Жасөспірімдердің жүктілігі болып 19 жастан кіші қыздар арасындағы жүктілік саналады екен. Жүктілік пен босануға байланысты асқынулар бүкіл әлемде 15-19 жас аралығындағы қыздардың өлімінің негізгі себебі болып табылады.
Өкінішке орай, біздің елімізде жасөспірімдерінің тиімді сақтану жолдары, отбасын жоспарлау және жыныстық өмірдің ерте басталуына байланысты мәселелер туралы хабардар болу деңгейі өте төмен. Сондықтан жасөспірімдер арасында қажетсіз жүктіліктің өсуіне жол бермеу үшін ақпараттық жұмыстарға көбірек көңіл бөлу қажет. Жасөспірімдер ойланбаған жыныстық қатынастың салдары, қауіпсіздік әдістері, түсік түсірудің зиянды әсерлері, сондай-ақ жас кезінде жүктілік пен босануға байланысты қауіптер туралы білуі керек. Әрине, үлкен жауапкершілік ата-аналардың мойнына жүктеледі, олар балаларымен осы бағыттағы тәрбие тақырыптарында сөйлесуі керек. Алайда, жасөспірімдердің жүктілік мәселесі жеке отбасыларға емес, бүкіл қоғамға қатысты. Бұл мамандар пікірі.
Өткен бейсенбіде «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында шара өтті. Оған орталық арухананың дәрігерлері шақырылды. Жиынға профилактика бөлімшесінің валиолог дәрігері Құралай Қасабулатова, дәрігер-гинеколог Тарана Ахвердиева және психолог Жұлдыз Оспанқұлова қатысты. Кездесудің ұйымдастырушысы және жүргізушісі колледж медбикесі Гулуйпа Оспанова болды. Колледж студенттері «Жарқын болашақ» атты команда құрып, «Біліммен, еңбекпен, еңселі ердің ертеңі, жастардың қолында» ұранымен білімдері мен өнерлерін көрсетті. Білімгерлер баяндама, өлең оқып, би билеп, бейнероликтер көрсетті. Ал, жиын қонақтары Тарана Якубовна, Құралай Аманкелдіқызы және Жұлдыз Қайратқызы қыздарға ерте жүктіліктің барлық зардаптары туралы, сондай-ақ оның алдын алу және өзін-өзі қорғау жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Колледж медбикесі Гүлуйпа Әбдіқызы өз баяндамасында бұл жеке адамның емес, бүкіл қоғамның өзекті мәселесі екенін түсіндіріп кетсе, аудандық аурухана дәрігерлері ерте жүктілік — бұл әлі жас қыздардың физиологиялық және психологиялық жағдайы толық жетілмеген кезеңде бала туатын жағдай, олар бұған мүлдем дайын емес және бұл жағдай жас қыздардың тәрбиесіне, болашағына және денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтып өтті.
Мадина Узбекова