Аудан аумағынан өтетін республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы бұрынғыға қарағанда көш ілгері болып отырғаны белгілі. Дей тұрғанымен де, әлі де болса назар аударатын учаскелердің бар екені анық. Тұрғындар тарапынан қаншама рет сол мәселе өзекті ретінде көтеріліп келеді. «Жол мұратының жету» екенін ескерсек әлі де болса аудан аумағында сол мұратқа жете алмай отырғандар баршылық.
Мәселен, Қаракемер ауылдық округіне қарасты Керу ауылы тұрғындарының жанайқайы әзірге шешімін таппай отыр. 54 ауласы, 145 адам қоныстанған шағын ғана елді мекенге тақтайдай тегіс жол салу экономикалық тұрғыдан алып қарағанда мардымсыз. Өйткені үлкен соманы қажет етіп отыр. Бірақ, ондағы егістік көлемі 3611 гектар, шабындық 915 гектар, жайылым 29300 гектар алқапты құрайды. Жалпы округ тұрғындары егістік, шабындық және мал бағу алқаптарына жету үшін Керу ауылына апаратын жолды пайдаланады. Екі ауылдың арасын жалғайтын 18,1 шақырым жолдың әбден тозығы жеткен, жеңіл көліктер үшін тіпті қауіпті десек артық айтқандық емес. Ал, аталмыш округтегі барлық шаруа қожалықтардың жерлері сол Керу ауылына баратын тау бөктерлерінде орналасқан. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу, егін жинау, мал бағуға баруға таулы жермен жету үшін күніне жүздеген адам басын қатерге тігіп келеді. Керу ауылында №15 М.Ғабдуллин атындағы бастауыш мектебі бар. Бірақ, қазіргі таңда білім ошағы осы жолдың қиындығы үшін, адам санының азаюына байланысты жұмысын тоқтатқан. Қаракемер-Керу жолымен қатынау қиын болғандықтан тұрғындар мектеп жасындағы балаларын басқа елдімекенге ауыстырған. Ал, жыл мезгілінің қыс, көктем айларында жүк көліктерінің өзі ол аймаққа жете алмай қалады. Ал, жедел жәрдем көлігінің Керу елдімекеніне шақыру болған жағдайда уақытылы жетуі тіпті мүмкін емес. Екі ауыл арасын жалғап жатқан 18,1 шақырымдық жолды жөндеуден өткізу қазіргі тұрғындардың басты талабына айналып отыр. Жақында Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан Қаракемер-Керу жолын жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама (сметалық құны 797 млн. теңге) әзірлеп, ведостволық сараптамаға жолданыпты. Оң қорытындысы шыққан жағдайда, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылатын болады. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей экономикалық тұрғыда бұл тиімсіз болып отыр. Сол себепті де жақын арада жол салынады деген сұрақ өзекті болып қала беруі де мүмкін.
Жол демекші, қазір республикалық мәндегі Шу-Қайнар тас жолына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Алайда, сол жұмыстар Қайнар ауылы маңында мүлдем тоқтап тұр десек болады. Жұмыстың жай жүруі аздай, онда жолдарды жасау кезіндегі технологиялар мүлдем сақталмаған, дейді тұрғындар. Жол белгілері жоқ, соның салдарынан сырттан келген көлік жүргізушілер үшін көптеген қиындықтар туындауда. Бұл алдымен қауіпсіздік мәселесі. Қазір топырағы көкке көтеріліп, ауыл ішін тұман басқандай әсерде. Ал, жақында жауын-шашын да басталды. Осы жолға байланысты ауыл тұрғындарының айтар шағымы таудай. Жаздай шаң жұтқан ауыл тұрғындары енді балшыққа белшемізден батамыз, деп отыр. Тіпті, редакциямызға хабарласып, осы мәселені көтеру қажеттігін алға тартқандар да болды.
Білуімізше, мердігер компания жол жасау жұмыстарының аталмыш учаскесін 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтқан. Алайда, бүгінгі таңда жұмыстың тек 20-30 пайызы ғана орындалған. Жұмысшылардың жиі ауысуы да байқалады.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қайнар ауылында кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған болатын. Алайда, жол жөндеудің ұзаққа созылуына байланысты қазір олар үлкен шығынға батуда.
Жақында мәлім болғандай, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Айман Әшімова осы екі мәселені көтеріп облыс әкіміне депутаттық сауал жолдап, ол сауалға жауап та көп ұзамай келген. Сол жауапқа тоқталып өтсек.
Депутат атына келген жауапта Қаракемер-Керу автожолын жасау үшін техникалық құжаттама жасалып, ведомствоаралық сараптамадан өткен. Енді оған қаржы бөлу 2025-2027 жылдарға облыстық бюджетті қалыптастыру барасында қаралатын болды, делінген. Яғни, биыл немесе келер жылы аталмыш учаскені асфальттау жүзеге асырыла қоймайды деген сөз. Ал, Қайнар-Шу автожолы бойынша облыстық әкімдік тарапынан жұмыстың баяу жүруіне байланысты Көлік министрлігіне хат жолданған. Барлық мәселе облыстық әкімдіктің бақылауынде делінген.
Осыдан шығар ой Қаракемер, Керу, Қайнар ауылдары тұрғындарына шыдамдылық танытудан басқа амал жоқ. Ең бастысы бұл мәселеден облыс әкімінен бастап аудандық әкімдік хабардар. Жағдайды жақсы біледі. Ендігі амал, тек күту ғана.
Ж.Омаров