ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІ

0

Тарихымызда ата-бабаларымыз қандай да бір даулы мәселе туындаған жағдайда болған жайға төрелігін айтушы билерге баратын. Кезінде қазақ қоғамындағы даулы мәселелерді, екі ауыз сөзбен шешкен аузы дуалы билердің болғаны мәлім. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілікпен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға бар ақыл-ойы мен күш-жігерін жұмсағаны белгілі. Бүгінде би-қазылардың орнын заманауи сот төрелігі институты басты. Дегенмен, дауласушы тараптарды сот процесіне жеткізбей, алдын ала өзара татуластырушы, бітімге келтіруші бейтарап медиаторлардың арағайындығымен күрмеулі мәселелерді шешу бүгінгі күннің талабына айналды.

 

Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында былай деп атап көрсетті. «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін өзі таныта білуде…», деп қадап айтты. Сондықтан  «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, көп болып жасалған жұмыс бүгінде алдағы уақытта да медиация заңының қолданылу аясын одан әрі кеңейту жұмыстарын пәрменді жүргізу керек, ол ортақ міндет. Оған барлық құқық қорғау органдары, билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар ат салысуы тиісті.Өйткені, кейбір өзара тіл табыса алмаған дау дамайларды ушықтырып, сотқа дейін апарғанша, оны медиация жолымен бітімгершілікке келу арқылы оңай шешуге әбден болады. Ол екі тарапқа да пайдалы болары сөзсіз. Өйткені, қазіргі заманда соттасу көп уақытты, қомақты қаражатты, адамдардың жүйкесінің төзімділігін қажет ететіндігі белгілі.

Орасан зор маңызы бар, сондай-ақ Кодекстің әрбір нормасы арқылы жүзеге асырылып отырған азаматтық сот жүргізу саласының алдында тұрған міндеттер ретінде бұзылған құқықтар мен заңды мүделлердің қорғалуы, заңның сақталуы сияқты міндеттермен қатар – құқықтар мен заңды мүдделердің қалпына келтірілуіне, даудың бейбіт шешілуіне ықпал ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда заңға және сот жүйесіне құрметпен қарауды қалыптастыру анықталған. Татуластыру рәсімдері АПК-нің 174-182 баптарымен реттеледі, осы баптарға сәйкес заң шығарушылар сотта даудың бейбіт түрде шешілуіне ықпал ету үшін татуластыру рәсімдерінің тәсілдерін кеңейте түскен. Осыған байланысты тараптар дауды -татуласу келісімін жасау, медиация тәртібімен келісімге келу, партисипативтік рәсімдер тәртібімен шеше алады.

Енді осы тәсілдердің айырмашылықтары жайлы  қысқаша түсінік бере кетсек. Мәселен, тараптардың татуласу келісімін жасауы кезінде талап қою арызының нысанасы мен негізін бір мезгілде өзгертуге жол берілмейді. Медиатордың қатысуымен медиация жүргізілген кезде сот келісімнің шарттарын талқылауға қатыспайды. Сотқа даудың (жанжалдың) медиатордың қатысуымен реттелуі туралы келісім ұсынылады. Медиацияның тағы бір түрі – сот медиациясы, оны жүргізу үшін талап қою арызы судья-татуластырушыға беріледі. Тараптардың өтініші бойынша медиацияны істі қарайтын судья жүргізуі мүмкін. Бұл ретте, сот құқықтық кеңестер бермейді, келісімнің шарттарын тараптардың өздері ұсынады. Мұндай келісімнің артықшылық жақтары – медиацияны жүргізу кезінде тараптарға дауды (жанжалды) тоқтату үшін талаптың нысанасы мен негізін бір мезгілде өзгерту мүмкіндігі берілетіндігінде.

Партисипативтік келісім дегеніміз – екі тараптың да адвокаттарының міндетті түрде қатысуымен және даудың шешілуіне ықпал етуімен, тараптар арасында келіссөздер жүргізудің нәтижесінде қол жеткізілген келісім. Партисипативтік келісім судьяның қатысуынсыз жүргізіледі. Оған тараптар да, екі тараптың адвокаттары да қол қоюы тиіс, олай болмаған жағдайда мұндай келісім татуласу келісімі деп аталатын болады. Татуласу (медиативтік, партисипативтік) келісімі, егер басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, және заңға қайшы болатын болса, оны сот бекітпейді. Даудың татуластыру рәсімдерін қолдана отырып реттелуі талап қою ісін жүргізудегі кез-келген іс бойынша қарастырылған, оның ішінде жеңілдетілген тәртіппен қарауға жататын істер бойынша да қолданылады.

 

М.Омарова,

Қордай аудандық сотының судьясы                                       

Leave A Reply

Your email address will not be published.