БІТІМГЕРШІЛІК – МЕДИАЦИЯНЫҢ МӘНІСІ

0

Сынаптай сусып өтіп жатқан зымыран заманымызда халықтың да құқықтық сауаты арта түсіп, түйінді мәселелерін сотқа жүгіну арқылы шешуге дағдыланып алды. Әрине, бұл бір жағынан құптарлық болса, екінші жағынан болымсыз дауға бола қит етсе сотқа жүгініп, қаралатын істер санын көбейте түсуге әкеп соғуда.

Алайда, өмір болғаннан кейін адамдар арасында бір бірімен келіспеушілік туып, ақыры араздық тудырып жататын жайлар кездесетіні ақиқат. «Ашу дұшпан ақыл дос», дегендей сондай сәттерде жеті рет өлшеп бір кесетіндей кесім айтатын әрі ағайындар дауласқан екі тарапты райынан қайтарып, татуластырып жіберетін кездері де аз емес. Алайда, екі тарап та алған бетінен қайтпай, әрқайсысы өзімдікі дұрыс деп, бетбақтырмай істі сотқа беруге бел буған жағдайда бүгінгі таңда соттың өзі де дауласқан екі тарапты бітімгершілікке шақырып, медиациялық жолмен дауды шешуге әрекет жасап жатады. Өйткені, қазіргі қолданыстағы Азаматтық процестік кодексте дауды бітімгершілік жолмен шешуге баса назар аударылған. Сондықтан тараптарды судья алдын ала дайындық кезінде араларындағы туындаған дауды бітімгершілік жолмен, яғни медиациялық тәсілмен шешуге болама ма, жоқ па соны анықтайды, қажет болған жағдайда тараптарға осы мәселені шешу үшін уақыт береді. Ол өз нәтижесін де беріп жатыр. Сот процестерінің медиациялық келісімге келіп, аяқталып жатқан үлесі де күн санап арта түсуде.

Қазіргі заманда соттасу көп уақытты, қомақты қаражатты қажет етіп, адамдардың жүйкесін тоздырып,  төзімділігін тауысатын жағдайға әкеп соқтырып жататыны құпия емес. Осындай келеңсіз жағдайларға түспеу жолы — дауды медиация жолымен сотқа жеткізбей шешу, медиация заңының қолданылу аясын арттыру. Бітімгершілік — дауды шешудің озық әдісі болып табылады. Ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады. Дегенмен, медиацияның не екенін әлі күнге дейін түсіне бермейтіндер де жоқ емес. Сондықтан, кейінгі кезде айтылуы да, жазылуы да аз болмай жүрген медиация тәсілі туралы оқырмандарға тағы да құлаққағыс етсек артық болмас.

Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың, дауласушылық деңгейін төмендету. Осы орайда сот әділдігін іске асырған қазақ билерінің ел ішіндегі дау-дамайды ұшықтырмай, іштей келісімге келтіртіп, шешіп отырғанын атап өту керек. Бір сөзбен айтқанда, басты мақсаты мәмілеге шақыру болып табылатын медиация қазаққа жат ұғым емес. 4 тарау, 28 баптан тұратын «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Еліміздегі медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайтын заң қолданысқа енгізілген.

Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиатордың судьядан айырмашылығы – медиатор жанжалға қатысушылармен болатын келіссөздерге белсенді қатыса алады, ал судья мұны жасай алмайды, ол араласпаушылық принципін ұстануға міндетті. Медиацияға бар болғаны 30 күн уақыт беріледі, ал соттар айларға, тіпті жылдарға созылады.

М.ОМАРОВА, Қордай аудандық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.