Референдумда әр дауыс маңызды болды. Әсіресе, жастардың белсенділік танытуы қуантты. Солардың бірі Жамбыл ауылының тұрғыны Мейірбек Пірәлі. 18 жасқа енді толған, Қазақстан Республикасы азаматтығын жақында ғана алған қандасымыз енді толыққанды Сайлау құқығын пайдалана отыра ауылдағы №246 сайлау учаскесінде ел болашағы үшін дауыс берді.
«Ел болашағы жастардың қолында. Еліміз үшін айтулы күні әр жас азамат дұрыс таңдау жасайды дегенге сенімім мол. Өйткені мемлекетіміздің мықты болуы бүгін жасалған оңды таңдауға байланысты деп білемін», — дейді Мейірбек.
Дауыс беру құқығы бар әрбір азамат бюллетень алып, өз таңдауын жасады. Солардың бірі, №240 сайлау учаскесіне ең алғаш дауыс беруге келген 18 жасар Арнай Алимкулова болды.
«Мен Чуйков атындағы Қырғыз мемлекеттік көркемсурет училищесінің 3 курс студентімін. Бүгін бірінші рет дауыс беруге қатысып тұрмын. Өз таңдауымызбен біз мемлекетіміздің дамуына үлес қосамыз. Мені бүгінгі референдумға азаматтық борышым жетеледі. Болашақ—жастардың қолында. Өз болашағымызға немқұрайлы қарамауымыз керек», — деді жас бойжеткен.
Қордай ауылында орналасқан «Береке» колледжінде биыл бірінші рет сайлау учаскесі ашылып отыр. Бұл орталықтан шалғай орналасқан қордайлықтар үшін өте тиімді болғанын айта кеткен жөн. Жаңа ашылған учаскеде таңнан бері сайлаушылар келіп, өз таңдауларын жасауда. Әрине, ең алғаш рет дауыс беруге келген жастар, қариялар мен көп балалы аналар мұнда да жетерлік болды.
Гвардейск қалашағындағы әскери бөлімнің жауынгерлері өз таңдауын жасады. Олардың ішінде алғаш рет дауыс берген жас сарбаздар да бар. Өзіндік ерекшелігіне сай, мұнда дауыс беру рәсімі жабық түрде өткізіледі. Осылайша офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет етушілер және 2000-ға тарта қатардағы жауынгер өз таңдауын жасады.
«Еліміздегі маңызды оқиғаның куәсі болдым. Өз таңдауымды жасадым. Біздің елде сайлау әділетті өтеді деп нақты айта аламын. Қазақстан Республикасының патриот азаматы, Отан қорғаушы сарбаз ретінде барша отандасымды референдумға атсалысуға шақырамын», – дейді дауыс беруге келген жас сарбаздың бірі. «Қасық» заставасында әскери борышын өтеп жүрген Жанболат Кәрім де дауыс беруге келді. Жас сарбаз еліміз үшін аса маңызды шешім қабылдауда өз дауысы маңызды екенін түсінетінін айтуда. Ұлытау облысының тумасы Қордай жерінде жүріп референдумға келіп өз таңдауын жасады.