ЖАСТАР АТҚАРҒАН ЖҰМЫС КӨП

0

«AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс конференциясы өткізілді. Шараға партия филиалының кеңесшісі Аслан Таубалдиев төрағалық етіп, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.

Партия филиалының мәжіліс залында өткен жиында, күн тәртібіне 2 мәселе ұсынылды. Бірінші мәселе «AMANAT» партиясы аудандық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының 2024 жылдың 6 ай мерзімі аралығындағы атқарған жұмыстары туралы есебі болса, ал екіншісі партияның Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс 14 – ші есеп беру-сайлау конференциясына қатысатын делегаттарды сайлау. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша, «Жастар рухы» ЖҚ-ның бөлімше басшысы Әлішер Аяпбергенге сөз беріліп, атқарылған шаруаларды баяндауға көшті. Баяндамашының дерегінше, жастар қанаты көптеген мәдени-бұқаралық, экологиялық, патриоттық шараларды және қайырымдылық пен игі бастамаларды жүзеге асыруда. Мәселен, көктем мезгілінде су басқан Солтүстік өңірлерге көмек көрсету кезінде, аудан жастарыда қалыс қалмай белсенділік танытып, 1 жүк көлігіне аудан тұрғындарынан жиналған азық-түлік өнімдерін және тұрмысқа қажетті заттарды апарып табыстаған. Сонымен қатар, қаңтар айының қалың қар жаууына байланысты Қордай ауданының жолында қалған автобус, автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына жастар рухының еріктілері ыстық тоқаштар мен шай таратып, жылулық сыйлау жұмыстарында белсенділік танытыпты. 9 мамыр «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қарт ардагерлерге қол ұшын созып, аулаларын тазалау шарасында бой көрсеткен екен. 23 мамыр «AMANAT» партиясы аудандық филиалының жоспарына сәйкес, «Әділетті мемлекет, өркендеген қоғам» атты жастар форумының өткізілуіне ат салысқан. Сондай-ақ, 1 маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында жастар қанатының жетекшісінің ұйымдастыруымен, партияның мүшесі Маржан Ахтамбетовамен бірлесіп, «Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» КММ-дегі балаларға тәтті бауырсақ пен балмұздақтар табыстап, мерекелік қуаныш сыйлаған. Жастар қанатының ұйытқы болуымен аудан орталығында орналасқан «Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжі мен «Береке» Гуманитарлы-техникалық колледжінде жастар рухы ЖҚ бөлімшелері ашылып, Иса Милана мен Шайымқұл Диана сайланған. Жиын соңында, партияның Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс 14 – ші есеп беру-сайлау конференциясына қатысуға, жастар қанатының белсенді мүшелерінен құралған бір топ жастар жолдама алды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.