КӨКТЕМ – МҰРАП, КҮЗ – ДИҚАН

0

Егіс алқаптарында ала жаздай еңбек етіп, Жер-анадан ризығын жиған қордайлық диқандар бүгінде көктемгі егіс дала жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында аудандағы егілетін жер көлемін 132 мың 110 гектарға жеткізу көзделген. Демек, егістік жер көлемі өткен жылғыдан 11 мың гектарға артпақ.

Тарқата айтсақ, аудан диқандары биылғы жылдың есебіне 25000 гектар күздік бидай сепсе, алдағы күндері 44 000 гектар алқапқа жаздық арпа, 8000 гектарға дәндік жүгері, 6000 гектарға көкөніс, 3750 гектарға картоп, 100 гектарға күздік рапс, 700 гектарға қант қызылшасын, 800 гектарға бақша дақылдарын егуді жоспарлаған екен. Өздеріңіз байқағандай биылғы жылы арпа, бидай, жүгері сынды дәнді дақылдар егілетін алқаптардың көлемі айтарлықтай ұлғайған. Мұны мамандар ауданда ірі қара және ұсақ мал бордақылаумен айналысатын қожалықтардың көбеюімен, осының арқасында жем-шөпке деген сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.

Сонымен қатар, биылғы жылы 44000 гектарға себілетін 7040 тонна арпа тұқымы шаруашылықтарға толықтай жеткізілетінін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда тұқым «Аго-эксперт А.S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұқым зертханасына тексеруге өткізіліп, оның 3148 тоннасы І сыныпты, 3172 тоннасы ІІ сыныпты екені анықталды. Мал азығының маңызды бөлігі саналатын дәндік жүгеріге келер болсақ, мұнда да жағдай жаман емес. Диқандар аталмыш дақылды себуге арналған жерлерін дайындап, Алматы облысындағы «Будан» ЖШС және аудандағы «GR-Agro» ЖШС арқылы «Корелла», «Боржо», «Лермо», «Донана» және «Маями» сынды дәндік жүгері тұқымдарын қолданбақ.

Бұл тұрғыда көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, аудан шаруаларының иелігіндегі 617 дана трактор, 314 дана соқа, 289 дана дәнсепкіш, 1658 дана тырма, 150 дана культиватор, 23 дана тұкым дәрілегіш дайындық сапына қойылған. Сонымен қатар, өткен жылы техника жаңарту жұмыстары да ойдағыдай іске асырылып, 1313,4 млн теңгеге барлығы 158 дана техника алыпты. Оның ішінде 107 дана техниканы шаруашылықтар өз қаражатына алса, 51 техника лизингіге алынған.

Қазіргі таңда 1305 га жер айдалып, 360 га жер себуге дайындалды. Жақын күндері дән себу жұмыстары басталады.

Шаруашылықтарға дизель отынының литрі 160 теңгеден бекітілді. Бұл нарықтағы бағадан 12-18 пайызға төмен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.