ТӘУЕЛСІЗДІК – АМАНАТЫМ

0

«AMANAT» партиясының аудандық филиалында 16 желтоқсан «Тәуелсіздік күні» мерекесіне 33 жыл толуына орай, желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өткізілді.

Қазақ елінің тәуелсіздігін алу жолындағы алғашқы қадам болған 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігін ұмыту бүгінде мүмкін емес. Содан бері 38 жыл өтсе де жан жарасы әлі жазылмаған қаншама желтоқсаншылар арамызда жүргенін кейбіреуіміз байқамаймыз. Шара барысында желтоқсаншылар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайындағы бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісті. Желтоқсан батырлары 16-18 желтоқсанда алаңда болған оқиға жөнінде өз көргендерін айтып, бір сәтке өткен күнге оралды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының каһармандарындай қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялаудың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаматтықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан каһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», деп жазған еді.

«Біз осындай батырларымызды жастар арасында насихаттауымыз керек, жастарымыз осындай тұлғалардың бар екенін білуі керек. Әрине, мәселе бір адамды насихаттаумен шектелмейді, біздің мақсат — тарихты жаңаша зерделеу тұрғысында әлі де болса нақты саяси, құқықтық бағасын ала алмай келе жатқан ұлт тарихында үлкен орны бар оқиғаларды рухани айналымға қосу», — деп түйіндеді басқосуда сөз алған Бейқұт Тлебалдыұлы. Әрмен қарай, ауданымыздың дамуына үлес қосқан, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі, кәсіби іскерлілігі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін бірқатар азаматтар марапатталып, партия атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.