БІРЛІК БОЛМАЙ, ТІРЛІК БОЛМАС

0

Аудан өміріндегі өзекті мәселелерді шешуде оң нәтижесін беріп келе жатқан есепті кездесулер жалғасын табуда. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың халық алдындағы кезекті есепті кездесуі Ноғайбай ауылдық округінде өтті. Рза Қунақова атындағы Ноғайбай ауылдық №35 орта мектебінің акт залында өткен жиынға ауыл тұрғындары көп жиналды.

Дәстүр бойынша алдымен ауылдық округ әкімі Ер-Серік Ешмұрат өзінің өткен жылы атқарған жұмысы бойынша есеп берді. Ауыл әкімінің есебін тыңдаған көпшілік, келесі кезекте биылғы жоспарларды да естіді. Мәселен, биыл Ноғайбай ауылына баратын автожол жөнделеді, Ноғайбай ауылындағы бірнеше көшеге және Шарбақты ауылындағы бір көшеге асфальт төселмек, Ноғайбай ауылында шағын футбол алаңы және стрит-воркаут алаңының құрылысы, көше жарықтандыру сынды жұмыстарды атқару жоспарда бар. Жалпы, округте атқарылған жұмыстар аз емес. Ең бастыларына тоқталсақ, халықтың көптен бері сұрап жүрген газдандыру және ауыз су мәселесі жақын арада толығымен шешімін таппақ. Газ құбыры округ құрамына кіретін үш ауылға да тартылса, Ноғайбайда күні кеше су сорғы станциясының құрылысы аяқталды. Ендігі кезекте абоненттерді қосу мәселесі біртіндеп шешіледі.

Ауыл тұрғындары Ноғайбай ауылына қатынайтын автожолды жөндеу жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Бірнеше жылға созылған жөндеу жұмыстары әлі де болса бітпеді, ал жаңа төселген асфальттың сапасы көңіл көншітпейді. Бұл бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп келген мердігер жұмыстарды 15 маусымға дейін бітіруге уәде берді. Ал, аудан әкімі жөндеу жұмысының сапасы бойынша құзырлы органдарға шағымдануға болатынын жеткізді. Кездесуде ауыл тұрғындары Ноғайбай және Сауранбай көшелерін жарықтандыру, суармалы су, интернет байланысы, су қойма құрылысы, мәдениет үйінің құрылысы, арықтарды тазалау сынды мәселелерді көтерді.

Белгілі болғандай, су қойманың құрылысы жоғарыдағы басшылықтың тарапынан мақұлданған жағдайда салынады. Оған әрине, қомақты қаражат кетеді. Жалпы, су қоймасы салынса, суармалы су мәселесі түгел шешімін табатыны анық. Сонымен қатар, мәдениет үйі құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама да әзір, сұрақ тек қаржыландыру мәселесінде тұр. Оң шешімін тапса, 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталатын болады. Арықтарды тазалау мәселесіне келгенде аудан әкімі тұрғындарды ауызбіршілікке шақырып, мұндай проблемалар бірлесе шешілуі керектігін атап өтті.

— «Бірлік болмай, тірлік болмас», дегендей, ауылда ауызбіршілік болмаса, тұрғындар тату-тәтті тұрмаса осындай проблемалар қалып отырады. Өз тарапымыздан тазалық жұмыстарына қандай да бір техника беруге әзірміз. Біздің тарапымыздан ауқымды жұмыстар атқарылып жүр, өздеріңіз көріп-жүрсіздер. Көптен бері қордаланып келген газ, ауыз су проблемалары шешілді. Жұмыстар әлі де жалғасады. Бірер жылда округте маңызды деген проблемалардың барлығы шешілетініне сенім мол, — деген аудан басшысы ноғайбайлықтарды ауылды көркейту жолында жұмыла атсалысуға шақырды. Өз кезегінде тұрғындар ауылдық округ әкімі және аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, округке келіп, халықтың мұңын тыңдағаны үшін алғысын білдірді.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.