ҚОНЫС ТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

0

Былтырдан бері облыс бойынша қолға алынған «Асар» жобасы мұқтаж жандарды баспанамен қамту мәселесін біртіндеп шешіп келе жатқаны қуантады. Ауыл тұрғындарын бір-біріне жақындататын, бауырмашылық сезімін оятатын осы керемет дәстүрдің арқасында осыған дейін ауданда төрт үй берілсе, бесіншісі Масаншы ауылында сыйға тартылды.

20 жыл бойы баспанасыз, жалдамалы пәтерде, ал соңғы жылдары мешітте тұрған масаншылық Идрис Санхур 10 сәуір күні баспаналы болды. Тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болған жанның асқақ арманының орындалуына игі іс-шараны бастап берген Ф.Сеитова басқаратын «Дүнгендердің халықаралық қауымдастығы» ұйытқы болды. Сонымен қатар, сауапты іске бүкіл жұрт болып ақша жинады. Осылайша, 4 млн. теңгеге жуық қаражатқа ел болып жаңа үйдің құрылысын бастаған. 15 сотық жерде бой көтерген үйде енді Идрис Санхур анасы Сапаргүл екеуі тұратын болды.

Қуаныш иелерін құттықтау үшін аудан және ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, ауыл ақсақалдары, дін өкілдері, туыс-жақындары жиналды.  Көпшіліктің құттықтау сөздерінен кейін Идрис Санхурға салтанатты түрде үйдің кілті ұсынылды.

Айта кету керек бұл Масаншы ауылында «Асарлатып» тұрғызылған алғашқы баспана. Игілі іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, сауапты іс жалғасын табатын болады. Салтанатты жиында кең дастархан жайылып, осы іске атсалысқан әр азаматқа үлкен алғыс айтылды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.