ӘН КЕНІШІ БАБА КЕНЕН

0

Ән өнердің алып асқар тауы бергі ғасырдағы әншілік өнердің тұтқасы — Кенен Әзірбайұлының өмірге келгеніне 140 жыл.

Кенен өзінің болмысын мәңгі өлмес ән-жырымен сомдап кетті. Бала күнінен қара шанақ домбырамен Қордай даласын жаңғыра шырқаған Кенекенің ән жыры уақиғалы тарих. Ғасырға ұласқан ақын тағдыры бейнет пен зейнетке құралған том кітаптай.

Жігіттің бойындағы IQ ана тегінен, нағашы жұртынан дарыса керек. Шешесі Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болған деседі тарихи фактіде. Туған топырақтың да киесі бар. Жетісу дәстүріндегі ақындықтың жайылуы Кененге жақсы әсер етеді. Ауылға келген қонақ түстене жатып, жыр жырлаған, өлең айтқан өнерпаздар Кененнің санасында үлкен із қалдырды. «Жастайынан зерек бала есік алдында, кейде үй сыртында жүріп-ақ олардың маржандай сөздері мен күмістей әндерін көкірегіне түйіп алады» деген зерттеулік деректер осының айғағы. Кененнің ән өнеріндегі алғашқы ұстазы, өзі айтқандай, сүйікті анасы Ұлдар анадан бастап, сауықшыл халық ортасы. Сезімтал түйсігіне үнемі сыбырлап сыр ақтарып тұратын өзі өскен табиғат аясы. Ананың әлди әуенімен бой жазған ақын туған табиғаттың саф ауасымен әндете ер жетті.

«Ри, қойым» — Кенен Әзірбайдың ең алғашқы шығарған тырнақалды әні.

«Қозыны айдап жүріп, сайға барсам,

Талқан шекер татиды шайнап қалсам.

Шерімді ішімдегі мен төгемін,

Басылғандай жүрегім әнге салсам»,

— деп жырлаған әнінде жоқшылық пен кедейшіліктен көрген қиындықты мелодия терапиясы арқылы жеңілдеткендей. Тағдыры тауқыметке толы баба Кенен музыканың құдіретімен ғасыр жасады. Балалық шағы ашаршылық, конфискация, сұм соғыспен астасқан тұста жалпы халықтың өмірі қыл үстінде еді. Анасынан ерте қалды. Әкесі қарт кісі. Сол себептен де әндерінің көпшілі зарлы-мұңды. Мақала басында уақиғалы тарихи өмір деуіміздің бір себебі осы.

Есі кетіп, ойыны қанбаған көңілден осы сарынды әндер айтылды. Қозы бағып, қой соңында жүрген бала Кенен «Бозторғай» әнін сайын дала төсінде тудырды. Шығарма жұртшылыққа бірден танылды. Бұл әнді Кенен небәрі он бір жасында шығарған екен. Ертеден қара кешке дейін малының соңында еңіреп жүрген өзі сияқты қойшы-қолаңның көңілінде қалып кеңінен тарады. «Қойшы Кенен» енді «әнші бала» атана бастапты.

«Бозторғай, шырылдайсың, шіркін-ай!

Құтылар күн бар ма екен, осы қойдан бір күн-ай» деп әндеткен дауысы жаңғырық секілді бүкіл қазақ даласына тарап жатты. Кез-келген өнерпаздың әуелгі мұраты танымал болу болса, Кененнің атағын шырылдаған бозторғайы арттырды.

Қой баққан жетім балада қандай сауат болсын. Музыкалық білімі болмай-ақ туындыларды ақ қағаз беті, нотаға түсірмей есінде сақтап, халық әндерін, ауыз әдебиетінің туындыларын бipіне-бipін шатастырмай, орындағанына таң қаламыз ғой.

К.Әзірбайұының орындауындағы жырлар, айтыстар, дастандар бip төбе болса, оның әндері, өзi шығарған әндеріне жазған өлеңдері мол дүние. Жалпы, Кенен ел ішіне ақындығымен қоса, әншілігімен кең танылып, үлкен қадір-құрметке ие болған.

Қазақтың дәстүрлі поэзиясының аясында жырлаған өлеңдері күнделікті тұрмыстық, тіршіліктік жағдайларды дидактикалық, публицистік сарында баяндайды. Өзі куә болған елеулі оқиғалар жүрегін толқытып, көңiлiнe қозғау салған құбылыстарға ол үн қатпай қалған емес. Бұл ең алдымен, оның азаматтық борышы саналғандай. Жеке бастық ceзім, толғаныстар жалпы халықтық мәні бар ipi, мол құбылыстарға ұласып, жалғасып кетіп отырды.

Кенен – қазақтың сал-серілерінің дәстүрін сақтаумен қатар, ескіден келе жатқан ақындық, жыраулық дәстүрін, соның стилдік сипатын берік сақтаған ақындардың бірі. Көрнекті ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбектің: «Ғасырлар тұңғиығынан басталатын салдық-серілік дәстүрдің ең соңғы шыңы Кенекеңдер екендігін мойындау керек. Қазақ сал-серілерінің көп белгі-нышандары бар. Соның бірі парасы, қазақтың сал-серілері әрі ақын, әрі жырау, әрі ән шығарушы, әрі сол әнді келістіріп айтушы, зерделі қарасөздің де көсемі болып келеді», деуі осының дәлелі.

Кенен ақындық өнерде ұзтазға кенде болған кісі емес. Мұхтар Әуезовтың айтуы бойынша, «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атаған Сүйінбай мектебі, сол мектептің дүлдүл жүйрігі Жамбыл — Кенекеңнің ет жақын бауыры, кемеңгер ұстазы болды. Жамбыл арқылы жыршылықтың тағылымын, Жетісу топырағында туындаған тасқынды өнердің өнеге-үлгісін балғын шағынан бойына сіңірді. Өнер, әсіресе, ақындық өнер асыл құрыш сияқты қақтығыс-қайрауда шыңдалатынын ескерсек, Кенекең таланты өзі тұтас замандастарымен, Жамбыл төңірегінде шоғырланған үркердей ақын құрбыларымен өнер сайыстары кезінде үнемі шыңдалып, шымырланып отырғанын байқаймыз. Көрші қырғыз елінің төкпе жырауларымен таңды таңға жалғастырған жыршы-манасшылары Кенен өнеріне қосымша қыр мен сипат қосты. Міне, осылардың барлығы Кенекеңің ақын, жырау ретінде қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Кенен өзi шығарған әндермен қоса, кырғыздың «Манасынан», «Көрұғылыдан» үзінділер, «Қобыланды батыр» эпосынан Тайбурылдың шабысын, Әсеттің «Әсетін», Балуан Шолақтың әндерін, грузин, орыс, украин, қырғыз, дүнген, татар әндерін өз тілдерінде нақышына келтіре орындаған екен”. Талай ұлттың өзі сияқты жыршыларымен жанр жағынан жақын бола тұра, еліктеуге ұшырамай өзіне ғана тән өнер туғызды.

Кенен — халықтың әншілік дәстүрінің бұзылмаған, ешқандай қоспасы жоқ ең соңғы өкілі. Ән-жырын Алатауға әкеліп шырқаған әншінің көкірегі — алтын сандық. Кенен әндерінің астарынан уақыттың тынысымен қоса, әнші-композитордың ғажайып зердесін, азаматтық бағдарын, акындық-сазгерлік көрегендігін аңғарамыз. Кез-келген шығармасында ерге лайық жалтақсыз сенім, ақынға лайық оптимизм, ақылгөйге лайық парасат жатады.

Әдебиеттанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «…Кенекеңнің болмыс-бiтiмi де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты да ешкімге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да биік, бойы да биік, әсем үнді ділмәр тілді мінезге бай, көпшіл, қонақжай ерекше жан еді. Кенекең ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасымен, армандай әншілігімен, аққудың қанатындай әдемі аппақ жібектей сақалымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бip жұмбақ жандай, данышпан абыздай болып көрінетін», — деп жазған ой-пайымдары Кененнің бет-бейнесін одан сайын асқақтата түседі.

Шынында өнepiнe үңілсек, әндерін сараласаң, Кененнің дүниетанымы бөлек. Кенен әндері уақыт талғамайды. Қазақ ұлтында әр онжылдықта он мың әнші-ақын туса аз тумас. Сонша өнерпаздың ішінде шығармалары ұмытылмай, жойылмай түгел жеткен бірден-бір бақытты автор Кенен Әзірбайұлы. Бала күні ауыр өтсе де, қарттық шағы шұрқыраған бала шағасымен шаттықта өткен. Ол бақытқа да оңай жетпегені белгілі ғой. Алғашқы некесінен бала тоқтамай шетіней берген. Кейін екінші ре төсек жаңғыртып бала сүйді. Баласының ішінде шығармашылығына тікелей араласқаны – қызы Төрткен Кененқызы. Ол кісінің айтуы бойынша әкесі қызына хат тани бастағалы бар шығармасын қағазға жаздырған екен. «Баламын ғой, жаза қолым талады, көзім шаршайды. Сонда әкем бар үмітім өзіңсің деп отыратын» деп еске алады. Кейін кітапқа түсіп, қартайған шағында жезтаңдай дауысы таспаға басылды. Өз туған ауылы (қазіргі Алматы облысына қарасты Мәтібұлақ ауылы) Кенен ақсақалдың денсаулығына жарамай, қоныс аударуына тура келеді. Содан қазіргі Жамбыл облысына қарасты Кенен ауылына (ол кезде Киров колхозы) көшіп келіп, дертінен айығып 1976 жылы 92 жасында дүние салады. Бүгінде Қордай ауданы, Кенен ауылында Әзірбайұлы атында әдеби-мемориалдық мұражайында зираты, өзі тұрған үйі музей ретінде қалды. Таудың етегінен орын тепкен ауылдың ауасы саф, желі майса.

«Eкі Кенен тумайды, Алатауға ексен де», — дейді Кенен атамыз. Киелі тұлғасының қайсысы да өз атын аттанға қосып ұрандайтын халықтанбыз ғой. Сөз жоқ, өнер аспанында бітімі дара, болмысы оқшау.

Бабамызға арнап сипаттық талдаудан тұратын мақала арнадық. Бүгінде газет беттерін ақтаратын халықтың жадына жаңғыру болсын деген ниет қана. Кенен Әзірбайұлы жайында тереңірек білуге құмартқан иісі қазақ баласы болса әуелі басына зиярат етсін, одан кейін кең танылған шығармасына қанықсын. Әдебиеттану, фольклортану, өнертану, музыкатану ғылымдары тұсында зерттеуі терең ғылыми зерттеулер өмірге келсе екен деген тілегіміз және бар. Туғанына 140 жыл, артына өлмейтұғын із қалдырған әуезді бабамның жаны жәннаттық, рухы шат болсын!

Карима АХАН, өнертанушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.