«Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқан қауымы көктемгі дала жұмыстарына қазір мықтап кіріскен шақ. Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған шаруа «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласқан. Сондықтан биылғы жылы да ауданның еңбеккерлері барын салуда. Жылдағы дәстүрлі дәнді дақылдармен қатар жемістің жаңа түрлеріне де ден қойылып жатқанын айта кеткен жөн болар.
Осы күндері Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Благовещенка» ЖШС өнеркәсіптік ауқымда құлпынайдың «Альбион» сұрыпын отырғызуды қолға алған. Құлпынайдың бұл ерекше сұрыпының жидектері қатты, тәтті және хош иісті болып келеді екен. Жинағаннан кейін тауарлық түрін жоғалтпай, саудаға шығаруға өте ыңғайлы. Мемлекет тарапынан шаруашылыққа құлпынайды өсіруге 50% субсидия ретінде қолдау көрсетілуде.
— Мемлекеттен көп көмек алып жатырмыз, осының арқасында мол өнім алуға барлық жағдай жасалған. Құлпынай өсіру табысы мол іс, ол жыл сайын өнім береді. Ең бастысы барлық технологияны мұқият сақтаған жөн, — дейді «Благовещенка» ЖШС басшысы Өмірәлі Варшакидзе.
Бүгінде шаруашылық бұл бағытта жұмыстарын жандандырып, озат технологияларды енгізіп, жеміс-жидектік және көкөніс кластерін дамыту үстінде екен. Құлпынай көшеттері былтыр 10 гектар жерге отырғызылып, одан 5-6 тонна өнім алыныпты.
Қазіргі серіктестік 300 мың көшет сатып алған. Өмірәлі Варшакидзенің айтуынша, жоба түгел іске асқан жағдайда жылына 200-300 тонна өнімге қол жеткізуге болады.
Ішкі нарықты жергілікті өніммен толтырғаннан кейін сұраныс пайда болған жағдайда экспорт мәселесі де қаралатын болады.
«Благовещенка» ЖШС құлпынаймен қатар тамшылатып суғарылатын 20 гектар жерге пияз, 20 гектарға әр түрлі көкөністер егіпті. 700 гектар бидай, 400 гектар арпа, 300 гектар жүгері, 800 гектар көпжылдық шөптер тағы бар.
Қазіргі таңда бұл серіктестік жаңа технологияларды енгізіп, егін шаруашылығында тұрақты нәтиже көрсететін ауылшаруашылық кәсіпорындардың бірі саналады. Мемлекеттік көмектің арқасында техникаларын да жаңартып отырады.