Өмірден өткенімен, көңілден көшпейтін адамдар болады. Күні кеше ғана арамыздан кеткен Асық Уәлиұлы ақсақалдың талайлардан жөні де, сөзі де бөлекше еді ғой. Тоқсаннан асқан саналы ғұмырында көргені де, көңілге түйгені де мол көкірегі қазынаға толы батагөй қариямыз болатын.
Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай ой еңбегімен де белсенді айналысып соңынан бірнеше кітаптар қалдырды. Оның қаламынан туған сөз қадірін өз қадірім деп білген халқымыздың кемеңгерлігін аталы сөзге сыйғызған бата беру дәстүрлері туралы ой-толғамдарын, өзінің де әрқилы бата тілектерінің үлгілерін оқуға болады. «Шапырашты Қарасай батырдың ұрпақтары Түктіқұрттың шежіресі», «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді», «Аманат», «Қасиетті ақ бата», «Ақ бата – асыл қазына, қасиетті асыл сөз» деген атауларынан-ақ бұл кітаптардың тақырыбы әралуандығын, кемел шағында өмірдің ыстық-суығында жиған-терген өмір сабақтарын түйіндеп кейінгілерге аманаттауды мұрат тұтқанын көреміз. «Кітап шығару бұрын ардың ісі болса, бүгінде бардың ісі болып кетті, ақшасы барлардың зейнет жасында ерігіп шала-шатпақ өлеңсымақтардан кітап шығарып жүргендері аз ба?» деген дүдәмал ойлардың бұл кісіге еш қатысы жоқ. Бұған дәлел ретінде «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанған қайран Некең — көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының осыдан он жыл бұрын Асық ағаның «Аманат» деген кітабына жазған алғы сөзінде: «Көргені көп, көңілге түйгені көл-көсір, кемел ойлы келісті жандар әр ауылда көп те болмас. Алайда бар. Сол бардың ішіндегі бір ағамыз Асық Уәлиұлы ақсақал. Өлең жазып жүру — оның жан қалауы. Жүрек соғысында, алпыс екі тамырында соның лүпілі мен бүлкілі бар. Мұндай адамдар өзі өмір сүрген ортасында сөйлесе дүлділі, сайраса бұлбұлы. Тойын бастайды, толғауын айтады. Сексеннің сеңгірі деген аз ғұмыр емес. Кейбіреу сексенді айтасыз, алпыс-жетпісінде-ақ айтары таусылып, алжыған құлжадай сандалып қалады. Ал Асекең болса, сол сексеннің сеңгірінде үшінші кітабы – «Аманатты» ұсынып отыр. Толғаныстары мен толғаулары» — деп жазғанын айтсақ та жеткілікті.
Асекеңнің баталары бір-бірін қайталамай, ақынжанды көкірегінен түйдек-түйдегімен суырылып шығатын. Осындай ерек қасиетімен танылған қария бірнеше мәрте аудандық және облыстық батагөйлер байқауына қатысып жүлдегерлер қатарынан көрінген-ді. Мәселен, 2009 жылы «Атадан аманат, ұрпаққа ұлағат» атты облыстық жарыста бірінші орын және «Шежірелі қария» атағы берілді. 2019 жылы өткен «Батамен ел көгерер» республикалық байқауының облыстық іріктеуінде үшінші, ал 2020 жылы екінші орынды иеленді. Ал аудандық байқауларда қашаннан бірінші болды.
Сәлем — сөздің анасы болса, бата — атасы дейміз. Әр таңын ақ тілеулі батамен атырып, сөз мәйегін теріп бірнеше кітап шығарған қарияның тоқсаннан асқан бейнетті де, ғибратты өмір жолының өзі бір кітапқа жүк боларлық еді. Тағдыр оны мына өмірге көзін ашпастан есіркей қоймапты. Ол дүниеге келетін 1932 жылдың қарсаңында сонау Құлтай бабасынан үзілмей келе жатқан орта дәулетті мал-мүлік, жүйрік ат қызыл үкіметтің көзіне түсіп, Уәли де кәмпескеге ілінетін болып малдарының таратқанын таратып, сатқанын сатып, қалғанын айдап қырғыз жеріне өткен-ді. Ол жақта да малы көрінеу талауға түсіп үдере көшіп-қонып жүргенде Шу өзенінің сонау басындағы ну тоғайлы «Орта Токой» деген жерде сәуір айында киіз үйде өмірге келіпті. Есімін жергілікті қырғыздар өз руларының атымен Азык деп қойса да, кейіннен қазақтар Асық атап кеткен. Үш жылдан аса қырғыз арасын мекендеп, ұжымдастыру аяқталып, ашаршылықтан ес жия бастаған кезде елге оралып, бұрынғы қыруар мал атаулыдан қалған бір көк бие мен сиырын беріп жатып Уәли колхозға мүше болып кіреді.
Содан бастап Асық Еңбек ауылының топырағын тобықтан кешіп, тасына табанын тілдіріп балалық шағын өткізеді. Жетіжылдық мектепті бітірген жылы Құрманалы ағасы жетелеп апарып Тоқпақтағы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» техникумына түсіреді. Техникумнан соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына жолдамамен жіберілгенімен, бір жылдан соң Қырғызстанға қайта оралады. Оған себеп «қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» демекші, Алматыда небір өнерпаз, домбырашы, ақынжанды жігіттерімен бірге оқып, жатақханада бірге жатқанда өзінің де бойында бар өлең сөзге ұсталығы оянып, ҚазПИ-дің тіл, әдебиет немесе тарих факультетіне ауысып түсуді ойлай бастайды. Бұны Құрманалы ағасына білдіргенде ол інісінің «осынша жеңілтектігіне» кейіп, бірінші курсты бітірісімен оның құжаттарын алып Фрунзедегі Скрябин атындағы ауылшаруашылығы институтына ауыстырып жібереді. Сөйтіп, Асекеңнің табиғи арман тілегіне тұсау салынып, төрт жылдан соң инженер-механик дипломын алып жолдамамен шалғайдағы Нарын облысынан бірақ шығады. Қырғызстанның әртүрлі шаруашылық құрылымдарында біраз тәжірибе жинаған соң, 1959 жылы ата жұрты Қордайдағы «Колос» колхозына инженер болып оралады.
А.Уәлиұлы 1995 жылы зейнетке шыққаннан кейін қайсыбіреулерше үйдегі пеш түбін күзетіп қалмай, он сегіз жыл бойы Қарасай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кейіннен оған билер кеңесінің төрағалығын қосып қоғамдық қызмет атқарды. Аузы дуалы ақсақал бұл істе де абыройсыз болған жоқ. «Қордай ауданының Құрметті азаматы», «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атанды. Одан бөлек еселі еңбегін бағалаған мемлекеттік медальдары мен төсбелгілері, түрлі аталымды марапаттары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне де барып медалін тағып қайтқан.
Әкесі Уәли мен анасы Күлпаршыннан тараған алты ұл, екі қыз бауырларының ынтымағы жарасып өтті. Баяғыда Құрманалы ағасы өзін жетелеп жүріп оқытқаны тәрізді, іргелі әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналып, Асық та іні-қарындастарын қамқорлығына алды. Әсіресе, кенже інісі Құрманғали Уәли үмітін ақтап үлкен азамат болды, бригадирліктен өсіп кеңшарды басқарды, аудан әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаты да болды. Асекең тағдыр қосқан қосағы Айымкүл екеуі екі ұл, төрт қыз көрсе, олардан немере де, шөбере-шөпшек те сүйді. «Құдай атар таңның ақтығын берсін, батар күннің шаттығын берсін, ел-жұртымыз аман болсын, тыныштық заман болсын!» деп күнде жақсы тілек тілеуден жалықпайтын батагөй қариямыз өткен жылдың соңында тоқсан үш жаста өмірден озды. Алдында он күн бұрын ғана бақилық болған алпыс алты жыл отасқан зайыбы Айымкүл Айтбайқызын қимағандай, бұл пәнидегі сапарларын тұйықтап бақи дүниеге қосағымен бірге аттанып еді. Жандарынан шуақ төгіліп, өмір жолдары өзгелерге сабақ, іргелі әулеттің ағасы, көкірегіне қазына тұнған аузы дуалы қария бола білудің шынайы үлгісіне айналған ағаның бір өлеңінде:
«Жаратқан ұзақ етіп өмір берсе,
Кім қарсы тоқсан, жүзге барғанына.
Сұм ажал аты жүйрік келсе жетіп
Алланың кім көнбейді салғанына» — дегеніндей, өмірде лайықты іздері қалған марқұмдардың қырық күндігіне орай жандары жәннатта, алды пейіш, арты кеніш болсын деймін.
Құрманбек Әлімжан,
Қордай ауданының
Құрметті азаматы