«АЛМАРАСАННЫҢ» АЛАР АСУЫ АЛДА

0

Жалпы, көктем мезгілі қолына кетпен ұстап, жерден ризығын жиған әрбір диқан үшін қарбалас сәт. Жылға азық болар жауапты іске білек сыбана кіріскен шаруалар бүгінде қажетті техникасы мен жабдығын, тұқымы мен тыңайтқышын дайындаған. Олардың қатарында Қордай ауылдық округінен орын тепкен «Алмарасан» шаруа қожалығы да бар.

Николай Сидоренко басқаратын «Алмарасан» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Бүгінде егін және мал шаруашылығын жүргізуде тәжірибесі мол Николай Михайлович қолға алған кәсібін сәтті дөңгелетіп келеді. Қазіргі таңда шаруа қожалығында 300 бас мүйізді қара мал бордақыланып, сүт және ет бағытында байланып отырған 180 бас сиыр бар. Мұнымен қоса агроқұрылымның тамшылатып суғару технологиясы орнатылған жеміс бақтары, дәнді дақыл алқаптары мен қажетті техникасы тағы бар. Жуырда шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың арқасында лизингіге сусорғы мен дизельдік қозғауышы бар жаңбырлатып суғару қондырғысын алған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудан кәсіпкерлеріне аталмыш жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алуды арнайы құрылған чат арқылы ұсынды. Біз біраз ойланып, қондырғыны аламыз деген шешімге келдік», — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Осылайша, тез арада бизнес жоспар құрып, бұл шешімнің оң-солын салмақтаған кәсіпкер заманауи технологияның тиімділігіне көз жеткізді. Қазан айында оның бизнес жоспары мақұлданып, құрал-жабдыққа тапсырыс жасалып, көп ұзамай жаңа қондырғы келіп жетті. Жиынтықтың құны 5 миллион 100 мың теңгені құрайды. Мемлекет тарапынан бұл соманың жартысы, яғни 50 пайызы субсидияланады.

«Лизинг беруші «Тараз» шағын қаржылық ұйымы» ЖШС техниканы лизингіге 5 жылға 5% сыйақы мөлшерлемесімен беріп отыр. Өтінім түсіп, ол мақұлданғаннан соң біз бірден іске кірісіп, қысқа мерзімде оны алушыға жеткізуге тырыстық», — дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Қордай ауданындағы өкілі Әлімжан Әденов.

Бұл қондырғының көмегімен шаруашылық басшылығы суармалы су мәселесін оңтайлы шешіп, суғаруға жұмсалатын су мөлшері мен уақытын айтарлықтай азайтпақ.

Осыдан кейін біз шаруа қожалығының аумағындағы жеміс бағын араладық. Мұндағы жұмыстың барысын баққа жауапты Гельман Нұрқасымов айтып берді.

«Бұл бақ бастапқыда шағын ғана болатын. Әйтсе де жыл сайын мұнда жаңа көшеттер отырғызылып, аумағы кеңейді. Мәселен, былтыр алма ағаштарын отырғыздық, алмұрт пен көкөрік бар. Алайда, басымдық алмаға беріледі. Қазір мұнда алманың «Красный превосходный», «Айдаред» және «Golden Delicious» сынды бірнеше түрі бар. Алманың бұл сұрыптарының дәмдік сапасы өте жоғары. Тамшылатып суғару әдісін қолданамыз, сондықтан суармалы судың шығыны айтарлықтай азайған. Алдағы уақытта Меркі ауданындағы тәлімбақтан көшет алып, бақты ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», — дейді Гельман Әбдікәрімұлы.

Жалпы, шаруашылықта межеленген жоспар жетерлік. Алдағы уақытта Николай Михайлович ауыл тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізу мәселесін шешуді қолға алмақ. Шаруашылық орналасқан Цемзауыт елді мекенінде су айдынының аумағынан ауыл тұрғындарына арналған заманауи демалыс орталығын ұйымдастыру көзделген.

 

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.