Қордай ауданы оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен, солтүстігінде Мойынқұм ауданымен, шығысында Алматы облысымен, батысында Жамбыл облысының басқа аудандарымен шектеседі. Ауданның жалпы жер көлемі шамамен 9,3 мың шаршы шақырымды құрайды, бұл үлкен аумақ екенін білдіреді. Оңтүстігінде Қаракемер, Керу, Қарасай ауылдары орталықтан 100 шақырым жерде орналасса, солтүстігіне жету үшін екі жүз шақырымдай жол жүру қажет. Жақында сол ауданның солтүстік бөлігіне ат басын бұрып, таулы аймақтағы ағайынмен жолығудың сәті түсті.
Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі аудандық ветеринарлық қызмет өкілдерімен бірлесе отырып, Отар ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарын аралады. Отардан өтіп, Гвардейский қалашығын кесіп өткен мамандар Мәтібұлақ полигоны аумағынан тікелей жол салып, одан әрі тау бөктерлерімен қиғаштай жүретін жалғыз аяқ жолмен жүрді. Негізгі бағыт – Райсай. Бұл аймақ табиғи сұлулығымен ерекшеленеді. Тау аумағында ерекше флора мен фауна кездеседі. Райсай тауы шопандар үшін қолайлы мекен. Кең жайылымдары мал шаруашылығымен айналысатындар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл аймақ бұрыннан малшылардың негізгі қонысы болып келген. Кезінде ауданның негізгі қыстағы, тіпті Жамбыл облысындағы аудандар мен Қырғыз елінің малшылары үшін қыстау болған жер бүгінде жеке шаруашылықтардың жұмысын жандандырып, әсіресе мал ұстау үшін таптырмас орынға айналып отыр.
Жол барысында сапардың мақсаты туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановты сөзге тарттық.
«Жамбыл облысында биыл ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстары басталуда. Өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Сиыр, ешкі, қой, түйе сияқты малдар мемлекет есебінен тегін бірдейлендіру жалғаспақ. Жылқыларды чиптеу иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұрын бұл қызметтің құны 1 200 теңгені құраған. Бүгінде баға біршама төмендеді. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шаруалар таңбалаудың электрондық тәсілін қолдады. Яғни, чиптеу жұмыстары жүруде. Чиптердің арқасында біз енді малдың барлық мәліметтерін біліп, жылқылардың қозғалысын да бақылауға болады», — дейді Ғалымжан Жарылқасымұлы.
Жүрдек көлік бөктерлерден жөңкіле асып, қыраттардан қиғаштай өтіп, Қордайдан шыққанымызға екі сағаттай уақыт өткенде алыстан Райсай мекені көріне бастады. Бұл жерде қазір «Ұлы дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасқан. Атақты Мұғалжар тұқымдас жылқыларын өсірумен айналысатын серіктестік бүгінде жақсы жетістіктерге жетіп отыр.
Барған бойда ветеринар мамандар жылқыларды чиптеу жұмыстарын бастап кетті. Жануарлардың тамырына арнайы сұйықтық жіберілетінін, оның ешқандай қауіп төндірмейтінін айтуда мамандар.
Жылқыларды чиптеу – жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмектеседі және мал ұрлығының алдын алудың тиімді шарасы екен. Ең алдымен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет, мал басының есебін жүргізуге және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын мақсатты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл процедура малда болуы мүмкін ауруларды ерте анықтауға, жоғары сапалы өнім алуға ықпал етеді. Сондай-ақ, әр жануарды бақылауға, ветеринариялық көмекті дер кезінде көрсетуге, мал ауруларының алдын алуға, диагностикалау шараларын жоспарлауға және жүзеге асыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге мал өлген жағдайда, заң аясында ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өтемақы алу мүмкіндігіне ие болады екен. Жалпы айтқанда мал иелері үшін пайдасы ұшан-теңіз.
Осы орайда біз аялдаған «Ұлы дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы да айтып өтсек. Ауданның солтүстігіндегі саялы мекенді таңдағандарына бес жылдың жүзі болыпты. Қазіргі жұмыс қарқыны да жаман емес.
«Біз жыл сайын, әсіресе, жылқы малын чиптеу жұмысын белсенді жүргізіп келеміз. Бұл бағытта ауданның ветеринария қызметі үлкен көмек көрсетіп отыр. Қазіргі таңда қолымызда 600-ге жуық Мұғалжар тұқымдас жылқы бар, 600 бас қой өсіріп отырмыз. Сонымен қатар, жер шаруашылығымен де айналысамыз. Былтыр екі жаңа трактор сатып алдық. Комбайнымыз да бар. Жалпы айтқанда, жұмыс жүргізуге барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау да жақсы. Тек еңбек ету керек», — дейді «Ұлы дала» ЖШС басшысы Бақытбек Сыбанбаев.
«Бүгін аталмыш серіктестікке келіп, биылғы жылқы төліне, яғни 56 басқа чиптеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отыратын болады. Талдау шарасының артықшылықтары өте көп. Осыған байланысты барлық мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарды чиптеу шарасына белсенді қатысуға шақырамын», — дейді Отар ауылдық ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Жалғас Қуандық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары ауданда жалғасатын болады. Ол үшін материалдық-техникалық база, қажетті дәрі-дәрмек те жеткілікті. Ең бастысы, шаруалар тарапынан қолдау қажет.
Жандос ОМАРОВ