Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар асыға күтеді. Себебі бұл күн осы салада еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін мереке. Осы тұста, Қазақстан темір жол көлігінің құрылуының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында, жас болса да Отардай маңызды станцияны басқарып отырған Азат Есентайдан қызметінің қыр сырын сұраған едік.
Станция басшысы Азат Жанатханұлы теміржолшылар династиясынан шыққанын алға тартады. Арғы атасы Есентай Төлесбайұлы әйгілі Түрксіб магистралін салуға атсалысқан теміржолшы екен. Атасы Нүке Есентайұлы соғыс ардагері, Қордай ауданының құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ширек ғасыр осы станцияны басқарған екен. Бүгінде марқұм Нүке Төлесбайға Отар ауылында көше берілген. Ал әкесі, Жанатхан Төлесбай қырық жыл машинист болған екен. Осындай әулеттің төртінші буыны Азат Есентайұлы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын аяқтап, 2014 жылы еңбек жолын пойыздарды құрастырушы болып бастап, парк және жол кезекшісі, станция кезекшісі қызметтеріне сатылап ауысып, міне бүгінде станцияны басқаруда. Станцияда шамамен 400-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл салада еңбек ететін мамандарды бір сөзбен теміржолшы деп айтамыз. Дегенмен, бұл атаудың артында бірнеше мамандық иесі тұр. Олардың қатарында машинист, жолшы сияқты жұмысшылар инженер, диспетчер, станция, вокзал мен бөлімшелер бастығы сияқты қызметкерлер бар. Бірі қара күшті қажет ететін жағында, енді бірі зерделі зейін мен жедел әрекетті талап ететін сатыларында жұмыс істейді. Жамбыл мен Алматының ортасында орналасқан станцияда Шу және Алматы бағытынан келген жүк пойыздарының электровоздары мен машинистері ауысып отырады. Паркке кірген пойыз дайын болғанша машинистері тынығып алып, қайта жолға шығады. Шамамен тәулігіне 30 жолаушылар, 60 жүк пойызы келіп кететін станция ғимаратының 3-қабатындағы кеңседе бірнеше бағыттарды қадағалап, басқарып отырған станция кезекшілерінің жұмысы қашан да қайнап жатыр. Станция басшысының мәліметінше, теміржол қызметін пайдаланатын жергілікті кәсіпкерлердің тапсырысына сай, көмір, ұн, жем, құрылыс тауарлары көп келеді екен.
— Станция күрежолдың бойында жатқан транзиттік бекет болғандықтан, Алматыға қарай өтетін барлық жүк және жолаушы құрамдарының жолы. Сондықтан жұмыс көп, өткінші пойыздарды қабылдап-жөнелту, станцияға келетін құрамдарға тиісті қызмет көрсетіп, вагондарды бағыттары бойынша қайта жасақтап, анықталған ақауларды жөнге келтіріп, жүк вагондарын жолға шығару сынды күнделікті тынымсыз жүргізіліп жататын жұмыстар қауырт, – дейді станция бастығы Азат Есентай.
Келесі кезекте, қырық жылға жуық ғұмырын темір жол саласына арнаған маман Наркүл Орынбайқызын айтуға болады. 1983 жылы еңбек жолын жүк және багажды қабылдап-тапсырушы болып бастаған. Одан кейін, оператор, парк кезекшісі лауазымдарын атқарған. 2009-жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін жол жүру құжаттарын тізімдеу технологиялық орталығының аға операторы лауазымында қызмет атқаруда. Жолдасы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырған. Бүгінде ұлы әскери қызметкер болса, қызы Алматы облысы, Боролдай станциясында теміржол қызметкері.
— Әйелді нәзік жаратылыс иесі дейміз. Солай десек те ол қажет кезінде өжет, батыл, қайсар да бола алады. Менің де өмірімде түрлі сынақтар кездесті, жеңілмедім, керісінше әр қиындықтан сабақ алып қатая түстім. Енді міне, зейнет жасына жақындадық. Теміржолдың қызық та қиын жұмыстарында жүріп қырық жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппын. Оңай ештеңе жоқ, әсіресе теміржолда, бірақ ерік-жігерің болса бәрін де еңсеруге болады, — дейді Наркүл Досалянова.
Темірдей тәртіпке бағынып, ел игілігі үшін қызметін жалғастырып келе жатқан мамандар үшін тамыз айының алғашқы жексенбісі- қасиетті төл мерекелері. Ендеше, мереке қарсаңында біз де барлық теміржолшыларға алғыс білдіре отырып, істеріне береке, отбасыларына мереке тіледік!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ