Иммундық жүйені бақылаудың тың жолы

0

Отандық ғалымдар «Дені сау ұлт» ұлттық бағдарламасы аясында халық саулығын жақсартуға септесетін AI негізіндегі стартап әзірледі.

«ImmuniGuide» медициналық стартабы – иммундық жүйені бағалауға арналған бірегей платформа. Нұрлыбек Өдербаев пен Игорь Понамарев сынды білікті мамандар әзірлеген осы инновациялық өнім онкологиялық клиникада сәтті іске қосылды. Инновациялық медицина ғылыми-клиникалық орталығы дәрігерлерінен құралған топтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. Платформа жалпы қан сараптамасының нәтижелеріне негізделген иммунологиялық деректердің кең ауқымын қамтиды. Жасырын инфекцияларды анықтап, организмнің ауру-сырқауға, екпеге, физикалық жүктемелер мен стреске әсерін бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар, иммунитетті қалыпта ұстап, нығайтуға қатысты ұсынымдар береді.

«Ойымызда жобаның алғашқы ұшқыны 2016 жылы пайда болды. Содан бері платформаны әзірлеуге 8 жылдан астам уақыт жұмсадық. Осы аралықта 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, жасанды интеллектіні біріктірдік. Биыл шілдеде өнім өндіріске сәтті енгізілді, белсенді қолданып жатқан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқалады. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды», дейді «ImmuniGuide» негізін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-онколог Нұрлыбек Өдербаев.

Жобаның басты артықшылығы – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллектінің бірігуінде. Бұл – егжей-тегжейлі жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді. Ғалымдар денсаулық сақтау саласын дамытуға септесетін отандық өнімдерін халықаралық алаңға шығаруға дайын. Оның үстіне жоба шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып үлгерген. Мысалы, қазірде Малайзия тарапымен платформаны сол аймақта сынақтан өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алда ғалымдар технология аясын кеңейтіп, оны Азияға ғана емес, Еуропа мен АҚШ елдеріне жеткізуді көздеп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.