Өзекті сұрақтарға заң аясында жауап

0

2024-2026 ж.ж. арналған әлеуметтік әріптестік туралы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы және Жамбыл облысы оқу ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы арасында Келісім жасалып, бүгінгі  таңда ол тиісті мемлекеттік тіркеуден өтіп «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылды. Ал аудан бойынша аудандық білім бөлімімен білім қызметкерлері арасында ұжымдық шартқа қол қойылып, жаңа ұжымдық шарт күшіне енді.

Жаңа 2024-2025 оқу жылы да басталып кетті, әдеттегідей жыл басында жұмысқа орналасу, сағат бөлу, сыныпты топтау, қысқартулар сынды мәселелер туындап, осыған байланысты білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитетіне кәсіподақ мүшелері сұрақтармен қайырылады. Осыған байланысты құқықтық инспектор ретінде ең өзекті деген сұрақтарға тоқталып, төмендегідей түсіндірмелерді ұсынамын:

  1. «Мен бастауыш сынып мұғалімімін, қайта даярлау курстарын оқып орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі ретінде тиісті сертификат алдым, ендігі кезекте мен осы пәннен мұғалім болып жұмыс жасай аламын ба?»

— 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» № 293-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының тармақтарында былай делінген: «1. Педагогтік білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында педагогтік қайта даярлаудан өтеді. 2. Педагогтік қайта даярлау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. 3. Осы баптың нормалары қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адамдарға қолданылмайды».

Сонымен бірге, «Педагогтік қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығына сай педагогтік қайта даярлау тәртібі мынадай текстпен көрсетілген «Педагогикалық білімі жоқ, тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін адамдар үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 қазанда № 17565 болып тіркелген) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының жіктеуішіне сәйкес «Педагогикалық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша білім беру қызметін жүргізуге «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес лицензиясы бар ЖОО-ның базасында қайта даярлау курстары өткізіледі».

Өздеріңіз байқап отырғандай, қайта даярлау курстарын педагогикалық білімі жоқ, педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін адамдар үшін өткізіледі, яғни мұғалім болып отырған адам қайта мұғалім болып даярлықтан өткені заңсыз болады. Егер мұғалім басқа педагогикалық маман иесі болғысы келсе, екінші педагогикалық білім алуы тиіс.

  1. «Оқу жылы басында педагогтар арасында сағат бөлуді кім ұйымдастырады?

— Сағаттарды бөлу мәселесі «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының  3-тармағында былай деп жазылған: «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде ұйымның бірінші басшысы (не оны алмастыратын адам) бөлетін оқу жүктемесіне, сондай-ақ біліктілік деңгейіне, өтіліне және Кодекспен, заңмен және қаулымен көзделген өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді ескере отырып, қаулыға сәйкес лауазымдық айлықақыларды (тарифтік мөлшерлемелерді) айқындайтын санатының болуына қарай есептеледі. Яғни, осы заңды басшылыққа алсақ бірінші басшысы (не оны алмастыратын адам) білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде бөліп береді.

  1. Сағат санын мекеме басшысы өз еркімен азайтуға құқығы бар ма?

— Білім беру мекемесінің басшысы мен қызметкер арасындағы еңбек қатынасы Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сай еңбек шартымен рәсімделеді. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.

Сонымен қатар осы Еңбек кодексінің 10-бабына сай «1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі. 2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс. 3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының талаптары біржақты тәртіппен өзгертілмейді.

Байқап отырғандай  сағат санын яғни кез келген қызметкердің, сонымен қатар педагог маманның сағатын мекеме басшысы өз еркімен азайта алмайды.

Мен жоғарыда 2024-2026 жылдарға арналған аудандық Ұжымдық шарт туралы айтқан едім, аталған нормативтік құжаттың 2.3-2.4 тармақтарында былай делінген «Педагогикалық қызметкерлердің оқу жүктемесінің (педагогикалық жұмыстың) көлемі оқу жоспарындағы сағат саны, оқу бағдарламалары, кадрмен қамтылу, мекемедегі өзге де нақты жағдайларға сәйкес кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленеді.

Педагогикалық қызметкердің оқу жүктемесінің мөлшері еңбек шартында белгіленеді және тараптармен қызметкердің жазбаша келісімі бойынша ғана өзгертілуі мүмкін.

Жұмыс беруші педагогикалық қызметкерлерді кезекті демалысқа кеткенге дейін олардың жаңа оқу жылындағы оқу жүктемесімен жазбаша түрде таныстыруы тиіс. Оқу жылы басталғанда нақты оқу жүктемесі, білім беру ұйымының штаттық құрамының өзгеруіне, оқушыларды жасақтау нәтижелеріне, оқу жоспарларының өзгеруіне байланысты алдын ала бөлінген оқу жүктемесінің мөлшерімен сәйкес келмеуі мүмкін.

Оқу жүктемесін алдын ала бөлу жаңа оқу жылындағы сыныптар, топтар мен оқу жүктемесін анықтау үшін ағымдағы оқу жылы аяқталғанға дейін және қызметкерлер еңбек демалысына кеткенге дейін жүргізіледі.

Осы мекеме негізгі жұмыс орны болып табылатын мұғалімдер үшін жаңа оқу жылындағы оқу жүктемесін белгілегенде, оның ағымдағы оқу жылындағы жүктеме мөлшері мен сыныптарда, топтарда жүргізетін пәндердің сабақтастығы сақталады. Мұғалімдерге жаңа оқу жылының басында белгіленген оқу жүктемесі ағымдағы оқу жылында, сондай-ақ кезекті оқу жылына әкімшіліктің бастамасымен, оқу жоспарлары мен бағдарламаларға сай сағаттардың қысқарып, сынып сандарының азаюынан өзге жағдайларда төмендетіле алмайды.

Оқу жоспарымен көзделген сағаттар санына сәйкес мұғалімдердің оқу жүктемесі бірінші және екінші жартыжылдықта әртүрлі болуы мүмкін.

Мұғалімдерге оқу жүктемесінің мөлшері заңдылықпен нормативті түрде белгіленген артық немесе кем болып белгіленуі тек олардың жазбаша келісімімен жүргізіледі.

Өндірістік қажеттілікке байланысты жағдайларда (оқу жоспарының бөлінбейтіндігі, педагогтің уақытша болмауы, қажетті мамандардың болмауы және басқа да жағдайлар) педагог қызметкерлердің оқу жүктемесінің көлеміне білім беру саласындағы заңнамада көзделгеннен артық көлемде жол берілуі мүмкін. Бұл ретте жұмыстың жалпы көлемі Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде көзделген жұмыс уақытының ең жоғары ұзақтығынан аспауға тиіс.

Сондықтан мекеме басшы өз еркімен өз тарапынан сағат мөлшерін өзгерте алмайды.

Б.Алпысбаев, Қордай ауданы бойынша аймақтық құқықтық еңбек инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.