Қандай жұмыс істесең де оған ең әуелі жауапкершілік керек. Төзімділік пен сенімділікті жаныңа серік етпесең істеген ісіңнің олқы тартып кететіні бар. Осы ретте, орталық аурухана шаруашылық бөлімшесінде еңбекқорлығымен көзге түскен еңбек ардагерлерін сөз етпекпіз.
Әрбір еңбек иесі мейлі дәрігер, ұстаз, егінші, аспаз, қара жұмысшы болсын мақтау мен құрметке лайық жандар. Қадірі жоғары, қызметіне адал «ағаш ұстасы» маманы Қадірбек Оспановтың бұл мекемеде еңбек етіп келе жатқанына табаны күректей жиырма жыл болады екен. Ағаш шебері болу үшін кәсіби білім немесе арнайы курстар мен дайындық қажет. Кейіпкеріміз 1988 жылы Бетқайнар ауылындағы училищенің «ағаш шебері» мамандығын аяқтаған. Аталмыш қызметте Қадірбек Мұсаханұлының міндеттеріне ағаш бөлшектерін жасау, ағаш конструкцияларды құрастыру және тұрғызу, беттерді өңдеу, есік пен терезе жақтауларын орнату, жөндеу жұмыстарын орындау кіреді. Бүгінде алпысты алқымдаған ел ағасы өмірлік ұстанымынан айныған емес. Әріптестерінің айтуынша, табиғатында ешкімді алаламайтын, шыншыл, қайырымды, қарапайым, сабырлы да салмақты қалпынан айнымайтын азамат.
«Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста бар. Барлығы төзімділік пен шыдамды-лықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Ағаш бір жерде көгереді. Адам бір жерден өсіп-өну керек», — дейді Қадірбек аға.
Иә, қандай мамандық иесі болмасын, өз ісінің майталманы болу – мақсаты. Орталық аурухана қабырғасында маңдай терімен адал қызмет етіп жүргендердің бірі дәнекерлеу ісінің шебері Виктор Юраков. Маман иесі өзіне жүктелген қызметте алтыншы жыл еңбектеніп келеді. Кейде біз дәнекерлеуші қандай күрделі және жауапты мамандық екенін ойламаймыз. Үй салу, көпір салу немесе көлік жөндеу болсын — барлық жерде осы күрделі, жауапты кәсіптің шебері қажет. Сырттан қарағанда, дәнекерлеушінің жұмысы оңай және қарапайым болып көрінуі мүмкін. Шындығында, бұл мүлдем басқаша.
«Менің мамандығым дәнекерлеуші. Бұл кәсіпті таңдауымның себебі, бала күнімнен металлмен жұмыс істеуге қызығатынмын. 1979-1981 жылдары Павлодар қаласындағы «Қазақ өндірісті техникалық жөн-деу» ұйымында дәнекерлеу ісін оқып үйрендім. Қазір байқаймын, дәнекерлеуші мамандығын жете меңгеріп, осы сала бойынша білім алып жатыр деген жастардың қарасы аз. Негізінде бұл таптырмас кәсіп, мұндай мамандарға сұраныс әр уақытта да бар. Бұл салаға келген адам басында қиналуы мүмкін, кейін қолы мен көзі үйренген соң бәрі жеңілдеп сала береді», — дейді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман», — деген болатын. Табысқа жетудің жалғыз жолы – ерінбей еңбек ету. Осындай еңбек адамдары аман болсын! Елін, жерін сүйген жандар көбейсін!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ