Осыдан отыз бес жыл бұрын – Ұлы Жеңістің 45 жылдығына орай облыстық әскери комиссариат соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сала құлаш тізімдерін жергілікті газеттерде жариялауға ұсынды. Сондай тізім «Қордай шамшырағында» да 1990 жыл бойы жарияланған болатын. Өйткені, соғыста қолына қару алған он бір мыңнан аса қордайлықтардың, туған табалдырығына қайта оралмаған төрт мыңдайының деректерін түгел жариялау алақандай газет үшін аз салмақ емес-ті. Сол тізімдер Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға ескерткіш ретінде облыстық «Боздақтар» көптомдығына да енгізілген-ді. Ал, «қаза тапты» деген қара қағазы келіп, елінде ас-суы беріліп қойылғандардың кейіннен тірі болып шыққан жағдайлары ше?!
Сол тоқсаныншы жылдардың басында жарияланған тізімге назар салмағандар кемде-кем еді. Сұрапыл соғыста жақын адамдарын жоғалтқандар қаншама? Әркім тізімнен өз адамын іздейді. Қордайлық Әлімжан Әбдірайымов та сол газетті қолына алып, байыппен көз салып отырған. Іздейтіні өзінен бір жыл бұрын майданға аттанып, Курск иініндегі алапат шайқаста қаза тапқан ағасы Сұлтаналының, басқа да таныс-бейтаныс жерлестерінің есімдері. Ағасының аты-жөні алфавит ретімен тез-ақ табылды. Көз алдына оны майданға шығарып салған кез келді. Соғыс басталысымен күнара елден майданға кетіп жатқан ер-азаматтарда есеп жоқ. Бұлар тұратын Кеңес (бүгінде Өтеген) ауылынан да талайлар аттанды. Кезек ағасына да келген. Сол тұста жасы қырықтан асқан Сұлтаналыны әйелі Нұрқия, үш жасар ұлы Әлімғали, інісі Әлімжан, туыстары болып шығарып салған. Сонда ағасы он жетіден жаңа асқан мұның басынан сипап тұрып:
— Әлімжан, кішкентай ініңе бас-көз бол, мен әлі-ақ жеңіспен ораламын, – дегені құлағында қалып қойыпты.
Ол кезде Әлімжан Фрунзедегі педучилищенің екінші курсында оқитын. Жасы он сегізден асқан курстастары майданға аттанып, жасы жетпегендерді соғысқа кеткен мұғалімдердің орнына тұс-тұсқа бытыратып жіберген. Әлімжан Сортөбе мектебіне келіп жұмыс істеп жүрген. 1942 жылы туған ауылындағы мектепке ауысып жатқан еді. Күзде әскер жасына толып, көп ұзамай бұған да шақыру қағазы келді. Сөйтіп, майданды көздеп кете барған-ды.
«Қырық жыл қырғында ажалды өледі», жарық дүниеде татар дәмі таусылмаған екен. Соғыстың талай сұмдығын көзімен көріп, қолымен ұстай жүріп мүгедек болып туған жерге де табаны тиді. Ал ағасы содан оралмады. Шүкір, жасын ұрған еменнің аман қалған бір бұтағындай болып сондағы үш жасар Әлімғали да өсіп жетілді. «Әкем ертең келеді» деп елеңдеумен өсті ғой ол, кейін колхозда шофер болып еңбекке араласты. Үбірлі-шүбірлі болды.
Қарт жауынгер газетті қайта қолына алған, ондағы қаралы тізімге қайта көз жүгірткен. Кенет… Иә, кенет ағасынан соң бес адамның аты-жөнін оқып, алтыншысына үңіліп еді, одан өзінің де аты-жөні шыға келгені. О тоба, өз көзіне өзі сенбеді, қайтадан оқыды:
«Әбдірайымов Әлімжан, қатардағы жауынгер, 1924 ж. «Кеңес клх-да туған. Қазақ. Колхозшы. Әскерге Қордай аудандық әскери ком-да шықырылған. 462 АД 826 АП құрамында соғысты. 1944 ж. 7 ақпанда майданда қаза тапты. Днепропетровск обл. Апостолов ауд. М.Воронцово с-ның оңтүстік-батысында 2 ш. жердегі 98,4 биіктігінде жерленді», – деген жолдар көз алдында сағымдай бұлдырап, құлағы шыңылдап жүре берген. Өз-өзіне келе алмай, біраз отырып барып есін жиды. Дауыстап көрші бөлмеден әйелі Зайраны шақырсын. Тосын дауысқа немерелері келсін. Бәрі кезек-кезек газетке көз салып қайран қалысты. Шашы бурыл тартып, жасы алпыстан асып қарсы алдында отырған мынау аталары осыдан қырық алты жыл бұрын майданда өліп, жат жердің топырағын жамылып қалған дегенді қай қисынға жатқызарын білмей дал. Олар түгілі бұл сәтте қарттың өзі де шым-шытырық ойлар шырмауында қалған еді. «Жерленген» жеріне дейін нақпа-нақ бұл деректер қайдан жүр екен?
Майдангер айран-асыр күйде өзінің жорық жолдарымен ойша сапарлап, қаза тапқан мерзімі 1944 жылдың 7 ақпаны дегенге назар аударды. Гәп осында болуы тиіс. Ақыры бәрін түсінді. Иә, иә сол қақаған қыс ортасы, сол азапты күндер екен-ау. Досың түгілі қасыңның басына бермесін ондай күндерді.
…Әскерге 1942 жылы алынғанымен соғысқа бір жарым жыл өте, 1943 жылдың аяғында кірген еді. Оған дейін жаңа шақырылғандарды Фрунзедегі әскери училищеде оқытып, Красноярскде тағы бес-алты ай дайындықтан өткізді. Ленинград қоршауға алынған айларда сол маңда топтастырылған әскерлер сапында болды. Ақыры Украина жерінде 4-гвардиялық дивизияның 8-полкінде танкіге қарсы оқ ататын есептоптың командирі ретінде алғы шепке де шыққан. Жақыннан жарылған бомбаны да, қасындағы қаруласының әп-сәтте оққа ұшқанын да күнде көріп, жауға деген кек жүрегінде шемен болып беки түсті. Соғыстың қатыгез аласапыранын айтуға тіл жетпес, өмір дегенің ұстараның жүзінде, найзаның ұшында.
Майданға кірген сол алғашқы айда соғыстың ойранына үсті-үстіне төпелеген қарлы жаңбыр қосылып құтты қашырды. Мидай езілген жер беті аяқ алып жүргісіз. Су сіңіп, балшық қатып ауырлаған шинелдерінің етегін айналдыра кесіп тастауға тура келген. Оқ-дәрімен, азық-түлікпен жабдықтаудағы кідірістер өз алдына. Бұлар күні-түні сыз окоптарды паналай жүріп, әр оқты санап атып жаумен жанкешті ұрыс салады. «Арттан қосымша күш келеді, сендерді алмастырады» деумен айдан астам уақыт өтті. Жәрдем кешеуілдей берді, қаруластарының да қатары селдірей түсті. Әйткенмен, бір адым шегіну – сатқындық, өлсең өл, бірақ жауға берілме.
Өстіп итшілеумен ақпанның алтыншы жұлдызының таңы да бозарып атқан еді. Бұлар түні бойы жан алысып, жан беріскен алапат ұрыспен Макеевка селосын жаудан босатқан болатын. Онымен де қоймай тықсыра отырып айра-жайрасы шыққан егіс алқабынан асыра бір жарым шақырым жерге қуып тастаған. Өздері жаңадан шеп құрып, ПТР-ларын оңтайлап орнықтырып алысқан. Жаудың да сілесі әбден-ақ қатса керек, үн-түнсіз жатыр. Тағы да еңсені езер тұманды сұрқай күн басталып келе жатты.
Бұлармен көрші есептоптың командирі Өмірәлиев деген қырғыз еді. Әлімжан екеуі үнемі жақын жүріп, ел әңгімелерінен бөлісіп отыратын. Жасы қырықтан асқан сақа кісі. Бір кезде ол қасына шақырып:
— Әлімжан, анау белестің астында немістің бір бөлімше солдаты жатыр. Кел екеуміз еңбектеп барып ту сыртынан атаңа нәлеттердің сазайын берейік. Бұл соғыстан тірі қалуымыз екіталай, өлсек жастығымызды ала жығылайық. Өлмесек иттерді қыңсылатып осында айдап әкелейік, – деді. Айдан аса аштық қысып, су мен ызғар еттен өтіп сүйекке жеткен, соғыстың кесепаты әбден титықтатқан Әлімжан сөзге келмеді. Екеуі жолдастарын қалдырып, винтовкаларын иығына іліп еңбектей жөнеледі. Әне-міне дегенше жау бекінген окоптың ернеуіне таялса, бес-алты неміс қалғып-мүлгіп отыр екен. Бұлар орындарынан атып тұрып ойранды салды дерсің. Қапелімде не болғанын аңғарып үлгермеген жауыздардың екеуін мылтық дүмімен бастан ұрып құлатқаны есінде. Өмірәлиев те мылтығын қос қолдап оңды-солды сілтеп-ақ жатты. Немістер оқ шығарып үлгермеді, тірі қалғаны жандәрмен бұлармен жағаласа кетіпті. Бір мезет бетінен қатты соққы тигенін білді, одан әрі ештеңе есінде жоқ… Түпсіз, дыбыссыз бір тылсым дүние өзіне тартып бара жатқандай…
Есін жиса госпитальдың ақ жаймалы төсегінде жатыр екен. Аяғы таңулы. Бет аузында тамтық жоқ. Бірер тістері опырылып түскен, оң көзі суырып шыдатпай ауырады. Сонда барып немістермен болған қоян-қолтық ұрыс есіне түседі. Өмірәлиев қайда, тірі ме? Өзін мұнда кім әкелді? Бәрі жұмбақ. Госпитальдағылар да жарытып ештеңе айта алмайды. Бар білетіндері ес-түссіз күйде әкелінгеніне бір айдай болған. Яғни, ақпанның 7-нен наурызға дейін өлі мен тірінің арасында жатқаны ғой…
Әлекең осынау эпизодты ойлаған сайын жаны түршігетін. Сол күндерді басынан қайта өткергендей қиналатын. Өліп-тірілген деген осындай-ақ болар. Газеттегі қара тізімге ілігіп жүргені осыдан екені хақ. «Өлмегенге өлі балық» деген деген ғой, ұзақ емделіп жарақатынан айыққан соң қайтадан жауынгерлік сапқа тұрды. Енді мүлдем басқа майданда – 810-шы атқыштар полкінің құрамында Одесса аймағында соғысты. Бұдан әрі Кривой рогты жаудан тазартуға, Бессарабияны, Будапешті азат етуге қатысты. Тағы екі мәрте жаралы болып, соғысты Австрия жерінде аяқтады. «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Соңғы рет ауыр жараланғанда ұзақ емделіп, 1945 жылдың қазан айында екінші топтағы мүгедек болып елге оралған екен.
Мен білетін осылай «өліп-тірілген» тағы бір адам қаракемерлік Хамза Демеуов еді. Ол 1943 жылы көктемде жасы он сегізге толып соғысқа аттанды. Үшінші Прибалтика майданында Новгородты азат етуге қатысты. 311-ші дивизияның 1071 атқыштар полкінде жеке шаңғышылар батальонында автоматшы болды. 1944 жылдың аяғында кезекті шабуылға көтерілді. Алексей Лещенко деген жауынгер екеуінде бір қол пулеметі. 8-ші ақпанда немістердің екі қарсы шабуылын тойтарады. Бір кезде Хамза қолынан жеңіл жараланады. Лещенкоға да оқ тиіп ол кейін қайтады. Сол уақытта шабуылға көтерілуге бұйрық беріледі. Оқ-дәрі болса азайып, арттан әлі жеткізілмеген еді. Хамза пулеметті бар оқпен оқтап алып сау қолымен сүйрете алға ентелейді. Сидоров деген майор көмекке келіп:
— Шыда солдат, мына құзғындардың тұмсығын бұзайық, қолыңды сосын емдетерсің, – деп жігер берді. Хамза болса пулеметті оңтайлап қойып фрицтерге қарай оқты қарша боратады. Бір кезде сол аяғының басы тыз ете қалғанын сезеді. Ет қызуымен алғаш елемеген еді, әлден уақытта шыбын жанын көзіне көрсетеді. Бір қолы көтертпей ол барады. Әйтсе де тістеніп алып пулеметін сақылдатып қараң-құраң еткен жауды көздеп ата берді, ата берді. Өліспей беріспек емес. Одан әрі есі кіресілі-шығасылы күйде майдан даласында ұзақ жатып қалыпты. Тек, госпиталь төсегінде ес жияды. Екінші топтағы мүгедек болып 1944 жылы тамыз айында елге қайтады.
Хамзаның қаза тапқаны туралы қаралы қағазды үйдегілер сол ақпан айында-ақ алыпты. Бес айдан соң балдаққа сүйеніп өзі келгенде туыстары әлгіні қолына ұстатыпты. Жаман ырымға балап оны өзі жыртып тастапты. Ол кезде жыртып тастағанымен, одан қырық бес жыл өткеннен кейін газетте және «Боздақтар» естелік кітабында жарияланған әлгі тізімге еніп кеткенін қараңыз:
«Демеев Хамза, қатардағы жауынгер, 1925 ж. Молотов атындағы клх-да туған. Қазақ Колхозшы. Әскерге Қордай аудандық әскери ком-да шақырылған. 1944 ж. 9 ақпанда майданда қаза тапты. Ленинград обл. Батецк ауд. БолУгроды д-ның оңтүстігінде 500 метр жерде жерленді».
Өлді деген адам тірі жүрсе ғұмыры ұзақ болады дейді емес пе. Бұл екі майдангер де соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі болған. Әлімжан Әбдірайымов мүгедекпін деп мойымай Алматы пединститутының тарих факультетін бітіріп, ұзақ жылдар халық ағарту саласында жемісті еңбек етті. Кеңес сегізжылдық, Черная речка он бір жылдық, аудандық сырттай оқытатын орта мектептерде ширек ғасыр директорлық қызметтер атқарды. Черная речка селолық советінің төрағасы, аудандық оқу бөлімі методикалық кабинетінің меңгерушісі де болды. Зайыбы Зайра Бұтабаева да ұстаз болатын. Олардың алты ұл-қызынан тараған немере-шөбере, шөпшектері бұл күнде бір қауым елге айналған.
Ал, Хамза Демеуов болса алдымен ветфельдшер мамандығын меңгерді. 1957 жылы Фрунзедегі Скрябин атындағы ауылшаруашылығы институттың агрофагін бітіріп, 1986 жылы зейнетке шыққанға дейін Чапаев атындағы колхозда агроном болды. Ол кісіні жерлестері дәрілік шөптермен емдеу тәжірибелері арқылы да білетін. Хамзаның да әрқайсысы бір-бір отауға айналған үш ұл, бір қызынан тараған ұрпағы баршылық.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай есімдерін еске алуға лайықты ағалар еді олар.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист
Суреттерде: Әлімжан Әбдірайымов майданда және 1990 жылы Хамза Демеуов.