ШЫНҚОЖА ӘУЛЕТІНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

0

Анамыз туралы оның туғанына 100 жыл толуына орай айтып беруді жөн көрдім. Өкінішке орай, мұндай ой бізде бұрын болмапты. Бірақ  қазір, жылдар өткен соң ғана, біздің өмірімізде Шынқожа отбасының үлкен анасы Жәміш Абданбайқызы Абданбаеваның орны ерекше болғандығын, оның алдында қарыздар екендігімізді түсіндік. Анамыздың өмір жолы әрі қарапайым, әрі күрделі. Красногор ауданының Қарасулы ауылында туып өскен Жәміш Абданбайқызының  отбасы кейіннен

Ворошилов (Үлкен Сұлутөр) ауылына, содан соң Талапты (Әлжан ана) ауылына көшіп барады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Жәміш апа 8-сыныпқа көшкен-ді. Сұм соғыстың басталған уақыты мектептердегі бітіру кештерімен сәйкес келгендігі соғыс туралы фильмдерден, тарих оқулықтарынан естеріңізде болар. Ол кезде жаңадан 9-сыныпты бітірген жігіттерді, ер мұғалімдерді соғысқа әкетіп отырды. Мектептер, үйлер, ауылдар қаңырап бос қалды.

Аудан орталығында оның сыныбынан үш қыз, ал бүкіл мектептен 30 адам әскери дайындық курстарына қабылданды. Дайындық курсы аяқталған соң Жәміш апаға әскерге шақырылушыларды, әйелдерді оқыту тапсырылды. Өзі де әлі оқушы бола тұра математика және физика пәндерінен сабақ бере бастады. Өйткені ол осы пәндерді өте жақсы білді, сыныптастарының арасында үздік еді. Ал оның сыныбын жауып тастады, өйткені әскерге шақырудан кейін  сыныбында 5-ақ оқушы әрі тек қыздар қалған болатын. Жәміш апаның педагогикалық еңбек жолы 1941 жылы бас-талды десе де болады. 1942 жылдың наурызында ресми түрде оқытушы болды.

Анамыздың арманы жоғары білім алып, ұстаз болу еді… Сол арманы бірнеше жылдан кейін орындалды. Жәміш Абданбайқызы – өмірінің 40 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз.

Ново-Александровкада өзі әлі тиісті білім алмай тұрып, 5-6 сыныптарда физика мен математикадан сабақ бере бастады. Мектеп 7 жылдық болатын. Жәміш апа келесі жылы бес айлық курстарға түсіп, білімі туралы алғашқы құжатын алады. Содан кейін Жаңатұрмыс ауылында мұғалім болды.  Отбасы Талапты (Әлжан ана) ауылына көшіп барғанда да оқытушылық қызметін жалғастырды. Сол кезде мектеп директоры Тлеубаев Нұрақ Тлеубайұлы болатын.  Ол жас мұғалімнің білімі мен тәжірибесін бағалай отырып, оған жоғары сыныптарды оқытуды сеніп тапсырды. Жоғары сынып оқушыларымен 5 жыл жұмыс атқару Жәміш Абданбаеваның ойынша, үлкен жауапкершілік болатын.

Ол өзінің пәні бойынша балалардың математикаға деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілеттерін, эрудицияларын дамытуға тырысты. Оқушыларды сандар әлеміне тарта отырып, ол мектеп математикасы қазіргі ғылымның кез-келген саласын және адамдардың ақпараттық, экономикалық, өндірістік қызметінің өркениетті саласын түсіну мен енгізудің алғашқы және қажетті қадамы екенін айтып үйретті. Жәміш Абданбаеваның сабақтарында мұғалім қатал әрі талапшыл болғандықтан емес, сабақтарының қызықты және тартымды өтілуі… Ол сабақ барысында балаларға ойларын еркін жеткізіп, өздерін көрсете білу мүмкіндігін берді. Ұстаздың шәкірті, Қазақ мемлекеттік университетінің математика пәнінің оқытушысы Сара Сатигулова конференцияда сөйлеген сөзінде өзінің педагогының арқасында ҚазМУ физика-математика факультетінің доценті болып, осындай жетістіктерге жеткенін айтты. Сүйікті мұғалімінің ізімен оның шәкірттері Амангелдиев Әлімжан, Ақтай Шолпанқұлова да жүрді, олар Жәміш апамен бір мектепте жұмыс атқарды. Мен мұғалім ретінде мұндай нәтижелер ұстазға берілген ең жоғары баға деп айта аламын.

Жәміш апа бар көңілін, уақытын ұстаздық қызметке арнаған жан. Өз отбасына тиісті көңіл бөліп, қалағанындай қамқорлық таныта алмағанына іштей қынжылып, өзінің өтінішімен бастауыш мектепке ауысады.

Жұбайы Төребек Шынқожа – Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданда 1942 жылдан 1945 жылға дейін, 4 жыл болды. Ол үшін соғыс Австрияда бітті. Демобилизациядан кейін Төребек ата Отанына оралды. Көп ұзамай үйлену тойын жасады, бірінен соң бірі балалар өмірге келді. 4 ұл, 2 қыздың ата-анасы атанды. Соғыстан кейінгі ауыртпалықты көрген отбасы темірдей берік, болаттай мықты болды. Отағасы саудада, аналары мектепте еңбек етті.

Адал еңбекті ту еткен шаңырақта өзіндік отбасылық дәстүрлер де сақталды, олардың бастысы — үлкендерді құрметтеу, еңбекқорлық, қарапайымдылық, бір-бірінің алдындағы жауапкершілік. Барлық балалар жоғары білім алды. Үлкен ұлы Мұратхан аға ауыл шаруашылығында еңбек етті, оның жұбайы неміс тілінің мұғалімі болды. Олардың отбасыларында 4 қыз өсті. Екінші ұлы Асқар аға мал дәрігері, ал жұбайы ұстаз болды. Олар 3 бала тәрбиелеп өсірді. Үшінші ұлы Сайлау аға жүргізуші, жұбайы медбике болды, 4 бала өсірді. Үлкен қызы Әсемкүл әпке – бастауыш сынып мұғалімі, оның 4 баласы бар. Екінші қызы Шынар – экономист-есепші. Оның отбасында алты бала.

Менің жұбайым Қуатбек ішкі істер органдарында жұмыс істеді, Қордай ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы болды, запастағы полковник. Біздің үш баламыз бар. Мен бұл өсіп-өнген керемет отбасына 1986 жылы кіші келін болып түстім. Мен үшін қайын енем үлкен педагогикалық тәжірибесі болғандықтан, тәлімгер де болды. Мен университет бітіргеннен кейін Талапты ауылындағы мектепте жұмыс атқара бастадым. Ал, №3 Абай Құнанбаев атындағы мектепке директор болып тағайындалғанда, менің екінші анам атанған енем өзінің батасын берді. Мен үшін ол маңызды, әрі қымбат болды.

Қайын енем — КСРО Ағарту ісінің үздігі және Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды, бірнеше мерейтойлық медальдары бар, соның ішінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 50 жылдығы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 60 жылдығы»  мерекелік медальдары және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы ІІ дәрежелі «Ана медалімен». Елеулі еңбегі үшін көптеген Алғыс хаттар мен мадақтамалары бар.

Отбасындағы негізгі құндылықтар балаларға ерте жастан бастап сіңірілді. Сол құндылықтар өскен кезде өмірдің негізіне айналды. Шынқожа отбасында ешкім ажыраспағанын атап өткім келеді-отбасы өмір бойына құрылды.

Халқымызда: «Ата ― асқар тау, ана ― бауырыңдағы бұлақ, бала ― жағасындағы құрақ» деп айтады. Бұл даналық сөз біздің отбасымыз туралы айтылғандай.

Анамыздың бізбен бірге болмағанына қарамастан, оның бейнесі біз үшін қамқоршы періштеге айналды, ал іс-әрекеттері, қамқорлығы сынды асыл қасиеттері оның ұрпақтарына мұра болды, өшпес өнеге болып қала береді. Жарқын дидары жүрегіміздің төрінде сақталары анық. Біздің үлкен отбасымызда өз халқының және өз отбасының дәстүрлерін құрметтейді.

Жәміш апаның 24 немересі, 40 шөбересі өсіп келе жатыр. Анамыздың туған күнінде, 11 мамырда бүкіл үлкен отбасы – балалары-келіндері, қыздары-күйеу балалары, немерелері мен шөберелері, құдалары Жәміш апаның туғанына 100 жыл толуына орай еске алып, рухына Құран бағыштап,  үлкен дастархан басында жиналады.

Ғалия ШАРИПОВА, келіні

Leave A Reply

Your email address will not be published.