«СЫБАҒАДАН» СЫЙ АЛҒАН ШАРУАЛАР

0

Өрісі кең, малға жайлы Қордай өңірінде соңғы жылдары ата кәсіпті қолға алған шаруалардың саны артуда. Әрине, мал өсіріп, оның өнімін өткізумен айналысатын азаматтарға бұл істе мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының берері мол. Олай болса мәселенің мән-жайына тереңірек тоқталсақ.

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, етті мал басын дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы ауылдағы ағайынға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор мүмкіндік. Бағдарлама негізінен ет бағытындағы ірі қара мен ұсақ мал тұқымын асылдандыру арқылы ет өнімділігін арттыруды, осылайша еттің нарықтағы өзіндік құнын арзандатуды, мал басын көбейтіп, салада қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді. Айта кетсек, «Сыбаға» аясында берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, қарапайым халыққа қолжетімді әрі шарттары айтарлықтай жеңілдетілген. Қысқасы, аталмыш бағдарлама шаруашылықтарға кәдімгідей қолдау болып отыр. Осының арқасында былтырғы жылы Қордай ауданында 60-тан астам шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алып, 200 бас мүйізді ірі қара мен 3110 бас қой алған.

Осы тұста бағдарлама аясында қолдау көріп, кәсібін өркендеткен аудан тұрғындарына тоқталсақ. Мәселен, Кенен ауылындағы «Қабыл-Нұр» ШҚ басшысы Қанат Медеуов «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алған жандардың бірі. Шаруа жақында асыл тұқымды 350 бас «қазақтың құйрықты қылшық жүнді» қойларының аналық басын алған.

Әрине, қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысу кімге де болсын оңай шаруа емес. Дейтұрғанымен, аталмыш бағдарлама шеңберінде қарастырылған жеңілдіктердің арқасында асыл тұқымды мал санын көбейтуге мүмкіндік туды. Мұны мен мемлекеттің ата кәсіпті жалғастырған шаруаларға көрсеткен қамқорлығы деп білемін, — дейді Қанат Медеуов.

«Сыбаға» бағдарламасының шапағатын осы бағыттағы өзге шаруашылықтар да сезінуде. Мысалы, Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «Әділ» шаруа қожалығы жеңілдетілген несиеге асыл тұқымды «еділбай» қойларының 250 аналығын алған. Қаражат 14 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге беріліпті. Оның 6 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланса, несие төлемін екі жылдан кейін төлей бастайды. Бұл бойынша жеңілдік кезеңі мен төлеудің икемді кестесі қарастырылған. Шаруашылық басшысы Меркібек Алдаев тек қана асыл тұқымды мал өсіруге ниетті. Оның айтуынша, асыл тұқымды малдың артықшылығы басым. Жем-шөптің мөлшері жеткіліксіз болса да, «еділбай» тұқымды қойлар жақсы салмақ береді. Ересек қойлар 120 келіге дейін салмақ жинаса, аналық бастарының салмағы 70 келіге дейін жетеді. Ал, қозылары тез өсіп, күніне 100 граммға дейін салмақ қосуы мүмкін. Бұл тұқымның басты ерекшелігі оның тез жетілуінде, яғни төрт айлық қозы етке жарамды. Еті дәмді және жеңіл, жүні кілемдер мен жүн маталардың өндірісіне жараса, сүті құнарлығы мен мол химиялық құрамы үшін бағаланады. Бір жылда бір саулықтан 185 литрге дейін пайдалы сүт алуға болады екен.

Алдын ала дайындалған жем-шөптің арқасында қыстан қысылмай шықтық. Мал төлдету науқаны наурыз-сәуір айларында басталады. Бұл малшылар үшін жауапты кезең. Саулықтар мен қозыларды басқа қойлардан бөлек ұстаймыз. Болжам бойынша орташа есеппен 100 саулықтан 100 қозы алмақпыз. Қоралар жылы, сақманға шабандарға көмек көрсететін қосымша адамдар бөлінді, — дейді Меркібек Алдаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.