Ең алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында тіркеліп, бүкіл әлемге тараған коронавирус эпидемиясының зардабын ешкім ұмыта қойған жоқ. Тәжтажал талай адамның өмірін жалмап, денсаулығына айтарлықтай залал келтірді.
Араға жылдар салып Қытайда жаңа індет – метапневмовирусын (HMPV) жұқтырушылардың тіркелгені туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған деректерден жергілікті ауруханаларда ұзын сонар кезекте тұрған науқастарды көруге болады. Қытай билігі «қорқынышты ештеңе жоқ» деп сендірсе де кейбір ресми емес ақпарат көздері жаңа вирустан қайтыс болғандардың қатары артып жатқанын жариялады. Әсіресе метапневмовирус солтүстік провинцияларда кеңінен тарап, 14 жастан кіші балалар арасында айтарлықтай өскен. Тәуекел тобына бес жасқа дейінгі балалар, нәрестелер, егде жастағы адамдар, әсіресе 65 жастан асқандар және иммундық жүйесі әлсіреген немесе демікпе, обструктивті өкпе ауруы сияқты созылмалы тыныс алу аурулары бар адамдар жатады.
Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми есебінде халықты кезекті рет әбігерге салған метапневмовирустың таралуына (HMPV) кәдімгі тұмау себеп болған. Мамандардың айтуынша, метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және кей жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы жұғады екен.
Таяуда ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі респираторлық вирустық инфекциялардың қатарына жататын метапневмовирус Қазақстанда да анықталғанын мәлімдеді. Ресми деректе 30 науқастың тіркелгені айтылды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғаннан бері елімізде тұмауға жатпайтын вирустарға қатысты 8 360 үлгі зерттелген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда да бүкіл әлемдегі сияқты ЖРВИ және тұмаумен сырқат-танушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Өткен жылдың 1 қазанынан бастап республикада ЖРВИ-дың 2 002 335 сырқаты, зертханалық расталған тұмаудың 941 сырқаты, оның ішінде А үлгілі тұмаудың 910 жағдайы (H1N1), А (H3N2) – 1 жағдайы, В тұмауының 30 жағдайы тіркеліпті.
Осы орайда алыс-жақын шетелде қалыптасқан ахуалға тоқталып өткеніміз жөн болар. Көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан вирусқа қатысты көрші Ресей де дабыл қағып, Қытайдағы метапневмовирус жағдайын қадағалауға кірісті. Ал Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны артып, HMPV барлық тексерілген пациенттердің 4,5 пайызынан анықталған. Сондай-ақ Қытай мен Камбоджаға жақын жерде орналасқан елдердің билік органдары да жағдайды бақылауға алды. Олар вирустың COVID-19 және тұмауға ұқсастығын атап, алдын ала HMPV туралы ескерту жасады. Ал Үндістан билігі «HMPV кез келген басқа респираторлық вирусқа ұқсайды, үрейленуге негіз жоқ» деп, арқаны кеңге салып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытай билігі әлі ресми түрде төтенше жағдай жариялаған жоқ.
Алайда тайваньдық «Money UDN» басылымы: «Метапневмовирустан болатын өлім көрсеткіші 43 пайызға жетуі ықтимал», десе, британдық «The Independent» баспасөзі: «Қытай бұл мәселенің ауқымын кішірейтіп отыр», деп жазды. Десе де бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин вирустар қыс мезгілінде жиі тарайтынын және бұл жиі кездесетін құбылыс екенін тілге тиек еткен ол: «Қытай үкіметі өз азаматтары мен бізге келетін шетелдіктердің денсаулығына алаңдайды. Бірақ Қытай ішінде саяхаттау қауіпсіз», – деп сендірді.
Айта кетерлігі, ғаламтордағы деректерге зер салсақ, метапневмовирусы әу баста 2001 жылы Норвегияда анықталған екен. Голланд ғалымдары сол уақытта аурудың 200-400 жыл бұрын құстардың метапневмовирусының мутациялары арқылы пайда болғанын анықтайды. Бір деректерде сол кезде 5 жасқа дейінгі балалардың көбі осы вируспен ауырған деген ақпарат бар. Алайда қанша бала ауырғаны туралы нақты айтылмаған. Егер вирус бұған дейін адамнан бір рет анықталса, онда өлімге әкелетін жағдай өте төмен болады. Өйткені оларда антидене бар. Демек, вирус жаңадан ашылған дерт емес, ұзақ жылдардан бері қайталанып жатқан ауру.
Осы орайда метапневмовирус және одан келетін қауіп-қатер туралы белгілі вирусологтардың пікіріне назар аударсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының профессоры Жұмабек Бекеновтың айтуынша, әзірге пандемия дәуірі қайта оралады деп дүрлігуге себеп жоқ.
– Қазан айынан бастап сәуірге дейін ЖРВИ вирустарының, жалпы тұмаудың қатты өршитін кезі. Оның ең жоғарғы өршуі қаңтарға келді. Сондықтан да метапневмовирус туралы енді естіп отырмыз. Әйтпесе бұл 2001 жылдан бері бар вирус. Мәселен, ол пара тұмау, аденовирус, риновирус, баукавирустар сияқты ағайынды вирустардың бір түрі. Анау айтқандай қорқатын дүние емес. Дүрлігудің қажеті жоқ. Десе де бұл вирустың қоздырғышы әлі анықталған жоқ. Сол себепті әзірге арнайы алдын алу жолдары немесе вакцина түрі жоқ, – деген Жұмабек Елтекұлы метапневмовирустың негізгі белгілерінің кәдімгі тұмаудан айырмашылығы жоқ екенін сөз етті.