Қолыңнан іс келіп тұрса да, өз кәсібіңді ашуға қаржының тапшылығы кедергі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау жүйесінің маңызы зор. Көптеген талантты және еңбекқор азаматтар үшін кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар нағыз серпіліс береді.
Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы мемлекет экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Жыл санап мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрушілердің саны да артып келеді. Солардың бірі — Қордай ауданының тұрғыны Алмас Қырғызбаев.
2024 жылдың маусым айында Алмас Дүйсенұлы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Алған грант қаражатына ол Қордай ауылынан тұрмыстық техникаларды жөндеу орнын ашты. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, жеке ісін бастады. Бүгінде кәсіпкер кір жуғыш машиналарды, микротолқынды пештерді, шаңсорғыштарды және басқа да техникаларды жөндеу қызметін ұсынуда.
Алмас Дүйсенұлы техникаға жақын екенін бала кезден сезінген. 2013 жылдан бері кір жуғыш машиналарды жөндеу және кондиционерлерді орнату бойынша қызмет көрсетіп келеді. Оған бұл салада үлгі болған адам – Алматы қаласында шебер болып жұмыс істейтін ағасы. Алмас ағасының жанында алты жылдан астам уақыт жүріп, тұрмыстық техниканы жөндеудің қыр-сырын терең меңгерген.
«Сервистік сала, оның ішінде тұрмыстық техникаларды жөндеу ісі өте тиімді бизнес деп санаймын. Өйткені тұрмыстық техника кез келген үйдің ажырамас бөлігі, әрі уақыт өткен сайын олар да тозып, жөндеуді қажет етеді. Бұл қызметке сұраныс әрқашан жоғары болады. Оның үстіне, сапалы жөндеу қызметін көрсету арқылы тұтынушылардың сенімін жаулап, тұрақты клиенттер базасын қалыптастыруға болады»,– дейді шебер.
Оның табысқа жету жолы көпшілікке үлгі боларлықтай. Қайтарымсыз грантты 3-топтағы мүгедектігіне қарамастан жеңіп алғаны – табандылық пен еңбекқорлықтың жемісі. Бұл өзгелерге де қайсарлық танытып, өз кәсібін ашуға талпыныс жасауға жігер береді.
Қазіргі таңда Алмас Қырғызбаев жалғыз өзі қызмет көрсетіп жүрсе де, болашаққа үлкен жоспарлар құруда. Ол кәсібін кеңейтіп, қосымша қызметкерлерді жұмысқа алып, техникаларды жөндеуден басқа да бағыттарға назар аударуды көздейді.
Сөз соңында кейіпкеріміз кәсіпкерлік әлеміне қадам басуға ниетті азаматтарға қиындықтардан қорықпауға және мақсатына жету үшін белсенді әрекет етуге шақырды. Ол өз сөзінде: «Халқымызда «балық берме – қармақ бер» деген дана сөз бар. Мемлекет тарапынан берілген қолдау – сол қармақ секілді. Қалғаны – әркімнің өз еңбегіне байланысты. Қиындықтар болса да, олардан қорықпау керек, алға ұмтылып, өз кәсібіңді дамытуға тырысу қажет»,– деп болашақ кәсіпкерлерге жігер берді.