қаласында жараланып, ұзақ уақыт госпитальда жатады. 1943 жылы тамыз айында елге оралған. Өр мінезді қазақ жігітінің ерлігі еленбей қалмады. Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткеніне 50 жыл», «Маршал Жуков» және де бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Осыдан 14 жыл бұрын «Қордай шамшырағы» газетінің бірінші бетінде «Ең бастысы соғыс өрті шалмасын» атты мақала жарық көрген-ді. Мақала Амангелді көшесінде тұратын соғыс ардагері – Әбілда Бейсебаевтың үйіне мектеп оқушыларының конаққа келуі туралы. Сол кезде ардагер оқушылармен соғыс кезіндегі естеліктерімен бөліскен.
«Соғыс басталғанда мен 20 жаста едім. Бұл соғыстың алғашқы күндері болатын. Мені Беларусь майданына жіберді. Ештеңе де оңай болған жоқ. Батпақ кешіп, ашқұрсақ, жаралы болғанымызға қарамастан, жауды туған жерден қуып шығуға бар күшімізді салдық. Майданда небір оқиғалар болып жатты. Бір әңгіме айтып берейін, мүмкін күлкілі болар, бірақ сол кезде менің туыстарыма ол күлкілі бола қоймады. 1943 жыл еді. Б.Момышұлы басқаратын дивизияны майданның Шығыс аймағына, бізді Батысқа қарай жіберді. Осы жерде мен жараланып, есімнен танып қалдым. Мені госпитальға алып кетеді де, сол жерде ұзақ жатып қаламын. Ал үйге «қара қағаз» жіберіпті. Үлкен әжеміз ол хатты пошташыдан тартып алып, ешкім көрмесін, қайғырмасын деп тығып қояды. Осыған дейін ол үлкен ағамызға келген «қара қағазды» да осылай тығып қойған. Біз анамыздан екеу ғана болатынбыз. Соғыс аяқталып, екеуміз де елге аман-есен, наградалармен оралдық. Сол кезде ғана әжеміз қара қағазды шығарып тұрып: Сендердің аман келетіндеріңді сезген болатынмын, деді» — деп қызықты оқиғаларын баяндаған Әбілда ата.
Әбілда Бейсебаев соғыстан кейін «Путь Ленина» колхозында жұмыс істеген. Жан жары Сүйімтайды кездестіріп, 1950 жылы екеуі шаңырақ көтерді. КирГУ-дың география факультетіне сырттай оқуға түсті. Оны аяқтаған соң Абай атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Оған мектеп жанынан құрылған интернатқа меңгеруші болуды сеніп тапсырады, сол жерде зейнетке шыққанға дейін қызмет атқарды. Сұрапыл майданнан елге аман оралған ардагердің қалған ғұмыры ұстаздық етумен, шәкірттерге тәлім-тәрбие берумен өтті. Бір ұлы мен қызын тәрбиелеп өсірді. Ұлы Нәсіпхан Бейсебаев құқық қорғау органында қызмет етсе, қызы Сабыркүл Бейсебаева әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған.
2011 жылы 16 сәуір күні Әбілда атаны сұм ажал бұл фәниден алып кетті. Ардагердің ерлігі бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым мақтанышқа айналған ерлік десе де болады. «Менің әкемдей майдангерлердің арқасында, міне, Ұлы Жеңістің 79-шы көктемін қарсы алып жатырмыз. Әкем соғыс жайында көп ашылып айтпаса да, үнемі өзінің шәкірттерін, бізді елді қорғауда тайсалып қалмауға шақырып, отансүйгіштікке тәрбиелеуден жалықпайтын. Ең бастысы соғыс болмасын деп елдің тыныштығын тілеп отыратын. Біз әкемізбен, немерелері аталарымен әрдайым мақтанады», — дейді Сабыркүл Әбілдақызы.
Сәуле Мұхадинқызы