ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ ҚОРДАЙЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», деп тапсырма берді. Президент ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу қажеттігін айтып, халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аударуды міндеттеді. Мемлекет басшысы тапсырған тапсырма мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының орталығы Қордай ауылында аудан тұрғындарымен кездесті.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының басты бағыттарын айқындап берген болатын. Бұл – ірі инфрақұрылым жобаларды, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, салық-бюджет саясатын реформалау және инвестиция тарту мәселелері. Бұған қоса, әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау саласында шешілуі тиіс түйіндерге ерекше мән берді.Азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерін шешуді, олармен ұдайы кері байланыс орнатуды міндеттеді. Түптеп келгенде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Өңірдегі барлық әкімдермен осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын боламыз. Арнайы жоспар бекітіліп, тұрақты бақылауға алынатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы облыста экономикалық өсім 104,3 пайызды құраған. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасса, ауыл шаруашылығында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін былтыр 627 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 17-і комбайн, 48-і трактор, 65-і ауыл өзге де шаруашылығы техникасы, 118-і аспалы және тіркеме техникасы және 7 қызылша жинау комбайны алынған. Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8,9 пайызды құраған.

– Жалпы, облысқа өткен жылы 506,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 214 миллиард теңгеге 35 жоба іске асырылып, 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджет және жеке қаражаты есебінен 2 706 пәтерлі 64 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік- осал топтары үшін 23,2 миллиард теңгеге 1671 пәтер сатып алынды. Инфляция деңгейі 107 пайызды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болып қалыптасты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 62,7 мың адам тартылды. Ал, жалпы Қордай ауданында өткен жылдың қорытындысымен инвестициядан басқа салаларда оң динамика қалыптасты. Сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісі 101,1, бөлшек сауда тауар айналымы 104, құрылыс жұмыстары 142,3, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 102,4, ауыл шаруашылығы саласында 104,8 пайыз өсімге қол жеткізілді. Дегенмен, алда маңызды міндеттер бар, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Өз кезегінде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындары алдында көлемді есептік баяндамасын жасап, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы барысындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы баяндамашыға «Инвестициялық жобалар пульты қалыптасқан ба?», деп сұрақ қоя келіп, бұл бағыттағы жұмыс барысын сұрады. Аудан әкімі бұл бағытта 4 ірі жобаның қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын айтты.

Аймақ басшысы Қордай ауданының әкіміне биыл кемі екі кен байыту фабрикасы салынып, жұмыс істеу керектігін, алтын өндірісі жанданып, олардан салыққа екі миллиардтан аса қаржы түсуі керектігін ескертті. Жиын барысында тұрғын үй құрылысы, аудандағы азық-түлік бағамын тұрақтандыру, әлеуметтік сала мен құқық қорғау бойынша да мәселелер жан-жақты қаралып, сараланды.

Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мықтыбек Алтыбайұлы Қордай ауылындағы орталық стадионды заман талабына сай қайта жабдықтауды сұрады. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты, Түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы, көпбалалы ана Камила Дургалова бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде қайта жаңғыртуды қажет ететін музыка мектебі, мұражай, жастар үйі мен кітапханаға уақыт талабымен үндесетін жаңа ғимарат керектігін жеткізді. Бұдан бөлек, ауданда неке қию үйі, Тараз қаласындағыдай этно-мәдени орталықтар отырып бірлесе жұмыс істейтін орталық салу үшін облыстан қаржы бөлуді сұранды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы аудандық аурухана мен емханаға жаңа ғимарат керек екенін айтты. Осыдан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан жолды кеңейту, көпір салу, тағы басқа да мәселелер көтерілді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. «Бүгінгі кездесуде сіздердің тараптан көтерілген ұсыныстардың дені қаржы бөлу мәселесіне келіп тіреліп отыр. Сіздердің ұсыныстарыңызды облыс бюджетін қарау барысында назарға алып, жұмыс істейтін боламыз», – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиыннан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Кездесуден кейін Өңір басшысы «Қордай» бақылау-өткізу бекетінің қызметін тексеріп, цифрлық сервистерді енгізу бойынша жұмыс нәтижелерімен танысты. Автоматтандырылған турникеттер кезекті жоюға және құжаттарды тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Жаңғыртудан кейін бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 1 мыңнан 2,5 мың көлікке және 6 мыңнан 23 000 адамға дейін артты. Аймақ басшысы өткізу бекетінің инфрақұрылымын жақсарту, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды. Ербол Қарашөкеев тұрғын үй саясатын іске асыру барысымен де танысты. Қордай ауылында әлеуметтік осал санаттағы мұқтаж азаматтар үшін барлығы 2,1 млрд. теңгеге 144 пәтер сатып алынды. Ербол Қарашөкеев баспаналарды аралап, тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімі өткен жылы пайдалануға берілген аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратында болды. Ғимарат азаматтарды қабылдауға қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Іс-сапар барысында өңір басшысы құқық бұзушылыққа қарсы күрес, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.