Жамбыл облысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, жергілікті атқарушы органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен бизнесті қорғау бойынша форум өтті.
Ербол Қарашөкеев жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігерінің арқасында кәсіпкерлікті қорғаудың тиімді жүйесі құрылып жатқанын жеткізді.
– Ел Президенті бизнесті қорғау жөніндегі жұмыстың басымдықтарын нақты айқындап, мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті екенін атап өтті. Кәсіпкерлерге келетін болсақ, олар мемлекеттік аппараттың шынайы тең құқылы серіктестері болуға тиіс, — деді облыс әкімі.
Облыста 2025-2028 жылдары құны 3,1 трлн. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Онда барлығы 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. 2024 жылы құны 214 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.
Кедергілер мен бюрократияны жою үшін инвесторларды қолдау орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Инвестициялық тартымдылықтың тағы бір факторы – инфрақұрылым. Индустриялық аймақтар дайын өндірістік алаңдарды ұсынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек өз баяндамасында егжей-тегжейлі айтып берді.
«Тараз» индустриалды аймағының аумағында 1,3 мың жұмыс орнын құру арқылы құны 137 млрд. теңгені құрайтын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтары 180 гектарға құрылды. Бұл субаймақтарда әр ауданның ерекшелігіне қарай орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылады.
«Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталды (ауданы 40 мың шаршы метр). Кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30 пайызы броньдалды. Өндірістік жайлар төмен бағамен ұзақ мерзімді жалға беріледі. Нысандар осы жылдың 2 тоқсанынан бастап іске қосылады.
Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істердің тіркелуі төрт есеге азайып, 21 инвестордың мәселесі шешілген.
Прокуратура органдары 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті: кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жүйелі мәселелерді ортаға салды.
Форумдағы қорытынды сөзінде облыс әкімі бизнес адал жұмыс істеп, заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, қауіпсіз еңбек ортасын құруға тиіс екенін атап өтті.
Талқылау нәтижелері бойынша аталған түйткілдерді шешу жолдары әзірленді.