Тігіншілік – тек кәсіп емес, бұл талғам мен табандылықты талап ететін ерекше өнер. Осындай қасиетті бойына сіңіріп, жастайынан ине мен жіпке жан бітірген жанның бірі – қордайлық тігінші Гүлназым Кенжеғараева. 60 жасты еңсерсе де, әлі күнге дейін қолынан ісін тастамай, еңбекқорлығымен ел алғысына бөленіп келе жатқан ісмермен жуырда сұхбаттасудың сәті түсті.
Гүлназым апай үшін тігін өнері бала күнінен басталған. Бұл қабілет оған анасынан дарыған. Ол мектеп жасынан тігінге қызығып, алғашқы киімін бірінші сыныпта-ақ тіккен. «Алғаш рет бірінші сыныпта оқып жүргенімде купальник тіккенім есімде. Балалардың бәрі суға шомылуға бара жатыр екен. Үйдегі төсектің бетіндегі төсенішті ала салып, тез-тез кесіп, құстың суретін алдына келтіріп купальникті тігіп алып, балалардың артынан жүгіре жөнелдім. Міне, содан бері қолымнан ине-жіп түскен жоқ. Ол кезде қол машинасы еді, апам мен анам бірдеңе тігуге отырса, мен де отыра қалатынмын, қалыспай», – деп естелігімен бөлісті кейіпкеріміз.
Кейінірек ол өзіне кофта, шалбар, белдемше тігуді үйренді. Тіпті 7-сыныпта оқып жүргенде мектеп формасын, ал 11-сыныпты тәмамдарда бітіру кешіне өзіне арнап көйлек тіккен. Тігін саласында арнайы білімі болмаса да, мектепте оқып жүргенде үш айлық «Пішіп, тігу» курсын аяқтап, алғашқы қадамдарын жасаған.
Гүлназым апайдың балалық шағы үлкен отбасында өткен. Бір үйде он бала өссе де, тігінге жақын болғаны тек өзі екен. «Үлкен отбасында тәрбиеленген соң, мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Ауылда 200-300 адамды жұмыспен қамтитын үлкен өндірістік комбинат болатын. Сол мекеменің тігін цехында 12 жыл жұмыс істедім. Кеңес үкіметі құлаған кезде бәрі тарады, жұмыссыз қалдық. Сол кезде цехтағы тігін машиналарын бізге сатса екен, үйде отырып жұмыс істесек деген ой келді. Шынында да, солай болды. Жолын тауып, тігін машинасын сатып алдым. Үйімнің ауласынан шағын цех ашып, сол уақыттан бері жұмысымды жалғастырып келемін», – дейді ісмер.
Гүлназым Кенжеғараева үшін «Тіге алмаймын» деген сөз жоқ. Қандай тапсырыс болса да, қашпайды. Қыз-келіншектерге көйлек тігуден бастап, көліктің орындықтарына арналған қап, атшабуын, күртеше, пальтоға дейін шебер тігеді. Бұрыннан келе жатқан тұрақты клиенттері де аз емес. «Жоқ, ондай тіге алмаймын деп ешқашан айтпаймын. Сол үшін де мені клиенттерім жақсы көреді деп ойлаймын», – дейді өзі.
Гүлназым ханым дайын үлгілермен жұмыс істемейді, барлық киімді өзі пішеді. Қыз-келіншектерге көйлек тіккенде, фасон мен матаның үйлесімін ұсынып, жаңа идеяларымен бөлісіп отырады. «Матаның барлық түрін қолданамын: шыттан бастап тері мен мехқа дейін. Бір көйлекті жарты күнде-ақ тігіп тастаймын. Ал күрделі кешкі көйлектерді тәулігіне бір-екеуін тігіп үлгеремін», – дейді ол.
Тігіншіліктің қаншалықты маңызды екенін клиенттердің алғысы мен естеліктерінен байқауға болады. «Бұрыннан бір келіншекке киім тігетінмін. Кейін оның қызына көйлек тіге бастадым. Ал қазір қызының қызы үшін киім тігемін. Бірде сол немересі Македонияға би конкурсына қатысатын болып, оған Аққу костюмі қажет болды. «Уақыт тығыз, тапсырыс бір күнде дайын болуы керек. Сенен басқа ешкім тіге алмайды»,-деп тұрақты клиентім маған сенім білдірді. Түнделетіп тігіп үлгердім. Сол қыз менің костюміммен шетел сахнасына шығып, гран-при жеңіп алды. Жақында сол келіншектің шөбересі дүниеге келді, енді Алла қаласа оған да көйлек тігетін боламын», – деп күлімсіреп еске алады Гүлназым апай.
Қазір Гүлназым апайдың келіні тігінді үйреніп жүр. Тіпті үлкен келіні Алматыда тігін цехын ашқан. «Мен өзімнің тәжірибемді жастарға үйреткім келеді. Мемлекеттен қолдау көп қой. Жастарға үнемі қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер туралы айтып отырамын. Өзім де 2019 жылы несие алып, заманауи тігін машинкасын сатып алдым. Ендігі арманым – қыз-келіншектерге тігіннің қыр-сырын үйретіп, жаңа шеберлерді тәрбиелеу», – дейді ісмер.
Гүлназым Кенжеғараева – өнерге деген адалдығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында жастарға үлгі болған өз ісінің шебері. Ол өнердің мәңгі жасампаз екенін дәлелдеп, қолынан шыққан әрбір тігісі арқылы тарих жазып келеді.
Сәуле Мұхадинқызы