Бүгінде қазақстандық қоғамның ортақ дерті – этникалық тегіне, дініне қарамастан тәуелділік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIII сессиясында сөйлеген сөзінде «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық» сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады.
Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деген болатын. Адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап, қоғамымызға зор нұқсан келтіріп отыр.
Жамбыл облыстық әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұсынысы бойынша «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында қауіпсіз өмір сүру мен ұрпақ болашағы балалар мен жастарды дұрыс тәрбиелеу үшін ауданда «Салауатты сана» жобасы қолға алынуда. Аудандық ардагерлер ұйымы мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп еліміздегі бес әлеуметтік кемшілік, қоғамдағы кеселдерді жоюға, оларды тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық, нашақорлық, құмарпаздық (лудоманияны) болдырмау жолдарын көрсету, келеңсіз әрекеттерге қарсы болу мәдениетін қалыптастыруға үйлестіру ұсыныстарын жасап, жастардың рухани дамуы, мәдениетті болуы азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу үшін қызмет атқарып келеді.
«Салауатты сана» жобасының мақсаты – ата-аналарға, білім ұйымдары ұжымдарына, жасөспірімдерге қоғамның бес әлеуметтік кеселінің себеп-салдары, олардың алдын алу, болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, елдің рухын көтеру, руханиятты жандандыру, өз ұрпағын қорғау болып табылады. Қазіргідей интернет желісі дамыған заманда саналы тәртіп пен жоғары жауапкершілікті әрқайсымыз өзімізді көрсете отырып, балалардың санасына сәуле құяр ізгілікті істерді әр шаңырақта ата-әжесі, әке-шешесі өз баласына дәріптеуі керек. Ешкімнің баласын біреу тәрбиелеп, сізге жақсы бала бермейді. Құрметті, ата-аналар, қолыңызға алып әлдилеп отырған балаңыз балабақшаға барады, бастауыш мектепте оқиды. Бұл уақытта баланың бәрі жақсы. Ал «өтпелі кезең» дейтін мезгілде, яғни жоғарғы сыныпта бала иесіз қалады. Міне, мектеп жасындағы балалар арасында келеңсіз жағдайлар осы кезде туындайды. Қазіргі таңда орын алып отырған буллинг, лудомания, вандализм сынды жат қылықтарды көрген бала жасағысы келеді. Ол бала ғой. Қадамын шалыс басып жатқанын сезбейді де. Осы кезде әке қайда, ана қайда? Сан алуан ойындарға арбалған бала қатыгезденіп кеткенін өзі де сезбей қалады. Құрметті ата-аналар, Сіздерге айтарымыз, әлпештеп отырған көзіңіздің ағы мен қарасы, балаңыз, немереңіз дұрыс тәрбие алуы үшін сіз жауаптысыз. Біздер, аудан ардагерлері, сіздерге көмектесуге дайынбыз.
Әр ата-ана кешке балалармен шүйіркелесіп, кітап оқыса, ертегі айтса, балалар арасында мейірімді қарым-қатынастар нығаяды, сонда балалар әкесіне де шешесіне де сенеді. Сенім пайда болған кезде баланың санасында сілкініс пайда болып, достық қарым-қатынас мәдениеті қалыптасады. Балаға ешқашан өтірік айтпаңыз. Не болса да турасын дұрыс түсінікті жолмен жеткізіңіз. Бүгінде әлеуметтік желі, ұялы телефондар шырмауына түсіп, қатыгездік ортаға айналып, бұғанасы қатпаған балаларымыз осы әлемдегі қорқыныш, үрей, жауыздықтың құрығына ілініп кетпес үшін бала тәрбиесіне тек мұғалімдер ғана емес, бүкіл ел болып атсалысуымыз керек. Сондықтан аудандық ардагерлер кеңесінің «Салауатты сана» жобасы бойынша барлық округтерде «Билер кеңесі», «Аналар алқасы», «Әкелер кеңесі» жоспар бойынша өз ауылдарыңызда ата-аналармен, оқушылармен, жастармен жеке-жеке іс-шаралар өткізіп, өскелең ұрпақ тәрбиелеу ісінде жаңашылдықтан тартынбай, өзгерістерге бел бууға шақырамыз.
Б.Әлімбет, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы