Жиырмасыншы ғасырдың басы қазақ даласына не көрсетпеді. Солардың ішінде миллиондаған қарагөзді қырып салған отызыншы жылдың зұлматы. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген жалған ұран бүтін бір елді қырып жіберуге шақ қалды. Ашаршылық жалыны жалпыны шарпып, Қордай жеріне де жеткен болатын.
Қазіргі Бетқайнар ауылында өмірге келген Молдарахым Игісінұлы ол кезде ойын баласы еді. Әп-сәтте қолда барынан айырылып қалған халық босып кетіп, басы ауған жаққа көшкенде ол да әкесімен бірге қырғыз еліне қарай аттанады. Алайда, ашқұрсақ адамдардың қарға адым жер жүруі мұң екені анық. Жолда аштықтан сұлағандар қатарында оның да отбасы түгел кетеді. Нәр татпаған 8 жасар баланы шала жансар күйінде Шу өзеніне жете берген тұста Ораз Жандосовтың бұйрығына сай жетімдерді жинап жүрген жандар тауып алып, Меркідегі орталыққа апарады.
Аштық салдарынан бар жақынынан айырылған Молдарахым Әлімбаевтың қанаты ерте қатаяды. Бұл болашақта ел үшін талай тынымды тірліктер атқаратын азаматтың ерте есеюіне жол ашады. Ауыл мектебін енді аяқтаған тұста Екінші Дүниежүзілік соғыстың өрті бұрқ ете қалады. Мектепті аяқтаған Әлімбаев институтқа емес майданға аттанады. Қордайлық жігіт Қиыр Шығыстан бірақ шығады. Батыста соғыс қызып жатқанда бұлардың алдында мұздай қаруланған Квантун әскері тұр еді. Фашистік Германиямен одақтас болған жапондықтар өліспей беріспейміз дегенді сөзбен емес іспен дәлелдеп тұрған уақыт. Жапондармен араны тек сым темір бөліп тұрған. Бірақ, қырғи қабақ, жау тарапынан түрлі арандатушылық әрекеттер жиі жасалғанымен, оқ атуға бұйрық берілмеген еді. 1945 жылдың 9 мамырында Германия тізе бүкті. Соғыс аяқталды, енді елге қайтамыз деген тұста Сталин бұйрығына сай Кеңес Одағы Жапонияға соғыс жариялайды. Бұл жауынгерлер үшін ауыр соққы еді. Бұйрықтың аты бұйрық. Алда кескілескен майдан даласы күтіп тұрды.
«Жиырма жастың төңірегіндегі түбіт мұрт жігіттер бұл майданнан аман келмесімізді түсінген сияқты едік. Бір-бірімізге өз туған жеріміз, өскен ауылымыз, ондағы мекенжайымыз туралы жазып бердік. Өйткені, сoғыс даласынан қайта шығар-шықпасымыз белгісіз болды. Арамызда аман қалғандар болса елге айта барсын, деген тілек еді сондағы ісіміз. Тамыз айында арнайы дайындалған артиллерия жау жақтың астаң-кестеңін шығарды. Күштілігі соншалықты жау емес біз бас көтере алмай қалдық. Содан кейін жаяу әскерге кезек берілді. Жапондықтар қайсарлығы, өліспей беріспей берiлмейтіндігімен танымал. Соны өз көзімізбен көрдік. Күншығыс елі әскері тізе бүккенше талай солдат шейіт болды. Олар достарымыз, қаруластарымыз еді», — деп еске алған екен ардагер сол жылдар туралы. Молдарахым Әлімбаев соғыс аяқталған соң бірден елге қайтарылмайды. Қолға түскен жау әскерлерін және саяси тұтқындарды күзету қызметінде қалады. Сол орында талай атақты адамдармен де танысқан. Кейбірімен достық сезім өмір соңына дейін жалғасыпты.
1950 жылы елге оралады. Ашаршылықтың ауыр салдарын көріп бар жақынынан айырылған, қан майданның қақ ортасынан өткен Молдарахым Игісінұлын енді еңбек майданы күтіп тұр еді. Бұл жерде нағыз білімпаздық пен еңбекқорлықтың ерен үлгісін көрсеткен ол ел игілігі үшін талай қызмет атқарады. Семей қаржы экономикалық техникумын аяқтап, еңбек жолын сол кездегі Черная речка ауылында бастайды. Фрунзе жол көлік техникумын сырттай оқып бітірген соң 1952 жылы аудандық ДЭУ-588 мекемесін басқарса, кейін Жамбыл қаласында, қазіргі Таразда ДМСУ-12 мекемесіне басшы болып тағайындалады. Саратов автокөлік институтын да сырттай аяқтап шығып, жоғары білім де алады. Сонда еңбек еткен жылдары Алматы-Бішкек-Ташкент-Жамбыл-Ақкөл-Байқадам және Георгиевка-Шу-Бірлік-Ұланбел тас жолдарын және де басқа көптеген ірі нысандардың бой көтеруіне атсалысқан азамат. Жамбыл әуежайының қону алаңын, Тараздағы мәңгілік алау орнын, Шу өзенінен өтетін көптеген көпірлерді салуға Молдарахым Игісінұлы тікелей атсалысқанын қазір біреу білсе, біреу білмес. Мықты маман болуымен қатар жақсы адам болып қалу қағидасын бойына сіңіре білген ол әрдайым жанындағыларға көмекке келіп, нағыз өнегелі өмір сүрген жан. Зейнет жасына ДЭУ-550 мекемесінде басшы қызметінде жүріп шығады. Ол орынға өз қалауымен ауысқанын да айта кеткен жөн болар.
Жастық шағын Отан қорғауға, одан кейін туған жерге қызмет етуге арнаған азаматтың еңбегі әрдайым басшылық тарапынан еленіп, түрлі марапаттарға да ие болған. «Құрмет» ордені, көптеген медальдар мен грамоталар соның айғағы. Солардың ішінде айта кетерлігі Молдарахым Игісінұлына 1976 жылы КазКСРО «Құрметті жолшысы» атағы берілсе, сонымен қатар «КазКСРО Еңбек сіңірген транспорт жұмысшысы» атағы беріліп, дербес зейнеткер атанады. Ал, соғыс ардагері ретінде кеудесінде жарқыраған орден медальдарының шоқтығы өзінше биік болып тұратын.
Депутат болып сайланып, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытқан оның қолтаңбасы аудан орталығындағы ең әдемі деген көшелер мен ғимараттарда да қалған. Солардың бірі жасыл желекке көмкерілген Дорожная көшесі. Қазір ол Молдарахым Әлімбаев атындағы көше деп аталады. Ол ұрпақтар атынан жасалған құрмет деп білеміз.
Мамыр айының 30-да Молдарахым Игісінұлы 100 жасқа толар еді. 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 23 немере, 37 шөбере, шөпшек тарап отырған үлкен әулет атақты аталарын осы күні тағы бір еске алып, Құран бағыштап, оның өнегелі өмір жолы мен кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен игілікті ісі жайында сөз етпек. Жастайынан тағдыр тауқыметін молынан көріп өскен бала Молдарахым өсе келе жалпы өңірге танымал дара Молдарахымға айналып, қазіргі таңда ұрпағымен мың жасайтын алып бәйтеректің тамыры іспетті. Оның өмір жолы мен қайсарлығы жалпы бүгінгі ұрпаққа үлгі әрі өнеге болып қала бермек.
Жандос Омаров