Менің атам – МАЙДАНГЕР

0

Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында қан майданда Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің ерен ерліктерін еске түсіріп, рухына тағзым ету дәстүрге айналған. Жанқиярлықпен күресіп, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та жарасымды. Осы ретте мен өзімнің майдангер атам – Манап Алпысбаев туралы айтсам деймін.

Атам 1915 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. Оның балалық пен жастық шағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген – ашаршылық, репресссия, Ұлы Отан соғысы. Сол ашаршылық жылдары анасы Бибіш інісі екеуін алып, Бақанастан жер аударып, Красногор ауылына тұрақтаған. Қырғызстанда ашаршылық болмағандықтан, Фрунзе қаласына жол тартып, жол жөнекей Красногор ауылынан пана тапқан болуы  мүмкін. Нәубет жылдары оқуға да мүмкіндік болмай, атам бір-ақ сыныпты бітірген. Соған қарамастан, өте сауатты, есеп-қисапқа мықты кісі болған.

1941 жылы соғыс басталысымен атам атақты генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында өзге солдаттармен бірге қан майданға, Мәскеу қаласын жаудан қорғауға аттанды. Айта кету керек, бұл көпұлтты әскери құраманың 40 пайызы қазақтардан тұрған екен.

Сонымен ержүрек жауынгерлер күші басым дұшпандармен 1941 жылы қараша айының 16-сында Мәскеуге таяу Волоколам ауданы, Дубосеково разъезінің түбінде Батыс майданы, 16-шы армияның 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 28 гвардияшы-панфиловшы сарбаздары әлемді дүр сілкіндірген ерен ерлік танытты. Олар неміс-фашистерінің құрыш болат құрсанған 18 танкісін отқа орап, жүзден астам солдатын жер құштырды. Осылайша жеңілуді білмейді деген неміс армиясының күлін көкке ұшырып, елім үшін жан пида деп, қаһармандық танытты. Менің атам Манап осы майданда төрт ауыр жарақат алып, алты ай госпитальда жатқан. Алған жарақаттарының салдарынан соғысқа жарамсыз деп танылып, 1942 жылы елге оралады.

Соғыстан мүгедек болып қайтқан атам ел еңсесін көтеруге бірден кірісіп кетті. Мал шаруашылығымен айналысты. Адал еңбегінің әрі жауапкершілік, талапшылдық сынды адами қасиеттерінің арқасында Киров  колхозының төрағасына дейінгі басшылық қызметке көтерілді.

42 жыл отасқан жұбайы Күлтәй екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің бәрі білім алып, өз алдына отау құрып, бүгінгі күні тамырын тереңге жайған бәйтеректей үлкен әулетке айналып отыр. Мен үшін атамның Жеңісті жақындатуға үлес қосқаны, жанқиярлықпен ерлік көрсеткені үлкен мақтаныш. Ол кісі соғыс туралы көп ашылып айта бермейтін. Дегенмен, әрдайым елімізде тыныштық болсын, соғыс өрті тұтанбасын, деп ел тілеуін тілеп отырушы еді.

Иә, ойын балаларын қаршадайынан қиын бейнетке салып, балалығын ұрлаған, аналарымыздың самайына ерте ақ түсірген сұм  соғыстың зұлматын еш уақытты ұмытпаймыз. Ал атам Манап Алпысбаев секілді халқының бостандығы, жарқын келешегі жолында күрескен майдан батырларының есімі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталмақ.

Инаят Серік

Leave A Reply

Your email address will not be published.