Өнердің міндеті – адамның жан сезімін ісі арқылы ашып беру. Мүсінші мүсін өнері арқылы құбылыстың сырт пішінімен қатар, ішкі жан дүниесін де жеткізе білетін адам. Мұндай өнер адамдарының туындылары қарапайым халыққа ерекше жарқын көрініс сыйлайды. Сондықтан да мүсіншілердің дәрежесі өнер сүйер қауым арасында жоғары бағаланады. Осы ретте, Бетқайнар ауылындағы дене шынықтыру-спорттық сауықтыру кешенінің қызметкері, қабілеті зор мүсінші Самат Италмасов жайында әңгімелекпіз.
Мүсін – ерте замандағы өнерлердің бірі. Мәселен, суретші ойын мың сан бояумен жеткізеді. Ал мүсін шебері ойына алған туындысын тастан, мәрмәрдан қашайды, ағаштан ояды немесе қоладан құйып, гипстен де жасап шығарады. Шынайы талант тасты да жарып шығады десек те, адамның өз бойындағы талантын немесе өзгелердің бойындағы талантты бірден танып білуі оңай шаруа емес. Қиындығы мен бейнеті көп, үнемі тынымсыз еңбек пен жанкештілікті, асқан шеберлік пен кәсібіңе деген сүйіспеншілікті, талант пен талапты тоғыстыратын осынау мүсіншілік өнерге ол бірден келе салған жоқ. Бүгінде еңбегін аудан жұртшылығы танып, мүсін өнерін жетік меңгерген Самат Жаубасарұлы жайында әңгіме өрбітсек.
Ол 1989-1993 жылдар аралығында Бішкек қаласындағы (бұрынғы Фрунзе) қолөнер училищесін үздік аяқтайды. Аталмыш білім ордасында оқып жүріп, кеңес одағы тұсында әскер қатарына шақыртылып, мерзімді әскери борышын Германияда өтеп келеді. Одан 2002-2004 жылдары Ресей федерациясы, Самара қаласында танымал мүсінші Рафаэль Хасановичпен қызметтес болып, өнер саласында баға жетпес тәжірибе жинақтап келеді. Қазіргі таңда Самат Жаубасарұлы Мәлік Адамбаев басшылық ететін Бетқайнар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жылыту қазандығының операторы қызметін атқаруда. Кейіпкеріміздің шебер қолынан шыққан туындыларына келер болсақ, ол мүсінді жасауда негізінен темір, құм, цемент материалдарын қолданады. Сондай-ақ, қажетті бояулар жағып жан бітіреді. Жұмысының бір көрінісін спорт кешенінің аумағынан тамашалауға болады. Еңбектерінің арасында тырна құсы, елік жануары, былғары қолғап, шахмат тасы шебер мүсінделген.
«Бір ғасыр өмір сүрсең – бір ғасыр оқы», деген қанатты сөздің астарында терең мазмұн бар. Адам қандай жаста болсын үнемі толғаныста болғаны абзал. Әр мүсінін аяқтаған сайын бұл өнердің қыр-сырын енді танығандай, шеберлігін шыңдап келеді. Өзіндік көзқарасы мен талғамы туындыларынан көрініп-ақ тұрады. Алайда, «жалғыздың үнi шықпас», деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Осы тұрғыда, мүсінші Самат Жаубасарұлына шығармашылық туындыларын іске асыруда ірілі-ұсақ жұмыстарына спорт кешені ұжымы бірге атсалысқанын айта кеткен жөн. Шығармашылықтың шыңына жетуге сан түрлі ізденіс керек. Қолөнермен айналысуға машықтанған мамандар түрлі қиял ғажайыпқа ерік береді. Әрбір туындының сәтті шығуына уақыты мен күш-қуатын жұмсайды. Талантының арқасында көне өнердің тізгінін ұстап, қолөнердің көшін алға сүйреген кейіпкеріміздің отбасына береке, кәсібіне мол табыс тілейміз!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ