Қазақ халқының табиғаты жақсы іске, қайырымдылыққа құштар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деп игі жақсының ізгіліктерін насихаттап, басқаларға өнеге етеді. Өмірден өткен жандардың да жақсылықтарын еске алады. Сондықтан да «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл кең тараған.
Қилы-қилы заманның қиындығы мен қызығы да мол болғанының кейбірін көне көз қариялардан естісек те, бертін келе өз көзімізбен көрген тарихтың өзіне де алпыс жылдай уақыт зымырап өтіпті-ау. Уақыт деген тұлпар секілді зымырап, зулап өте береді. Сондықтан менде әңгімемді әріректен бастағанды жөн көрдім. Әр қазақтың басына түскен нәубет кезінде Оңалбай бабамызды да «малдысың», «жалдысың»-деп бар малын тартып алып, қуғын-сүргіннің құрбанына айналып бара жатқанын, ертең ұрпағынан айырылып қалатынын сезген соң, бір түнде бала шағасын арбаға тиеп алып, жалғыз атымен Шу өзенін кешіп өтіп, Қырғыз еліндегі «Милянфан» деген жерге табан тірейді. Осылайша, Алланың берген үш ұлын аман алып қалады. Сонымен, Оңалбай бабамыздың үш ұлының үлкені Сатыш, ортаншысы Әбдікерім, кіші ұлының есімі Байдыбек болған. Үш ұлдың аналарының есімі Адас әжеміз қайтыс болып, Мәдиша анамызға үйленгенде одан Далбай есімді ер бала дүниеге келеді. Оңалбай бабамыздың төрт ұлы дүниенің төрт бұрышын тіремесе де, қарапайым өмір сүріп заманының дәулетті ұлдары болды. Үлкен ұлы өзінің саналы ғұмырын мал бағуға арнап, озат шопан атанады. Ал, екінші ұлы Әбдікерім аттан түспей совхоздың белді жұмысшысы, кіші ұлы Байдыбек совхоздың малын бағып, ферма меңгерушісі лауазымына дейін көтеріліп, Далбай есімді ағамыз әртүрлі салада абыройлы қызметтер атқарып, сауда саласында ірі тұлғаға айналған.
Оңалбай бабамыздың үлкен ұлы Сатыштан менің әкем Сәбетбек, екінші ұлы Әбдікерімнен Ақеркін деген жалғыз ұл болса, үшінші ұлы Байдыбектен Тілеужан, Тілеуберді, Мұхтар дүниеге келіп, ал кенжесі Далбайдан Ғалымбек, Әлімбек, Әлібек, Айбек, Қуаныш, Нұрбақыт деген ұлдар, яғни ұрпақ жалғастырушылар дүниеге келді. Менің бүгін айтайын деген ойым, Сатыш атамның жалғыз ұлы, асқар таудай әкем Сәбетбек туралы болмақ. Өйткені, ол кісінің өмірден озғанына 2024 жылдың 25 тамызында он жыл толып отыр. Ал, асыл анам Қожаханқызы Жанаттың бақилық болғанына 20 жыл, 44 жасында қыршыннан қиылған алтын бауырым Сәбетбекұлы Дүйсеннен айырылып қалғанымызға 10 жыл болады. Сәбетбек әкем мен Жанат анам екеуі саналы ғұмырларын мал бағумен, яғни жазда – жайлауда, қыста – қыстауда өткізді. Біз осы кісілердің ұрпақтары ауылда ата мен апаның қолында білім алып өстік. Әкем мен анамның совхоз малына беріліп кеткені соншалық, бірде бір мерекеде демалғанын, жексенбіде немесе «больничный» алғанын көрмеппін.
Бірде қысқы демалыста, шамамен 7-8 сынып кезімде әкем мен анамды сағынып қойлы ауылға бардым. Қыстау онша алыс емес, ауылдан 5-6 шақырым «Атантай»-деген жерде болатын. Діттеген жерге жеткен соң, кешкілік ас ішіп, әңгімелесіп болған соң ұйықтауға жаттық. Таңертеңгілік кезінде оянсам, сыртта ақ боранның даусы естіліп тұр. Бір кезде әкем орнынан тұрып, тысқа шығып келіп, ыңылдап өлең айтып жүр. Ол шақта, әкемізге сұрақты тікелей қоятын қауқарымыз жоқ, байланыс тек анамыз арқылы болатын. Әкем таңғы асын ішіп, қалың киініп, ыңылдаған күйі мал бағуға кетті. Мен көрпеден басымды көтеріп, анашым әкеме не болған аңыраған ақ боранды көріп тұрып, ән салып жүргені несі?- деп сұрадым. Сонда анам, әкең қуанып жүр, өйткені боран соққанда өріс ашылып, жалпы малдар қарды тұяқпен тарпып, шөптерді өздері жұлып жейді. Ол шөп малға бірнеше есе құнарлы, әрі сіңімді болады, — деді. Сол кездері совхоздың қарапайым қызметкерлерінің еңбегі ақталған да жоқ. Зейнетке мардымсыз қаражатпен шығып, «курорт», «санаторий» дегенді көрмеді.
Сатышұлы Сәбетбек әкемізбен Қожаханқызы Жанат анамыздан 2 қыз 4 ұл дүниеге келдік. Тағдырдың жазуымен, Сәбетбекқызы Айсұлу әпкемізден екі жылдан астам уақыт бұрын айырылып қалдық. Одан кейінгі әпкем Сәбетбекқызы Гүлназым физик-математик. Қазіргі таңда, немере сүйіп отырған әже. Ұлдың үлкені мен Сатышев Бейсен Сәбетбекұлы. Жан-жарым Айдарова Гүлайым Тынышқұлқызымен 36 жыл отау көтеріп, 2 ұл 1 қыз тәрбиелеп отырмыз.
Бауырым Дүйсен болса арман қуып Алматыға барып, білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бойынша мамандығын абыроймен аяқтап, өзінің туып өскен ауылы Алғаға келіп, қарапайым ұстаздықтан бастап, мектеп директорлығына дейін көтерілді. Қызметте жүргенде жүректегі қан қысымының үнемі жоғары болғанын елемей, уақытында емделмей, қайтсем мектебімді алдыңғы қатарға шығарам-деп жүріп, 2014 жылы бақилық болды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің астарына үңілсек те көп мән-мағына аңғарамыз. 25-ші тамызда Сатышұлы Сәбетбек әкемнің өмірден озғанына — 10 жыл, асыл анам Қожаханқызы Жанатқа- 20 жыл, Сәбетбекұлы Дүйсен бауырыма — 10 жыл толуына орай, құран бағыштап, ас бергелі отырмын. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кезінде Отанға қалтықсыз қызмет еткен, маңдай терімен өсіп өнген еңбекқор жандардың өмірі кейінгі ұрпақтарына үлгі-өнеге болса екен-деймін.
Бейсен Сатышев,
Қордай ауылының тұрғыны