АГРАРШЫЛАРДЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

0

Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл – ерекше жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Қоғамда еңбекқор адам идеясын насихаттап, жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде ең алдымен осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын оқу орындары еске түседі. Солардың бірі, Ноғайбай елдімекеніндегі жетпіс жылға жуық тарихы бар Қордай ауылшаруашылық колледжі.

Қордай ауылшаруашылық колледжі 1957 жылы Қазақ ССР министрлігі кеңесінің қаулысымен ұйымдастырылды. Оқу орны алғаш рет «Орман шаруашылығы мен ауылшаруашылық механизация» техникумы деп аталған. Кейін мекеме қайта ұйымдастырылып, Қазақ ССР-нің министрлік кеңесінің қаулысымен, 1964 жылы 24 тамызда №597 бұйрығы және Ауылшаруашылығы министрлігінің №123 бұйрығымен «Красногор совхоз-техникумы» деп аталды. 1984 жылы 12 мамырдан 1995 жылға дейін «Кенен Әзірбаев атындағы Красногор совхоз-техникумы», 1995 жылдан бүгінгі күнге дейін «Қордай ауылшаруашылық колледжі» деп аталады. Түлектерімен мерейленетін оқу орны жастарға жан-жақты мамандық және білім мен тәрбие беріп келе жатқанына жетпіс жыл уақыт аралығын қамтиды. Осы жылдар ішінде білім ордасы кәсіптік білім беріп, уақыт ағымына қабілетті мамандар дайындап шығаратын қара шаңыраққа айналды. 1995 жылдан бастап орта буын мамандар даярлайтын оқу орны болып құрылғаннан кейін жауапкершілік те, міндет те артты. Аталған оқу орнында 2017 жылдан бері Кенжебеков Дәурен Уәлиұлы директор қызметін атқаруда. Бүгінде колледж ауылшаруашылық саласына қажетті 6 мамандық бойынша кадрлар дайындайды. Олар: «Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары», «Зоотехния», «Мал дәрігері», «Агроном», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру». «Біздің колледж аудандағы оқу орындары арасында жұмысшы мамандарды оқытып шығаратын бірден-бір кәсіптік білім ордасы. 2024-2025 оқу жылында 119 білімгер оқуын аяқтаса, 94-і мамандығына сай тұрақты жұмыспен қамтылды.  Бүгінде 531 студент білім алып жатыр, оның 477-сі мемлекеттік тапсырыспен оқуда. Бірінші курсқа қабылданған студенттер – негізінен, тоғызыншы сынып түлектері. Колледждегі оқу үдерісін тәжірибелі 48 педагог жүзеге асырады, соның ішінде басшы менеджер, басшының орынбасары, 11-педагог модератор, 1-зерттеуші, 5-магистр, 7-өндірістік оқыту шебері. Сонымен қатар педагог-зерттеушілер сабақ береді. Колледж кәсіпорны студенттерге тәжірибе жинақтауға және зертханалық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін «Жануарлар анатомиясы және физиологиясы», «Техникаға қызмет көрсету және жөндеу», «Жолда жүру ережесі», «Мал шаруашылығына арналған құрал-жабдықтар», «Хирургия» деп аталатын арнайы кабинеттермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 350-орындық жатақхана ғимаратымен қамтылған», — дейді директордың өндірісте оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жанна Көпбаева.

Қазіргі таңда оқу орны кәсіптік білім беруді жетілдіру және тәжірибелік ортаны қалыптастыру мақсатында бірнеше әлеуметтік серіктестермен, шаруашылықтармен шарт жасасты. Сол негізде жұмыс берушілермен бірлесіп шаралар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Дуальды білім беру жүйесі енгізілді. Атап айтар болсақ, 2024-2025 оқу жылындағы   мамандарға қажеттілікті анықтау мақсатында аудандағы     ірі, кіші кәсіпорындар «Ноғайбай-Kazaxim» ЖШС, «Korcem» ЖШС, «Жазира» ШҚ, «Даму» ШҚ, «Дауренай» ШҚ, «Yrgaiti» ШҚ, «Eco-Chiken» АӨК, «Өрікті» ЖШС тағы басқа әлеуметтік серіктестермен екіжақты жұмыстар жүргізуде. Серіктес кәсіпорындармен бірлескен жұмыстарды нығайту арқылы студенттер нақты өндірістік процестерге қатысады. Бұл олардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Бәрін айт та, бірін айт аталмыш колледж Беларус мемлекетінің «Смиловичский атындағы Беларус мемлекеттік аграрлық колледжі», Түркістан облысы білім басқармасының «Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі», Алматы облыстық білім басқармасына қарасты «Талғар агробизнес және менеджмент колледжі», «Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжі», «Талдықорған агро-техникалық колледжі» сынды әлеуеті жоғары колледждермен тиімді ынтымақтастық орнату мақсатында Меморандум жасасты. Осы Меморандум шеңберінде білім сапасын қамтамасыз ету, заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру қолға алынбақ.

Колледждің былтырғы жеткен жетістіктері де аз емес. Айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Педагогтар Қоғамының  ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог-2024» республикалық байқауында – «Үздік-педагог» номинациясын, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен «Жас ғалым» облыстық ғылыми жобалар байқауында – ІІ дәрежелі диплом, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының  педагогтері  арасындағы  ауылшаруашылығы саласы бойынша облыстық кәсіби шеберлік байқауында – ІІ дәрежелі диплом, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылыми және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына орай арналған «Ғасыр Жасаған ұйым мақалалар байқауында жүлделі орынды иеленген.

Заман көшіне ілесе жүріп, мамандықты меңгеріп, оны кәдеге жарату, білімді де білікті ұрпақтың міндеті. Ауылшаруашылық колледжінің түлектерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп, үлкен өмірге қанаттандыруда еңбегі орасан. Мұндағы студенттердің барлығы ертең ел игілігі жолында еңбек етері анық.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.