Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келіп жеткен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді әуежайдан қарсы алды.
Мәртебелі қонақты күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды.
Бұдан кейін кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы (Ассоль) Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Ол сондай-ақ мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды. Картина Ресей Президентіне сапар соңында сыйға тартылады.
Сапар барысында мемлекеттер басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.