Референдумда халық қалаулылары да белсенділік танытты. Мәселен, солардың бірі Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясы облыстық филиалы жаныдағы Әйелдер қанаты кеңесшісі Айман Ашимова.
«Бүгін мен елімнің болашағы үшін сайлау учаскесіне барып дауыс бердім. Әр азамат осындай маңызды саяси науқанда белсенділік таныту қажет деп санаймын. Себебі біз жаңа Қазақстанды бірге құруымыз керек. Бүгінгі референдум – өзгерістерге бастайтын даңғыл жол. Бүгінгі шара Қазақстанның демократиялық даму жолындағы өте маңызы зор қадамдардың бірі деп білемін. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының Қазақстанда нақты жүзеге асып жатқанының айқын көрінісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағына қатысты мәселелерде тек мемлекеттік органдар аясында ғана емес, халықтың қатысуын, шешімін маңызды деп, атап өткені баршаға белгілі. Бүгінгі референдум — соның айғағы. Жарқын әрі қауіпсіз болашағымыз үшін жасалған нақты әрі нық қадам», — дейді депутат.
Ал, тағы бір облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсембаев Шарбақты ауылында дауыс беріпті.
«Ел болып, қоғам болып ұйысқан референдумда мен де өз таңдауымды жасадым. Қордай ауданы, Шарбақты ауылындағы №256 сайлау учаскесіне барып, дауыс бердім. Депутат ретінде халықтың мұң-мұқтажы мен қажеттілігін үнемі ескеріп, біліп отырамыз. Ал, бүгінгі жасалып отырған бұл қадам ел ертеңі үшін қолға алынатын өте үлкен жоба. Сондықтан оны қолдап, Қазақстан Республикасының гүлденуі үшін әр азамат дауыс береді деп білемін. Біздер дұрыс таңдау жасау арқылы еліміздің шаңырағын биіктетіп, іргесін берік ететін жетістікке жетеріміз анық», — дейді халық қалаулысы.
«Референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» нақты көрінісі. Халықпен біртұтас болған мемлекеттің болашағы жарқын болары сөзсіз. Осы саяси шешімнен еліміз көп үміт күтеді. Мен де бүгін өзімнің Конституциялық құқығымды пайдалану және азаматтық борышымды атқару үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Біздер ел үшін өзекті істерге үлес қосуымыз керек. Еліміздің дамуы келешегіміз үшін қажет. Аудан халқы дұрыс таңдау жасайды деп білемін», — деп ойымен бөлісті аудандық мәслихат депутаты Жайық Манасбаев.