БАБА РУХЫНА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛЫП, ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

0

Байырғы қазақ қоғамында ел басқарудың тамаша демократиялық жүйесі болғаны, билердің маңызды рөл атқарғаны белгілі. Сан ғасырлар бойы қоғамдық тәртіптің сақталуына, құқықтық қатынастардың дамуына би, шешендер өз үлестерін қосқан. Шын мәнінде, халқымыз би атанғандарды қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлға деп таныған.

Жұма күні ауданымызда қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, Жетісу өңіріне белгілі шешен Ноғайбай би Дәулетбақұлының туылғанына 190 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Ноғайбай шешен туралы қазіргі таңда көптеген мақалалар баспа беттерінде жарияланды. Ноғайбай Дәулетбақұлы 1834 жылы ата қонысы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сұлутөр өңірінде дүниеге келіп, 1910 жылы өмірден өткен. Атақты Малдыбай бидің шөбересі. Малдыбай би қырғыз-қазаққа аты шығып, Абылай ханның сенімді серіктерінің біріне айналған тұлға. Жаныс елінде Төле биден кейін билік құрып, мәті би атанып, Жаныс-Қасқарау еліне ұран болған.

Осы ретте, шараның бастапқы кезеңі Қордайдың орталық алаңында орналасқан Ноғайбай бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, дүнген этносының өкілдері, аудан тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.

«Бүгін – баршамыз үшін айтулы күн. Бұл біз еске алып, сөз еткелі отырған аталар даналығы мен білімін тел емген Ноғайбай бидің осал адам болмағанын айғақтайды. Сөзге ұста, шешен, билік айтып, кісі құны таразы басына түскен дауды бітірген би атына сай ісімен, әділдігімен, ақыл-парасатымен ел жадында қалған. Сол уақытта қасиетті топырағынан жер беріп, бауырына басқан дүнген халқы күні бүгінге дейін Ноғайбай бимен Кебекбай шешеннің атын ұрпақтан- ұрпаққа ұмыттырмай келеді. Дүнген ұлты елімізге келіп, егіншілікті дамыта бастады. Ауылшаруашылықтағы табыстары еңбекқорлықтың жемісі. Қазақ халқы оларға ешқандай қысым жасамай, ұлттық құндылықтары мен тілінің сақталуына дарқандық танытты. Осынау баянды байланыс ешқашан ажырамасын», — деді аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы.

Мұнан соң айтулы шараға арнайы келген қонақтар Ноғайбай бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Осыдан кейін, Ноғайбай би Дәулетбақұлының әруағына бағышталған дүбірлі той аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, «Елім деген ер еді» атты аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сонымен қатар, шара Ноғайбай ауылдық округінде ұласып, баба рухына арнап құран бағышталып, ұлттық спорт түрлерінен, оның ішінде арқан тарту, қой көтеру, қол күрес, гір тасын көтеру сайысы өткізіліп, жеңімпаздарымен жүлдегерлері дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының алғыс хаты және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Ендігі кезекте, қасиетті жұма күні Шарбақты ауылында Ноғайбай бидің есімі берілген жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Қасиетті жұма күніне орай ашылған құлшылық ордасы жамағатқа бірден лық толып, салтанатты шара жұма намазына жалғасты.

Әрбір адам елінің өткенін еске алып ойлана

да болашағына көз сала, ұлылардың ұлағатты істеріне зер сала, оларды дер кезінде жария етуге, қалың қауымның санасына салуға белсене еңбек етсе, зияткер зиялыларымыз бен тамаша тарихымыз ешқашан да ұмытылмас. Десек те, бір адамға бәрін жазу, бір мақалаға бәрін сыйғызу мүмкін емес. Тұлғаларымызды дәріптеуді естен шығармаған жөн.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.