СУ – ТІРШІЛІКТІҢ КӨЗІ

0

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі», деп әспеттеген. Су бар жерде даму бар, ілгері басушылық тоқтамайды. Елімізде су ресурстарының тапшылығы – ең өзекті деген проблемалардың бірі. Сол себепті де халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі еш уақытта күн тәртібінен түскен емес.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған сәйкес, Қордай ауданының елді мекендерін үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жіті бақылауында.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мәселесі тек бізге емес, күллі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді.

Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық басымдықтардың бірі екені анық.

Елімізде ауылдар мен шалғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеулер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.

Осыған орай соңғы уақытта Қордай ауданындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жанданды. Аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы жауапты бөлім басшысы мен ауылдық округ әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Аудан әкімі әрдайым құрылысы мерзімінен кешікккен жобаларды сынға алып, жауаптыларға ескерту жасап келеді. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара қолданылатынын ескертуде.

Қазіргі таңда ауданда 6 ауыз су желісінің құрылыстары аяқталды. Атап айтқанда Ноғайбай, Отар, Қордай (Цем.зауыт, красный партизан), Қайнар, Степное, Қарасу ауылдарында. Сонымен қатар тағы 6 елді мекенде (Бәйтерек, Соғанды, Шарбақты, Күнбатыс-2, Еңбек, Сарыбұлақ) су құбырының құрылыстары жүргізілуде.

Ал, қалған 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін жобалаушы мекемелермен келісімшарттар жасалды. Атап айтақанда, Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Гвардейск, Жаңатұрмыс, Алға, Күнбатыс-1.

Гвардейск қалашығы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік өтінім энергетика басқармасына жолданды. Керу, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Жаңатұрмыс, Күнбатыс-1 ауылдарының сараптама қорытындылары алынған. Көктөбе, Қарасай батыр ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға тапсырылды. Ал, Алға, Бел, Қызылсай ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, жылдың соңында аяқталуы тиіс.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселеніп отыр. Оны шешуде, сонымен қатар су үнемдеу технологиясын енгізу өте маңызды. Ауданда халықты ауыз сумен қамтуда кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олай болса, бірнеше жылдан кейін аудан тұрғындары толықтай сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады деп сенеміз. Бас-тысы – қолға алынған шаралардың нәтижелі жүзеге асуы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.