Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор – тек полиция қызметкері ғана емес, ең алдымен, сауатты педагог және жанашыр психолог. Жауапкершілігі жоғары жұмысты алып жүрген бұл азаматтардың негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау. КТІЖ инспекцияның қызметкері кім, ол қандай қасиеттерге ие болуы керек және оның жұмысы қаншалықты маңызды? Отан Қорғаушылар күніне орай, біз Қордай аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, майор Анастасия Басовамен кездестік.
Құқық қорғау органында жұмыс атқару -– 33 жастағы Анастасия Владимировна Басованың бала кезінен арманы еді. Ол Қордайда туып-өскен. Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетті «Заңгер» мамандығы бойынша сәтті бітіріп, туған ауылына оралады. Алдымен АІІБ-не іс-тәжірибеге келіп, екі жыл кеңседе жұмыс атқарды. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, аттестаттаудан сәтті өткен Настя, 2013 жылы «полиция лейтенанты» атағын алып, формасын киіп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы қызметіне белсене кіріседі. Осылайша, өзінің күш-жігерінің арқасында, оның бала кезіндегі арманы орындалды.
Бір кездері милиция жанындағы балалар бөлмесі, қазір кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция немесе біз үйренгендей, КТІЖ инспекциясы — ішкі істер бөлімінің құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады. Бұл бөлім кәмелетке толмағандар арасындағы бақылаусыздық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін арналған. КТІЖ инспекциясы қызметкерлерінің міндеттеріне жасөспірімдердің мінез-құлқына теріс әсер ететін немесе оларға қатыгездік танытатын қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балаларды қорғау кіреді. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың жұмысы көптеген қиындықтарға толы. Настя жұмыс барысында зорлық-зомбылық жағдайларымен жиі кездеседі. Майордың өзі жұмыстың эмоционалды жағынан ауыр екенін мойындайды. «Ата-аналарының кішкентай балаларды тастап кеткенін, кәмелетке толмағандар өз-өзіне қол жұмсағанын, үйден қашып кеткен, жол апатына ұшыраған балаларды көрсем, жаным ашып, ішім күйеді. Мен үшін ол үлкен стресс, қатты уайымдаймын. Алайда, қызметтегі қиындықтарға қарамастан балаларға көмектесу, оларды қорғау маған өте ұнайды. Мен оны парызым деп есептеймін. Бәлкім, егер балаларға соншалықты жаным ашымаса, оларды қорғай алмайтын ба едім. Әрине, тәртіптері өте нашар, қиын жасөспірімдер де бар. Олармен психолог және педагог болу керек: әңгімелесу, ойланып сөйлеу және қатаңдықты тым асырмау керек», — дейді Анастасия Владимировна.
А.Басованың өзі, әрине тек КТІЖ инспекторы ғана емес. Өз үйінде ол сүйікті жар және 3 қызының анасы. Жұбайы оның жұмысына түсіністікпен қарайды, өйткені Анастасияның өз мамандығын қаншалықты жақсы көретінін біледі. Жұмысы қиын, әрі жауапкершілігі үлкен болғанымен, біздің кейіпкеріміз өзінің отбасына уақытты көбірек бөлуге тырысады.
Оның міндеттеріне балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын тергеу, қауіп төніп тұрған балаларды қорғау, отбасылармен және білім беру мекемелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізу, құқық қорғау органдарымен және басқа да әлеуметтік қызметтермен өзара әрекеттесу кіреді. Майор өзінің жұмысы арқылы қиын балалар мен жасөспірімдерге көмектесіп, қорғап, өмірлерінің жарқын жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді. Анастасия Владимировна балалар мен жасөспірімдердің қажеттіліктерін терең түсінеді және әрқашан олардың мүдделерін бірінші орынға қояды. Кейіпкеріміз әр бала қамқорлық пен махаббатты сезініп өсуі тиіс, деп есептейді. Өзі де жасөспірімдерге жанашырлық танытып, көмегін аямайды.
М.АНВАРОВА