Таяуда жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, Алға ауылы Алматы-Бішкек тас жолы бойындағы зират айналасы қоршалды.
Қазақ қоғамында қорым қасиетті мекен саналады. Қорым орналасқан маңға дәретсіз аяқ баспаған ата-бабамыз әруақтар мәңгілікке тыныстаған мекеннің тазалығына жіті мән берген. Дана халқымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды», — дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жатқаны белгілі. Себебі, әруақты құрметтеу мен оған тиісті дұғаларын жасау, осы дүниедегі қолдан келген өзге де амалдарды жүзеге асырудың өзі баға жетпес сауапқа кенелтетіні белгілі. Көптен шешілмей жүрген өзекті істің түйіні таяуда шешімін тапты. Маңайын қоршауға 10 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалып, халыққа кіріп-шығуға ыңғайлы етіп жасалды. Сондай-ақ, қоршау жұмыстары бір шақырымға жуық аралықты қамтиды. Жүйелі жұмысты «Қордай Строй» мердігерлік мекемесі келісімшартта көзделген мерзімге сай атқарып шыққан. Олардың жұмысын қабылдаған ауыл депутаты, ақсақалдар төрағасы және жергілікті қауымдастық өкілдерінен құралған комиссия мүшелері дән риза.
«Зират әбден тозып, ішіне мал кіріп, ластап жатқаны жанымызға бататын. Сондықтан аудан және ауыл әкімдігіне ардагерлер және ауыл тұрғындары атынан өтініш айтып, қолдау сұрадық. Көптің өтініші жерде қалмай, биыл тағылымды, сауапты іс атқарылды», — дейді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.
Әрине, өмірден өткен тұлғаларымызға тағзым ету, ұлықтау – елдік дәстүр. «Тірінің қадірін біл, Өлінің қабірін біл!» деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Ел тілегі ескерусіз қалмай, көп қалауы қабыл болды деген осы шығар.
Әділет Дүйсенұлы