МӘУЛІТЖАННЫҢ МАССАЖЫ

0

Кенен ауылының тұрғыны Мәулітжан Әшімхан массаж жасау арқылы дерттің дауасын тауып, емдеумен айналысады. Оған көбіне жаңа туған нәрестелер мен мүмкіндігі шектеулі балалар келеді. Қолынан келгенінше емдік массаж тәсілі арқылы ем жасайтын маманды жерлестері Мая деп атап кеткен.

Мәулітжан Қытай Халық Рес-публикасында дүниеге келген. Әкесі Әшімхан өз ауылында жұртқа кеңінен танылған емші болған. Соның арқасында ол талай жанды сырқатынан айықтырып алғысына бөленген. Осының бәрін көріп өскен Мәулітжан әкесінің ісін жалғастырады. Ал анасы болса нағыз қолөнердің хас шебері. Анасы қызына бұл өнердің қыр-сырын санасына сіңіріп өсіреді. Жас кезінен әке мен ананың өнеріне қызығып, тәрбиесіне сусынданған Мәулітжан бүгінде соның жемісін көруде. Сол әке жолына деген қызығушылық Мәулітжанды бойжеткенше жетелейді. Содан ол Үрімші қаласына аттанып, онда емдік массаж оқуын оқиды. Бұл істі тез арада меңгеріп алғанын ол қанмен келген қасиетпен байланыстырады. Атамекенге қоныс аударуды армандаған отбасы әуелі Шығыс Қазақстан өңіріне қоныстанады. Ол жерде алған білімін тәжірибеден өткізіп, мықты маманға айналып шыға келеді. Содан 2012 жылы Қордай өңіріне қоныс тартып, Кенен ауылына көшіп келеді. Мұндағы тұрғындар жаңа келген отбасыны жылы қабақ танытып, қонақжайлығымен баурап алғандарын ол еш ұмытпайды. Ауылда ол бар жинаған тәжірибесін шыңдап, жерлестеріне ем жасайды.

— Маған жаңа туған нәрестелерді көп әкеледі. Жаңа туған сәбидің денесін тарқатып, ары-бері аунатып, қан айналымын жақсару үшін массаж жасаймын. Массаж жасаудың маңызы зор, — дейді Мәулітжан Әшімхан. Сондай-ақ, ол нүктелі массаж да жасай алады. Бұл массаждың көмегімен ол көптеген балаларды ауруынан айықтырғанын айта кеткен жөн.

— Қазіргі уақытта бұл саладағы мықты мамандардың көбі қалалық жерде тұрады. Мен өзімді осында керекпін деп ойлаймын. Қала тұрғындары дәрігердің алдына ауруының алдын алу мақсатында барса, ал ауыл тұрғындарының көбі аурулары асқынып кеткенше шыдап жүре береді. Сол себепті ауылда көп тәжірибе жинауға болады, — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде өзінің арнайы адамдарды қабылдайтын бөлмесі бар. Дәл қазіргі уақытта ол бала күтіміне байланысты демалыста болғандықтан әзірге жұмысы тоқтап тұр. Десе де, Мәулітжан бүгінде қолөнерін тоқтатқан емес. Үй бөлмелері өз қолынан жасалған дүниеге толып тұр. Кілемнен бастап сағат, көрпе, орамал бәрі бар. Тек бір айтарлығы ол бұл өнерін кәсіп деп санамай, тек қызығушылық қатары көреді. Ұнатқандарға бұйымдарын сыйға тартады екен. Енді ол шешесінен үйренгенін қыздарына үйретуде. Қыздарының да қолөнерге деген қызығушылығы жоқ емес. Мәулітжан қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол бірнеше мәрте үлгілі отбасы байқауларына қатысып, жүлдегер атанған. Сондай-ақ, оның өлең шығаратын жазба ақындығы да бар. Бұл өнер арқылы көптеген байқауларға қатысып, топ жарған кездері де болған. Өлең жазу мен қолөнерді өзінің сүйікті ісіне балайды. Ал, емдік массаж түрін әкенің қанымен келген қасиет деп есептеп, елге көмектесуді міндеті санайды.

 

М.Қарабаев

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.