Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, басқосудың тарихи мән-маңызына айрықша тоқталды.
«Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр.
«Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды», — деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгенін атап өтті.
«Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды», — деді Президент.
— Өкінішке қарай, дүниежүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, Ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келеді. Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келе жатқанын баса айтты.
Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді. Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.
— Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл — біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл — киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл — өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өсетінін еске салды.
Толық текст Akorda.kz сайтында